КЕНЕДЕН КЕЛЕТІН ҚАУІП: ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?

Жаз айлары басталғалы бері табиғат аясына шығушылар мен ауыл шаруашылығында еңбек ететін азаматтардың қатары артты. Алайда бұл маусым тек демалыс қана емес, аса қауіпті жұқпалы ауру – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (КҚГҚ) да белсенді кезеңі болып табылады. Дерттің өлімжітім көрсеткіші 40%-ына дейін жететіндіктен, әрбір тұрғынның сақтық шараларын білуі – өз өмірін сақтап қалудың басты кепілі. Бұл ауруды алғаш рет 1944 жылы Қырымда ресейлік вирусолог М.Чумаков анықтаған. Кейіннен 1956 жылы Конго елінде де дәл осындай вирус тіркеліп, 1969 жылы екеуінің сәйкестігі дәлелденді. Қазақстан халқына бұл дерт ежелден «көкала»деген атпен таныс. Еліміздің оңтүстік өңірлері (Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстары) ЛҚГҚ-ның табиғи ошақтары болып саналады. Аурудың негізгі тасымалдаушысы – иксодты кенелер.
Ауру қалай жұғады?
Вирус адам ағзасына бірнеше жолмен жұғуы мүмкін. Оның ішінде трансмиссивті жол арқылы вирус жұқтырған кене шаққан кезде, байланыс арқылы кенені жалаң қолмен ұстап, жаншып (езіп) өлтіргенде жұқса, тұрмыстық жол арқылы мал сою, қырқу немесе бөлшектеу кезінде малдың қаны немесе бөліністерімен тікелей жанасқанда жұғады. Ал медициналық жолда науқас адамның қанымен немесе бөліністерімен тікелей жанасқанда жұғуы ықтимал.
Айта кететін маңызды жайт, КҚГҚ вирусы малға (ірі қара, қой-ешкі) қауіп төндірмейді, оларда ауру белгілері байқалмайды, бірақ олар вирусты тасымалдаушы болып қала береді.
Алғашқы белгілері қандай?
Дерттің жасырын кезеңі 14 күнге созылады. Ауру кенеттен, өте өткір басталады. Дене қызуы бірден 39- 40 градусқа дейін көтеріледі. Бас, бұлшық ет, буын және бел тұсы қатты қақсап ауырады. Көз қызарып (склера тамырлары кеңейіп) бет, мойын, кеуде тұсы қызарып кетеді. Сонымен қатар лоқсу мен құсу жиілейді. Ауру асқынғанда гемморрагиялық синдром басталады: теріге қан құйылып, мұрыннан, қызыл иектен, асқазанішектен қан кетеді. Сол себепті аурудың алдын алу маңызды.
КҚГҚ-ға қарсы арнайы вакцина жоқ. Сондықтан жалғыз жол – кене шағуынан сақтану. Табиғат аясына шыққанда немесе мал қораға шыққанда ақшыл түсті (кене тез көрінуі үшін) жеңі ұзын, жабық киім киіңіз. Шалбардың балағын шұлықтың немесе етіктің ішіне өткізіп салған жөн.
Қорғаныс құралдары ретінде киімге кене үркітетін арнайы аэрозолдарды (репеленттерді) себіңіз. 15-20 минут сайын өзіңізді, қасыңыздағы балаларыңызды мұқият тексеріңіз. Сондай-ақ мал қырқу, сою және емдеу жұмыстарын тек қалың резеңке қолғаппен және арнайы киіммен ғана жүргізіңіз. Жоспарлы түрде қораларды кенеге қарсы залалсыздандыру (дезинсекция) жұмыстарын жүргізіп отырыңыз.
Егер кене шақса не істеу керек?
Егер денеңізге кене қадалып үлгерсе, оны жалаң қолмен жұлып алуға, езуге мүлдем болмайды. Жедел түрде жақын маңдағы медициналық мекемеге жүгінген жөн. Дәрігерлер кенені мұқият алып тастап, сізді 14 күн бойы медициналық бақылауға алады.
Есіңізде болсын, КҚГҚ – уақытты жоғалтуды кешірмейтін қауіпті дерт. Денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз!
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы













