«ОЙМАҚТАЙ ОЙЛАР»
Жазбаларым – уақыттың тозаңына жұтылып кетпесін деп, жүректің тереңінен қағазға жазған үнсіз аманатым. Әр ойым – бір жанның жадында сәуле болып қалсын деген үміттің, өткінші өмірден мәңгілік мағына іздеген рухтың сыбыры.
Адамның ең ұзақ сапары – өз жүрегіне дейінгі жол. Бұл жолдың соқпағы да, сүрлеуі де сыртта емес, адамның өз ішінде жатыр. Кейде жанның шөлдеген тұстары болады. Кейде санаң сан сауалдың дауылына ұрынып, жүрегің жауап іздеп шарқ ұрады. Сондай сәттерде адам өзгелерден емес, өзінен алыстап кеткенін сезеді.
«Оймақтай ойлар» – менің жазған кітабым ғана емес, жанымның үнсіз күнделігі. Бұл кітап белгілі бір уақытта туған дүние емес. Оның алғашқы сөйлемдері бес жыл бұрын ұйқысыз түндерде жазыла бастады. Барлығы тыныш болғанымен, менің ішкі әлемімде дауыл соғып жататын. Мың сауалдың арасында өзімді жоғалтып алмау үшін ақ парақ пен қара қаламға жүгіндім. Ойларым қағазға түскен сайын жүрегім жеңілдеп, жаным тыныштала бастады. Содан бері әрбір ой өзіне лайық орын іздеп, осы кітаптың беттерінен мекен тапты...
Әлсіз жаратылыс
Біз ылғи өзгеге келгенде философ, гений, мотиватор болып кетеміз? Ал өзімізге келгенде басқаша бола қалуымызды қарашы. Көз жасымызды көл қылып, күйзеліске түсіп, жүректі кірлету ғана қолымыздан келетіні. Қызық, неге осындай әлсіз пенде екенбіз? Әлде адамдар бірін-бірі демеу үшін жаратылған ба екен?
Мазасыздық
Байқағанымдай, бақытты әрі көңілді күндерде ақ қағазға шимайлап жазуымыз тоқтап қалады. Сонда біз тек көңілсіз немесе жолымыз болмаған күндері ғана ақ парақпен сырласамыз ба? Туындының бәрі өкпе, реніш, жауапсыз махаббат пен жалғыздықтың салдарынан ғана туындайды ма? Қуанышты күндерде ақ парақ пен қара қаламның не екенін ұмытып қаламыз. Тек сол сәтпен өмір сүріп, сол әлемнен шыққың келмей жүреді. Ал жабырқағанда аяққолың тырысып, миымыз шығып кетердей, шекеміз буылтықтана мазасызданып, қолға қалам алып, ойымызды түсіргенше шыдамсызданып тұрамыз. Бәрін егжей-тегжейіне жеткізіп жазғаннан кейін жаңа туған сәбидей тазарып, бізден асқан бақытты адам болмай қалады. Алланың шексіз құдіретін-ай...
Кімге керек?
Ұлы Абай «Махаббатсыз дүние бос» десе, ал мен «Денсаулықсыз дүние бос» дер едім. Он екі мүшеңнің бір жері қылт етсе, жаның мұрыныңның ұшына келеді. Осыған дейін маңызды әрі қымбат санаған дүние де, атақ та, махаббат та қылт еткен шыбынның ызыңындай мазаңды алып тұрған жеріңе дәру болмақ емес. Тек осы аурудан айықсам екен деп, бүкіл әлемнің қызығынан баз кешердей күй кешерсің. Жаныңа керегі анаңның мамықтай жұмсақ алақаны мен жан мен тән тыныштығы. Алланың берген аманатына осыншалық жауапты екеніміз тек сырқаттанғанда есімізге түсетіні өкінішті. Тәуір болғасын қалай ауырғанымызды ұмытып кететініміз ол да бар. Сондағы денсаулық кімге керек? Жұмысқа? Сабаққа? Махаббатқа? Көршіңе немесе досыңа? Әрине, тек өзіңе және өзіңе қажет. Алтынның қадірін қолда барда білсек қой...
Нұрайым ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ,
№272 мектеп мұғалімі













