НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ ТҮБІ – ӨКІНІШ
Кейде адам күнделікті өмірде қауіпсіздік талаптарына аса мән бере бермейді. «Бірдеңе бола қоймас» деген немқұрайлы көзқарас қарапайым ғана жағдайдың үлкен қауіпке айналуына себеп болуы мүмкін. Өрт те көбіне осындай ұсақ көрінген салғырттықтан басталады.
Үйден шығарда электр құрылғыларын тоқтан ажыратпау, электр желісіне бірнеше құралды қатар қосу, жарамсыз сымдарды пайдалану, ас дайындау кезінде плитаны қараусыз қалдыру – өрт қаупін арттыратын жағдайдың бірі. Әсіресе балалардың электр құралдарына, сіріңке мен оттыққа қол жеткізуіне жол бермеу қажет.
Қауіпсіздікке тек өрт шыққан кезде емес, алдын ала мән берген маңызды. Әр отбасы үйдегі электр сымдарының, розеткалар мен тұрмыстық техникалардың жарамдылығын тұрақты тексеріп отырғаны жөн. Аула мен тұрғын үй маңында жанғыш заттарды ретсіз жинамау, қоқысты және құрғақ шөпті бейберекет жақпау да – өрттің алдын алудың қарапайым жолдары.
Өрт – уақытты күтпейді. Алғашқы минуттарда қабылданған дұрыс шешім адам өмірін сақтап, материалдық шығынды азайтуы мүмкін. Сондықтан түтін немесе от байқалған жағдайда ең алдымен адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарлау қажет.
Қауіпсіздік – арнайы қызметтің ғана емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Бір минуттық сақтық кейде үлкен қайғының алдын алады. Сондықтан «маған ештеңе болмайды» деген ойдан гөрі, «қауіптің алдын аламын» деген ұстаным әр адамның күнделікті әдетіне айналғаны дұрыс.
Сақтыққа кеткен бір минут – өмірді сақтап қалуы мүмкін.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі













