» » БАҚЫТ – ЖҮРЕКПЕН СЕЗІЛЕТІН БАЙЛЫҚ

БАҚЫТ – ЖҮРЕКПЕН СЕЗІЛЕТІН БАЙЛЫҚ

Әрбір адам өмірінде бақытты болуды армандайды. Бірақ бақыт деген не? Ол қайда? Оны қалай табуға болады? Бұл – ғасырлар бойы адамзатты толғандырып келе жатқан терең ойлы сұрақтар. Біреулер бақытты байлықтан, мансаптан, танымалдықтан іздесе, енді бірі оны ата-ананың мейірімі, баланың күлкісі, күннің шуағы немесе адал достың шынайы көңілі секілді қарапайым сәттерден табады.
Бақыт – бұл жан дүниенің тыныштығы, өмірге деген риясыз махаббат, айналаңа шүкіршілікпен қарау. Ол сыртқы жағдайларға емес, адамның ішкі күйіне байланысты. Адам көп нәрсеге қол жеткізсе де, жүрегінде реніш, қызғаныш немесе қанағатсыздық болса, бақытты сезіне алмайды. Ал азға риза жан шын мәнінде бай және бақытты болмақ.
Қазақ халқы бақытты «ырыс», «береке», «құт» деп бағалаған. Атабабамыз үшін ең үлкен бақыт – отбасы амандығы, ел тыныштығы, рухани байлық. «Бақ қайда барасың?» дегенге «Ынтымаққа барамын» деп жауап беретіні осыдан болса керек. Ынтымақ пен бірлік бар жерде береке де, бақ та, бақыт та болады.
Бүгінгі қоғамда адамдардың бақытқа жету жолында тоқтамай, бірінен соң бірін қуған армандарға алданып, өмірдің шынайы мәнін ұмытып бара жатқаны өкінішті. Сондықтан әркім өз бақытына өз жүрегінен, өз отбасынан, өз тіршілігінен қараса, өмір әлдеқайда мағыналы әрі нұрлы болар еді.
Бақыт – алыстан іздейтін арман емес, ол күнде сізбен бірге жүретін кішкентай қуаныштарда, шын жүректен айтылған алғыста, кешірімде, мейірімде. Оны сезіну үшін тек жүрек көзімен қарау жеткілікті.
Бақыт бұл тек бір сәттік қуаныш немесе сыртқы жетістіктердің жемісі емес. Ол – адамның ішкі жан дүниесінің тепе-теңдігі мен тыныштығы, өмірге деген ризашылығы мен шүкіршілігі. Жан дүниесімен үйлесім тапқан, жүрегінде мейірім, ойында арнамысы бар адам ғана өзін бақытты сезіне алады.
Бақытты әр адам әрқалай түсінеді. Біреу үшін ол – сүйікті ісімен айналысу, біреу үшін өз арманын орындау. Жағдайы төмен адам үшін қарапайым үй мен дастарқан басындағы береке бақыт болса, науқас жанға денсаулық, жалғыз адамға шынайы қарымқатынас, махаббат, достық – бақыт. Демек, бақыт – салыстырмалы ұғым, ол әркімнің өз өмірлік құндылықтарына байланысты өзгереді. Алайда қазіргі қоғамда бақыт ұғымының мағынасы азып бара жатқандай. Материалдық құндылықтар алға шығып, адамдар рухани байлықты екінші орынға ысырып қойғандай. Адамдар бақытты көп жағдайда дүниемүлікпен, әлеуметтік желідегі көрініспен өлшейтін болды.
Алайда бұл жалған көріністер жүрек тыныштығын бере алмайды. Ақша мен байлық – тек құрал. Олар бақытты болуға көмектесуі мүмкін, бірақ бақыттың өзін бере алмайды.
Бақытқа жетудің бір жолы – шүкіршілік ету. Қанағатшыл жан – ең бай жан. «Қанағат – қарын тойғызар, қанағатсыздық – жалғыз атын сойғызар» дейді халық. Күн сайын қолымызда барға қуана білу, соны қадірлей білу – нағыз бақыттың кілті.
Бақыттың белгілі бір өлшемі жоқ. Ақын Қадыр Мырза Әли жырға қосқандай:
«Бақыт үлкен болған емес шынында,
Ал қайғының кішкентайы болмайды!»
Сондай-ақ шынайы бақыт басқаларға қуаныш сыйлаудан басталады. Біреуге жақсылық жасау, мұқтажға көмектесу, кішіпейілділік таныту адамның өз бойындағы ең таза, ең ізгі қасиеттерін оятады. Өмір тек алу емес, беру арқылы да мәнді болмақ. Бақыт – бөліскен сайын көбейетін рухани байлық.
Қорытындылай келгенде, бақыт – әр адам өз қалауынша түсінетін, бірақ барлығына ортақ құндылық болып табылатын ұғым. Әр күнді мағыналы өткізу, әр сәтті бағалау, жүрекпен сезіну – міне, осы нағыз бақыт. Сондықтан әрбір адам өміріндегі жақсылықты көре біліп, өз жүрегіндегі мейірімді оята білсе, сол адам шын мәнінде бақытты. Бақытты өмір сүру – ұзаққа созылатын саяхат. Әрбір күннен қуаныш табу, айналаңдағы адамдарды бағалау және өзіңді дамыту – нағыз бақытқа апаратын жол!
Лаура БАҚТЫБАЕВА
03 шілде 2025 ж. 85 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (10416)

01 шілде 2025 ж.

№47 (10415)

28 маусым 2025 ж.

№46 (10414)

24 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 989
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031