Топ-баннер
Топ-баннер2
» » АСЫҒЫП ҚАЙДА БАРАМЫЗ?

АСЫҒЫП ҚАЙДА БАРАМЫЗ?

Уақыт – үнсіз ғана алға жылжитын, бірақ бәрімізді жетелеп әкететін тылсым күш. Біз соның соңынан жанталаса жүгіріп келеміз. Таңнан кешке дейін тыным таппай, бір межеден екіншісіне асығамыз.
Бүгінде көпшіліктің аузынан жиі шығатын сөздің бірі – «уақытым жоқ». Осы сөзді айта жүріп әлденеге асығатындай көрінеміз. Қайда барсақ та жайбарақат жүрген кезіміз жоқ. Таңда балапандарымызды балабақшаға апаруға асығамыз, жұмыстан қайтар шақта оны алуға асығамыз. Бір жерге баруға, содан кейін қайтуға тағы асығамыз. Рас, «асығыс емеспін» деген сөзді сирек естиміз ғой. Ұзын сонар кезекте тұрғымыз да келмейді, ебін тауып тездетіп өтіп кетсек деп ойлаймыз. Асықпайын десеңіз бірдеңеден қалып қоярдай боласыз. Ал қалсаңыз оған жету тіптен қиын. Асықпасқа амал қалмағандай. Адамдар неге шыдамсыз болып барады?
Қазіргі қоғам жылдамдықты жақсы көреді. Жылдам интернет, жедел жеткізу, қысқа хабарлама, табысқа тез шығу. Біз де сол ағысқа ілесеміз деп, өз ырғағымызды жоғалтып алғандаймыз. Бір істі бітірмей жатып, екіншісіне ұмтыламыз. Бір арманға жетпей жатып, жаңасын қуамыз. Бірақ жүректің тыныштығын, жанның ләззатын кейінге қалдырып қоя береміз.
Асығыстық – кейде жауапкершіліктің белгісі. Дегенмен, шектен шыққан қарбалас адамды өз өмірінен алыстатады. Біз балалардың балдәурен сәттерін байқамай қалып жатамыз. Ата-анамыздың ақылын асығыс тыңдап, қадірін кеш ұғуымыз мүмкін.
Бәлкім, біз биік мансапқа, қомақты табысқа, өзгелерден озық болуға асығып бара жатқан да шығармыз. Бірақ сол жолда өз бақытымызды жоғалтып алмасақ болғаны. Асылында өмір жарыс алаңы емес, ол әр сәті қымбат сапар. Бұл сапарда кейде баяу жүріп, айналаға көз тастау да қажет. Себебі шынайы қуаныш көбіне асықпай өткен сәттерде жасырынып тұрады.
Бір кесе шайды асықпай ішу, жақын жанмен ұзақ әңгімелесу, бала күлкісіне құлақ түру өмірдің мәнін арттыратын қарапайым сәттер. Біз уақытты қуалап емес, уақытпен үндесіп өмір сүрсек, жүрегіміз жеңілдер еді.
Асығу – заманның ырғағы шығар. Бірақ өмірдің шынайы әуені тым жылдамдықты сүймейді. Ол баяулықты, байыптылықты, сезімге үңілуді қалайды. Кейде тоқтай білу артта қалу емес, керісінше, өзіңді табуға көмектеседі. Сондықтан жол үстінде жүріп, жанымызды жоғалтып алмауды ойлайық. Мақсатқа жету маңызды, бірақ сол жолда жүректің үнін есту одан да қымбат. Бәлкім, бізге керегі – тез жету емес, мәнді өмір сүру шығар. Кім білсін?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
09 наурыз 2026 ж. 109 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (10485)

07 наурыз 2026 ж.

№17 (10484)

03 наурыз 2026 ж.

№16 (10483)

28 ақпан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 583
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 372

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031