МӘУЛІТ – МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСІ
Адамзаттың асыл тәжі атанған Мұхаммед пайғамбарымыздың туған күні – Мәуліт мерекесі ауданымызда жыл сайын мүшел жас иелерінің ұйымдастыруымен кең көлемде дәстүрлі түрде атап өтіледі. Бұл іс-шара биыл да К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде өтіп, оған Жосалы кентінің 1978 жылғы азаматтары мұрындық болды.
Іс-шараның беташары «Шөлге түскен рақым нұры» атты пайғамбарымыздың өмірінен сыр шертетін бейнебаянмен бастау алып, әрі қарай барша қатысушының Құран дұғасына қол жаюымен жалғасын тапты.
Алла елшісінің қадір-қасиетін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Адамзаттың ең ізгісі, ең сарасы, үмбетінің тілеуін тілеген қамқоры, жер мен көктің әзизі десек те, оның қасиеттері таусылмақ емес. Өйткені ол сүрген әрбір сәт теңдессіз үлгі-өнеге болатын. Пайғамбарымыздың ұлық істерін тілге тиек еткен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков іс-шараның мән-маңызына тоқталып, осындай қайырымдылықта ауызбірлік танытқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Нұрлан Оңалбайұлы, Ақылбек Серікұлы және Айбек Омарұлына аудан әкімі орынбасарының алғыс хатын тапсырып, құттықтау тілегін жеткізді.
Мұнан соң сахна төріне шыққан Төретам кенті «Ар-Рахман» мешітінің имамы Тасболат қари Минашов пен мектеп оқушылары «Адамзаттың асылы – Мұхаммед» тақырыбында пайғамбарымызға салауат оқыды. Әсерлі кезеңнен кейін көпшілік қауым «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Нұрболат Ғабитұлының айтқан уағызына құлақ түрді.
Мерекеде Ғалымжан Олжабайұлы Жосалы кентінің 1978 жылы туған азаматтардың мәуліт іс-шарасына орай атқарған жұмыстарының есебін тізбектеді. Атап айтқанда, осы жылдың ақпанында «Ораз ахун» мешітінде 70 адамға ауызашар жасалса, «Қармақшы ата» мешітінде әлеуметтік жағдайы әлжуаз 12 отбасыға азық-түлік себетін таратқан. Бас мешітімізге «Уақып» сауабына түрлі-түсті принтерді сыйға тартса, 1978 жылғы азаматшаның ем алуына 400 мың теңге көлемінде қаржылай сертификат табыстаған. Кенттің бірқатар мұқтаж тұрғынына құрылыс заттарымен көмек қолын созса, 5 отбасының жылу жүйесі мен газ пешін орнатып, адамгершілік, қайырымдылық, ізгілік шараларын жасаған.
Мәуліт қорытындысында келер жылы айтулы мерекені ұйымдастыратын 1979 жылғы азаматтарға аманат хаты тапсырылды.
Иә, қайырым мен жанашырлыққа толы тағы бір мереке тарих қойнауына қатталды. Бұл – жай ғана қуаныш сыйлау емес, адамзат баласына үлгі боларлық іс. Сөз соңында айтарымыз – осынау мереке пайғамбарымызды жақсырақ танып, өсиетін терең түсінуман қатар, адамдар арасында рақым мен мейірімнің, имандылық пен бауырмалдықтың артып, жаман әдеттен бойын аулақ салуына сеп болғай!
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА

















