Құрылтай
» » ЖАСТАР – ҚОҒАМ ҚОЗҒАУШЫСЫ

ЖАСТАР – ҚОҒАМ ҚОЗҒАУШЫСЫ

Қай кезеңде болсын, жастар – қоғамның қозғаушы күші, мемлекеттің стратегиялық ресурсы және ұлттың болашағы. Елдің бүгінгі жетістігі мен ертеңгі дамуы жастардың біліміне, тәрбиесіне, дүниетанымына және азаматтық жауапкершілігіне тікелей байланысты. Сондықтан жастар мәселесі тек олардың ғана емес, бүкіл қоғамның, мемлекеттің және әрбір отбасының ортақ мәселесіне айналып отыр.
Қазіргі XXI ғасыр – ақпараттық технологиялар, цифрлық экономика және жасанды интеллект дәуірі. Мұндай кезеңде жастардан тек білімді игерумен қатар, шығармашылық ойлау, икемділік, көшбасшылық қасиет, жаңа жағдайға тез бейімделу қабілеті талап етіледі. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды сақтап, әлемдік өркениетке бейімделу – бүгінгі жас буынның басты міндетінің бірі.
«Жастар – елдің болашағы» деген тіркесті жиі естиміз. Бұл – қай дәуірде де өз маңызын жоғалтпаған ақиқат. Жастар қоғамдық пікір қалыптастырады, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады, экологиялық қозғалыстарға қатысады, инновациялық идеяларды өмірге енгізеді. Бүгінгі таңда еліміздің негізгі қозғаушы күші ретінде саналатын Z және Alpha буыны бұрынғы ұрпақтардан мүлдем өзгеше ортада бой түзеп, мүлде бөлек арман-мақсатпен өсіп келеді.
Әрбір мемлекеттің даму деңгейі оның жастарының әлеуетімен өлшенеді. Белгілі бір елдің ғылымы, экономикасы, мәдениеті мен өндірісі жастардың белсенділігіне байланысты дамиды. Сол себепті жастарға салынған инвестицияны елдің болашағына салынған инвестиция деп түсінген абзал.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жастар саясатына ерекше көңіл бөлуде. Білім беру жүйесінің жаңғыруы, халықаралық бағдарламалардың жүзеге асуы, жастар кәсіпкерлігін қолдау, еріктілер қозғалысының дамуы – осының барлығы жас буынның әлеуетін арттыруға бағытталған.
Әдетте, үлкендер арасында кейінгі буын өкілдеріне көңіл толмаушылық, жастардың ісін шалалық ретінде бағалаушылық та орын алып отырады. Бұл – заңды құбылыс. Әр ұрпақ өз заманының ағымына, сол кездегі құбылыстарға сай дамиды. Сол үшін де алдыңғы және кейінгі буын арасындағы қарама-қайшылықтың, көзқарас айырмашылығының болуында тұрған еш әбестік жоқ. Осы арқылы ауырдан жеңілге, күрделіден оңайға бейімделу үрдісі жүзеге асырылады. Халқымыз «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген емес пе?!
Ел аузында Сырым шешен туралы мынадай шешендік сөз сақталған.
Сырым жиырма алты жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.
– Балалар, аман ба? – депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:
– Жүр, кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! – дейді.
Малайсары жалт қарап:
– Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без. Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді? – дейді.
– Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар, ана тұрып қыз сөйлесе, бойжеткені болар, – дейді сонда Сырым.
– Сен толған екенсің, мен тозған екенмін, – деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырған екен.
Осы бір шешендік сөзден жасты дер кезінде бағаламағанымен, оның тұшымды сөзіне ден қойған ел ағасының өз кінәсін мойындап, сөзге тоқтай білгеніне, жасының үлкендігін бұлдамай, орынды сөз айтқан батырға лайықты сый көрсетіп, оның даналағына бас игендігіне куә боламыз. Әрине, жасты баса берсең, оның ісі де көзге көрінбейді. Болар баланың бетінен қақпай, белін буып, қажет кезінде қолдап, оны бағалаудың да нәтижесі болары анық.
Бүгінгі жастар қандай? Олардың бойында қандай ерекшеліктер бар және қоғам олардан не күтеді? Күнделікті өмір барысында өзіміз көз жеткізіп жүрген жастардың бойындағы бірнеше қасиетке талдау жасап көрелік.
Біріншіден, цифрлық дәуірдің төл перзенттері – бүгінгі жастардың ең басты артықшылығы: ақпараттық технологиялармен бірге өсуі. Олар үшін интернет, жасанды интеллект, әлеуметтік желі мен цифрлық кеңістік күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі.
Жылдам адаптация: жастар жаңа технологияларды өте тез меңгереді және оны білім алуға, жұмыс істеуге тиімді пайдалана алады.
Глобалды ойлау: цифрлық әлемнің арқасында заманауи жас буын белгілі бір шекарамен шектелмейді. Олар әлемдік трендтерді бақылап, шетелдік тәжірибені бойына сіңіріп, жаһандық деңгейде ойлауға бейім.
Екіншіден, бұрынғыдай бір мамандықты оқып, өмір бойы бір орында жұмыс істеу концепциясы өткеннің еншісінде қалды. Бүгінгі жастар Life-long learning (өмір бойы білім алу) қағидасын ұстанады. Өмірге қажетті, тез арада табысқа жетелейтін мамандықты игеріп, өзгеріске бейімделу қазіргі жастардың өмір сүру қағидасына айналды.
Қазіргі таңда білім – ең құнды капиталдың бірі. Бұрын табиғи ресурстар ел байлығы саналса, бүгін интеллектуалдық әлеует бірінші орынға шықты. Заманауи еңбек нарығында диплом ғана жеткіліксіз. Жастар бірнеше шеттілін меңгеруге, цифрлық сауаттылықты арттыруға, ақпаратпен жұмыс істеуге, сыни ойлауға және үздіксіз білім алуға дайын болуы тиіс.
Жасанды интеллект, бағдарламалау, киберқауіпсіздік, робототехника, инженерия, биотехнология сияқты жаңа салалар жастар үшін үлкен мүмкіндікке айналып отыр. Сонымен бірге гуманитарлық ғылымдардың да маңызы кеміген жоқ. Себебі ұлттық мәдениет, тіл, әдебиет пен тарих елдің рухани тұтастығын сақтайды. Білімді жастар ғана қоғамдағы өзгеріске бейімделіп, жаңа мүмкіндікті тиімді пайдалана алады.
Жаһандану дәуірінде жастар әлемдік мәдениетпен еркін танысып, түрлі елдердің тәжірибесін игеруде. Бұл – үлкен мүмкіндік. Алайда ұлттық болмысты сақтап қалу бұрынғыдан да маңызды мәселеге айналды. Қазақ тілі, ұлттық салт-дәстүр, мәдени мұра, әдебиет пен тарих жастардың рухани негізі болуы тиіс. Ұлттық құндылықтарды құрметтеген жас қана өз елінің дамуына шынайы үлес қоса алады.
Интернет пен әлеуметтік желілер жастардың өмір салтын түбегейлі өзгертті. Бүгінде білім алу, кәсіп ашу, қызмет көрсету, шығармашылықпен айналысу сияқты көптеген мүмкіндік цифрлық ортаға көшті. Бір жағынан, бұл – үлкен артықшылық. Онлайн оқу, қашықтан жұмыс істеу, халықаралық тәжірибе алмасу, жаңа кәсіп игеру бұрынғыдан әлдеқайда қолжетімді болды. Екінші жағынан, әлеуметтік желіге тәуелділік, уақытты тиімсіз пайдалану, жалған ақпараттың таралуы, кибербуллинг, интернет алаяқтық сияқты мәселелер де көбейді. Сондықтан жастар цифрлық мәдениетті қалыптастырып, технологияны өз дамуына қызмет еткізуі қажет.
Қазіргі жастар көптеген әлеуметтік мәселемен бетпе-бет келеді. Олардың қатарында жұмысқа орналасу, тұрғын үй мәселесі, психологиялық күйзеліс, интернетке тәуелділік, қаржылық сауаттылықтың төмендігі, уақытты дұрыс жоспарлай алмау, денсаулыққа немқұрайлы қарау. Бұл мәселелерді шешуде мемлекетпен қатар ата-ана, мектеп, жоғары оқу орындары және қоғамдық ұйымдардың жауапкершілігі зор.
Бәсекеге қабілеттілік пен даму мүмкіндіктері жоғары болғанымен, заманауи жастардың алдында біршама психологиялық күрделі түйткіл де бар: психологиялық қысым мен эмоционалды шаршау, әлеуметтік желілердегі «мінезсіз мінсіздік» және ақпараттық тасқын жастардың арасында мазасыздық, өз-өзіне сенімсіздік пен шаршау синдромын тудырады.
Соңғы жылдары жастар арасында еріктілік мәдениеті қарқынды дамып келеді. Қайырымдылық шаралары, экологиялық акциялар, мәдени жобалар мен қоғамдық бастамалар жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруда. Ерікті болу – тек өзгеге көмек көрсету емес, көшбасшылық қабілетті дамыту, тәжірибе жинақтау және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну. Белсенді жастар ғана қоғамдағы оң өзгерістердің бастамашысы бола алады. Ерікті түрде қоғамдық жұмыстарға белсене араласу мәселесі туралы ойланғаныммен, өзім ешқашан ондай шараға қатысқан емеспін. Алайда биылғы жазғы демалыс уақытында 14 жасар қызым еріктілер тобына мүше болып, мәдени және спорттық шараларды ұйымдастыруға қатысты, әлі де барып жүр. Мұражайда, сауда орталықтарында, орталық саябақтарда өтетін түрлі шараға қатысу арқылы жаңа орта тапты, сол жерге келетін адамдардың талғамына, сұранысына талдау жасап үйренуде, бір жағынан, өзін де сол мәдени ортаның бір бөлшегі санайтын болды. Сол себепті ерікті болу тілегін қолдап, қажетті жеріне баруына жағдай жасап жүрген жайымыз бар.
Бүгінгі жастардың арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтық қоғамды дамытуға және мұқтаж жандарға көмектесуге ұмтылатындар өте көп. Қазақстанның болашағы жастардың қолында деген сөз жай ұран емес. Себебі бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі дәрігер, инженер, мұғалім, кәсіпкер, ғалым немесе мемлекет қайраткері. Жастардың бойында ұлттық рух, тарихи сана және адамгершілік құндылықтар қалыптасқанда ғана елдің тұрақты дамуы қамтамасыз етіледі. Жастарға сенім – болашаққа кепілдеме.
Жастар – мемлекеттің, ұлттың ең басты капиталы. Олардың бойындағы батылдық, жаңашылдыққа құштарлық пен энергияны дұрыс арнаға бағыттау – аға буын мен мемлекеттің басты міндеті. Қуатты мемлекет құру үшін ең алдымен білімді, тәрбиелі, жауапты және елін сүйетін жастар қалыптасуы қажет. Себебі жастардың жетістігі – Қазақстанның жетістігі, жастардың арманы – елдің болашағы. Сондықтан жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың бастамаларын қолдау және азаматтық белсенділігін арттыру – бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Сапалы білім беру, қолжетімді баспана, кәсіпкерлікті қолдау және жастардың идеяларына сенім білдіру арқылы біз мықты, бәсекеге қабілетті әрі өркениетті қоғам құра аламыз. Жастар – ертеңгі күннің иесі емес, олар – бүгінгі күннің өзгеріс әкелушілері.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
11 тамыз 2026 ж. 108 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№60 (10528)

11 тамыз 2026 ж.

№59 (10527)

08 тамыз 2026 ж.

№58 (10526)

04 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 638
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 096

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31