ҚАЛАУ МА, ТАҢДАУ МА?
Біреу жақсы оқу үшін талпынады. Екіншісі жоғары жалақысы бар жұмысқа орналасуды мақсат етеді. Үшіншісі үй алып, көлік мінуді, мансапта өсуді армандайды. Қоғамда мұның бәрі жетістікке жетудің қалыпты жолы ретінде қабылданады. Бірақ соңғы жылдары Қытайда жастардың бір бөлігі осы қалыптасқан түсініктерге өзгеше қарай бастады. Олар үздіксіз бәсекеге түсіп, үнемі көбірек жұмыс істеу мен көбірек табыс табуға ұмтылудың орнына қарапайым өмірді таңдауға бейім. Бұл құбылыс қытай тіліндегі «жатып алу» деген мағынаны білдіретін атаумен белгілі. Бұл сөзді тура мағынасында түсінуге болмайды. «Жатып алу» деген – төрт қабырғаға қамалып, мүлде жұмыс істемеу емес. Көбіне бұл қоғамдағы шектен тыс бәсекеге, үздіксіз еңбек етуге және қалыптасқан «жетістікке жету керек» деген талаптарға сын көзбен қарап, яғни кей жастар үшін өмірдің мақсаты тек қызметте өсу, қымбат дүниелерге қол жеткізу немесе барынша көп ақша жинау емес, өзі үшін қарапайым өмір сүру болуы мүмкін.
Қытай экономикасының қарқынды өсуімен бірге білім мен еңбек нарығындағы бәсеке де күшейді. Жақсы университетке түсу, беделді мамандық таңдау, ірі компанияға орналасу, жоғары жалақы алу – мұның бәрі жастардың алдында тұрған маңызды мақсаттарға айналды. Алайда мүмкіндіктер көбейген сайын бәсекелестер де көбейді. Университет бітірушілерінің саны артып, еңбек нарығында өз орнын табу бәріне бірдей оңай бола бермейді. Мұндай ортада «тағы да көбірек еңбек етуім керек» деген ұстанымның өзі кей жастарға ауырлық әкелуі мүмкін. Бір адам жұмыс уақытын ұзартады, екіншісі одан да ұзақ жұмыс істеуге тырысады. Бірі қосымша курсқа барса, екіншісі тағы бір сертификат алуға ұмтылады. Осылайша адамның өз мүмкіндігін арттыруға бағытталған әрекеті бірте-бірте бітпейтін жарысқа айналады.
Қытай қоғамында осы жағдайды сипаттайтын тағы бір ұғым бар. Ол – «инволюция». Бұл адамдардың бірбірімен тоқтаусыз бәсекелесіп, көп күш жұмсағанымен, нәтижесінде айтарлықтай артықшылыққа жете алмайтынын білдіреді. Яғни бәрі алға ұмтылғанымен, жарыстың соңында нақты нәтиже мен айырмашылық анық көрінбейді. Осы тұрғыдан алғанда, инволюция – бәсекенің шектен тыс күшеюін сипаттаса, «жатып алу» – сол жарыстан шегінуге деген ұмтылысты білдіреді. Қытайдың Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, 2026 жылғы тамызда елдегі кәсіпорын қызметкерлерінің орташа апталық жұмыс уақыты 48,2 сағат болған. Диплом алғаннан кейін бірден тұрақты әрі қалаған жұмысына орналасу барлық жас үшін оңай емес. 2026 жылғы тамызда Қытайдағы жалпы қалалық жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызды құрады. Бұған қоса, үлкен қалалардағы тұрғын үй құны, өмір сүру шығындары және болашаққа деген қаржылық жауапкершілік те жастардың таңдауына әсер етуі мүмкін. Адам көп еңбек еткенімен, оның нәтижесі күткен өмір деңгейіне жеткізбесе, «тағы да көбірек жұмыс істеу керек» деген ұстанымға әкеледі. Сондықтан кей жастар үшін жоғары табысқа ұмтылғаннан гөрі, шығынын азайтып, тұрақты жұмыс тауып, қарапайым өмір сүру қауіпсіздеу таңдау болып тұр.
Қазіргі қоғамда адамның өміріне қойылатын талап аз емес. Жақсы оқу керек, тұрақты жұмыс табу керек, мансапта өсу керек, баспана алу керек, отбасы құру керек, табысты болу керек. Мұның бәрі белгілі бір деңгейде маңызды. Бірақ осы талаптардың арасында адамның өз қалауы кейде екінші орынға сырғып кетпей ме? Біз «қоғам менен не күтеді?» деген сұраққа жауап іздеп жүріп, «мен өзім шын мәнінде не қалаймын?» деген сауалды қоюды ұмытып жатамыз.
Бұл мәселе Қазақстан қоғамына да мүлде жат емес. Әрине, Қытайдағы жағдайды Қазақстанмен тікелей салыстыруға болмайды. Әр елдің экономикасы, еңбек нарығы, мәдениеті мен жастарға қойылатын әлеуметтік талаптары әртүрлі. Дегенмен жастарға қатысты қалыптасқан түсініктер бізде де бар: жақсы оқу, жоғары білім алу, тұрақты жұмысқа орналасу, баспана алу, көлік міну, отбасын құру, қызметте өсу. Мұндай мақсаттардың ешқайсысы жаман емес. Бірақ олардың барлығы адамның өз қалауынан туындай ма, әлде көп жағдайда «ел қатарлы болу керек» деген түсініктің әсерімен қалыптаса ма деген сұрақ туындайды.
Мектеп бітіруші мамандық таңдағанда, студент жұмыс іздегенде, жас маман алғашқы қызметіне орналасқанда осы сұрақтардың көбі қайта алдынан шығады. «Қай мамандықтың жалақысы жоғары?», «Қай жұмыс тұрақты?», «Қашан үй аламын?», «Қашан отбасын құрамын?» деген сұрақтар кейде адамның «Мен мұны шынымен қалаймын ба?» деген сауалынан бұрын тұрады. Сөйтіп адам біртіндеп өз өмірін өзі таңдаудан гөрі, қоғамда қалыптасқан өлшемдерге ұмтылады. Ал шын мәнінде әр адамның мүмкіндігі, таңдауы, уақыты мен өмірлік мақсаты әртүрлі. Сондықтан қарапайым өмір сүру міндетті түрде мақсатсыздықты білдірмейді. Бұл кейде адам көптің соңынан еруді тоқтатып, өзіне не керегін түсінуге тырысуы. Қытай жастарының «жатып алу» феномені бізге бір қарапайым, бірақ салмағы бар сұрақты қалдырады: біз өз қалауымызбен өмір сүріп жүрміз бе? Жақсы оқу, тұрақты жұмыс, жоғары табыс, баспана, көлік, отбасы – мұның бәрі маңызды. Бірақ сол мақсаттардың арасынан өз таңдауымызды жоғалтып алмау одан да маңызды. Кейде жұрттан қалмауды жалғастыра бергеннен гөрі, бір сәт тоқтап, маған нақты не керек? деп өзіңнен сұраған жөн шығар.
Бауыржан ЖҮНІС














