» » БАҚЫТ ДЕГЕН НЕ?

БАҚЫТ ДЕГЕН НЕ?

Бақыт. Бар болғаны бес әріптен тұратын осы сөздің соңында адамзаттың мыңдаған жылдық ізденісі жатыр. Әлемдегі ең бай адамнан бастап, ауылдағы қарапайым еңбеккерге дейін, студенттен бастап, зейнеткерге дейін бәрі де бақытты болғысы келеді. Алайда қызығы сол – адам өмір бойы бақытты іздейді, бірақ оны таптым деп нық айта алмайды. Кейде бақыт қол созым жерде тұрғандай көрінеді, ал кейде оған қанша ұмтылсаңыз да жеткізбейтін сағым секілді.
Сонда бақыт деген не? Ол мол ақша ма? Жоғары қызмет пе? Денсаулық па? Әлде адамның ішкі тыныштығы ма? Бұл сұраққа мыңдаған жыл өтсе де, адамзат әлі күнге дейін ортақ жауап таба алған жоқ.
Ежелгі грек философы Аристотель бақытты «адам өмірінің ең жоғарғы мақсаты» деп санаған. Оның пікірінше, шынайы бақыт – байлықта немесе атақта емес, адамның өз қабілетін толық пайдаланып, ізгі өмір сүруінде. Ал шығыс ойшылдары бақытты адамның ішкі жан дүниесінің тыныштығымен байланыстырды. Қазақ халқы да «Қанағат қарын тойғызар» деп, бақыттың байлықтан бұрын көңілдің тоқ болуымен өлшенетінін айтқан. Бірақ бүгінгі қоғамда бақыттың өлшемі өзгеріп кеткендей.
Бақыттың өлшемі кімнің қолында?
Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, бәрі күліп жүр. Бірі шетелде демалып жүр, бірі жаңа көлік мініп алған, енді бірі сәнді мейрамханада кешкі ас ішіп отыр. Осындай көріністерді көрген сайын адам өз өмірін «Менің өмірім неге бұлай емес?» деп басқалармен еріксіз салыстыра бастайды. Осы бір сұрақ көпшіліктің көңіліне кіріп алған. Соның салдарынан адам өзінде барды емес, жоқты көбірек ойлайды. Кеше ғана армандаған дүниесі бүгін қолына тиген соң, оған қуану орнына келесі мақсатқа ұмтылады. Осылайша бақыт үнемі алда тұрған мақсатқа айналып, қазіргі сәттен алыстай береді.
Психологтар мұны «гедоникалық бейімделу» деп атайды. Яғни адам жаңа жетістікке, жаңа жағдайға тез үйреніп кетеді. Армандаған қызметке орналасады, бірақ бірнеше айдан кейін ол қалыпты нәрсеге айналады. Жаңа телефон алады, бір аптадан соң бұрынғыдай әсер қалдырмайды. Жоғары жалақы алады, бірақ уақыт өте келе ол да жеткіліксіз болып көрінеді. Сөйтіп адам үнемі келесі бақыттың соңынан жүгіріп жүреді.
Ақша бақыт әкеле ме?
Әрине, ақшаның өмірді жеңілдететінін жоққа шығара алмаймыз. Ол адамның негізгі қажеттіліктерін өтеуге, сапалы білім алуға, емделуге, саяхаттауға және отбасының әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. Қаржылық тұрақтылық адамға белгілі бір деңгейде тыныштық сыйлайтыны да рас. Бірақ ақшаны өмірдің басты мақсатына, тіпті өмірдің мәніне айналдырмауымыз керек. Өйткені ақша – мақсат емес, мақсатқа жеткізетін құрал ғана. Егер адам бар өмірін тек көбірек ақша табуға арнап, бақытының өлшемін банктегі қаражатымен есептей бастаса, онда оның арманы ешқашан таусылмайды. Себебі адамның қалауының шегі жоқ: бүгінгі табыс ертең жеткіліксіз болып көрінеді, үлкен үйден кейін одан да үлкенін, жақсы көліктен кейін одан да қымбатын қалайды. Өкінішке қарай, осы жарыста адамдар кейде ең қымбат дүниелерін – денсаулығын, отбасымен өткізетін уақытын, достарымен сырласатын кештерін, тіпті жан тыныштығын жоғалтып алады. Ақша қайта табылар, бірақ жоғалған уақыт қайта оралмайды.
Сондықтан байлыққа ұмтылу – қалыпты нәрсе. Ең бастысы, байлық адамның өмірін басқармауы керек. Ақша біздің қолымыздағы құрал болып қалуы тиіс, ол өміріміздің мәні емес. Өйткені адамның шынайы бақыты әмиянының қалыңдығымен емес, жүрегінің тыныштығымен, жанындағы адамдармен және өмірдің әр сәтінен қуаныш таба білуімен өлшенеді.
Ең үлкен жау – салыстыру Біздің көпшілігіміз өз өмірімізді өзімізбен емес, өзгелермен салыстырамыз.
Көршінің үйі үлкен. Әріптестің жалақысы жоғары. Достың көлігі жаңа. Таныстың баласы үздік оқиды. Салыстырудың соңы қызғанышқа, өкінішке, өзөзіне деген сенімсіздікке алып келеді. Шын мәнінде адамның кешегі өзінен жақсы болуы – әлдеқайда маңыздырақ.
Бақыт жарыс емес. Оның жеңімпазы да болмайды. Бүгінгі адам бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге ие. Интернет бар, ақпарат қолжетімді, медицина дамыған, әлемді аралау оңайлаған. Соған қарамастан күйзеліс, мазасыздық, жалғыздық және эмоционалдық шаршау көбейіп келеді. Неліктен? Өйткені біз бұрынғыдан көбірек өмір сүріп жатқан жоқпыз, бұрынғыдан көбірек асығып жүрміз. Таңертең көзімізді телефонмен ашамыз. Күні бойы хабарламаларға жауап береміз. Кешке дейін жұмыс. Үйге келген соң тағы экран. Ми ешқашан тынықпайды. Тыныштық жоғалған жерде бақытты сезіну де қиындай түседі.
Бақыт – болашақта емес, осы сәтте
Көпшілік: «Мына жұмысты аяқтасам бақытты боламын», «Үй алсам бақытты боламын», «Үйленсем бәрі өзгереді» деп ойлайды. Бірақ өмір көрсеткендей, әр мақсаттың артынан жаңа мақсат пайда болады. Егер адам бүгін қуана алмаса, ертең де қуана алмайды. Өйткені бақыт белгілі бір мекен емес, өмір сүру тәсілі. Ол таңертең отбасыңмен бірге шай ішу болуы мүмкін. Ата-анаңның амандығы болуы мүмкін. Досыңның бір ауыз жылы сөзі болуы мүмкін. Кейде кешкі аспанға қарап үнсіз отырудың өзі адамға жан тыныштығын сыйлайды. Осындай қарапайым сәттердің қадірін сезінген адам ғана өмірдің шынайы дәмін татады.
Психологтар баланың болашақтағы бақыт сезімі оның балалық шағымен тығыз байланысты екенін айтады. Үнемі сын естіп өскен бала өзін жеткіліксіз сезінеді. Тек баға үшін мақталған бала өзін нәтижемен ғана бағалайды. Махаббатты шартпен көрген бала өзін қабылдай алмай өседі. Ал қолдау көрген, тыңдалған, құрметтелген бала ересек өмірде де өзін бағалай біледі. Сондықтан бақытты қоғам ең алдымен бақытты отбасынан басталады.
Ғалымдар ұзақ жылдар бойы адамдардың өміріне зерттеу жүргізіп, бір қызық қорытындыға келген. Адамның ұзақ әрі бақытты өмір сүруіне ең көп әсер ететін нәрсе – байлық та, атақ та емес. Ол – жақын адамдармен берік қарым-қатынас. Жақсы отбасы. Сенімді достар. Шынайы әңгіме. Қолдау көрсете алатын адамдар. Осылар адамның психологиялық саулығының ең мықты тірегі болып шыққан.
Түйін Бәлкім, адамзаттың ең үлкен қателігі бақытты өмірдің соңында күтуінде шығар. Кейбір адамдар оны оны дипломнан, қызметтен, үйден, көліктен немесе банктегі есепшоттан іздейміз. Ал ол кейде біз байқамайтын қарапайым дүниелердің ішінде жасырынып жатады. Өмірдің мәні бақытты іздеуде емес, мүмкін өмірдің мәні – әр күніңнің қадірін біліп, жақындарыңды бағалап, өзіңе сеніп, жүрегіңді мейірімге толтыра білуде шығар. Біз бақыттың соңынан жүгіріп, бір мақсатқа жетсек бәрі өзгереді деп ойлаймыз. Бірақ сол мақсатқа жеткенде тоқтап, өмірден ләззат алудың орнына, бірден келесі белесті бағындыруға асығамыз. Себебі адамның табиғаты сондай – оған әрдайым аз көрінеді. Бір арман орындалса, оның орнын екіншісі басады. Осылайша біз өмір бойы бақыттың соңынан жүгіреміз.
Сол жарыста ең қымбат нәрсені – уақытты жоғалтып жатқанымызды аңғармай қаламыз. Бір күні айнаға қарасаң, кеше ғана арманы көп, өмірге құштар жастың орнында шашына ақ түсе бастаған жан тұр. Сонда ғана: «Өмір қалай тез өтті?» деген сұрақ мазалайды. Өкініштісі, біз өмірдің өзін сүріп үлгермей, бақыт іздеумен әлек болғанымызды кеш түсінеміз. Бәлкім, біз бақытты тым күрделендіріп жіберген шығармыз. Өйткені өмірдегі ең үлкен қуаныштардың көбі күнделікті тіршіліктің ішінде жасырынып жатады. Отбасымен бір дастарқан басында отырып ұзақ әңгімелесу, достармен күлкіге толы кеш өткізу, сүйген жарыңмен бірге серуендеу, ата-ананың амандығын көру – мұның бәрі сол сәтте бізге қарапайым нәрсе болып көрінеді. Мектепте партада отырып, ертеңгі өмірдің қандай боларын уайымдамай күліп отырған сәттер. Студент кезімізде сабақтан шығып: «Бүгін қайда жиналамыз?» деп достармен жоспар құрған күндер. Ол кезде мұның бәрі күнделікті үйреншікті өмір сияқты сезілетін. Біз ол күндердің бір күні сағынышқа айналатынын ойламадық. Тек жылдар өткен соң ғана сол қарапайым сәттердің өміріміздің ең бақытты кезеңдерінің бірі болғанын түсінеміз.
Адамның табиғаты қызық. Қолындағының қадірін көбіне жоғалтқаннан кейін ғана біледі. Біз ертеңге жетуге асығып жүріп, бүгінді өткізіп аламыз. Ал ертесі, кеше ғана қолымызда болған күнді аңсап қаламыз. Сондықтан кейде бақытты іздеуді тоқтатып, дәл осы сәтке қараған дұрыс шығар. Өйткені осы уақыттың өзі де мәңгі емес. Бүгін жанымызда жүрген адамдар, бүгінгі күлкі, бүгінгі уақыт, бүгінгі денсаулықтың бәрі – уақытша. Мұны түсінген адам әр күніміздің қаншалықты қымбат екенін сезіне бастайды.
Бақыт – міндетті түрде үлкен жетістікке жету немесе байлыққа кенелу емес. Бақыт – осы сәтпен өмір сүре білу. Бүгінгі күніңнің ертең естелікке айналатынын ұмытпау. Уақыттың тоқтамайтынын түсініп, әрбір сәттің дәмін сезіне алу. Өйткені өмірдің ең тәтті кездері көбіне дәл сол өтіп жатқан сәттің өзінде болады. Біз оны тек жоғалтқаннан кейін ғана емес, дәл қазір бағалай алсақ, бәлкім, шынайы бақыт дегеніміз де осы шығар.
Бауыржан ЖҮНІС
25 тамыз 2026 ж. 83 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (10532)

24 тамыз 2026 ж.

№63 (10531)

22 тамыз 2026 ж.

№62 (10530)

17 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 725
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 170

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31