ЖАҺАНДЫ СЕСКЕНДІРГЕН ЖҰМБАҚ ВИРУС
Дүние жүзінде адамзат денсаулығына елеулі қауіп төндіретін инфекциялар аз емес. Солардың ішіндегі ең қауіптісі әрі жұмбағы –Эбола геморрогиялық қызбасы. Бұл вирус пайда болған сәттен бастап ғалымдар мен дәрігерлердің үрейін ұшырып келеді. Мамандар оны «ХХI ғасырдың ең қатерлі індеттерінің бірі» деп атайды. Ал бұл вирус туралы не білеміз?
Тарихқа шегініс жасап көрелік. Бұл вирус қайдан шықты? Эбола вирусы алғаш рет 1976 жылы Конго Демократиялық Республикасында (бұрынғы Заир) Эбола өзенінің бойында орналасқан ауылда тіркеледі. Аурудың атауы да осы өзенмен байланысты. Дәл осы уақытта Судан елінде де аурудың ошағы анықталды.
Ғалымдардың зерттеуінше, вирустың табиғи тасымалдаушысы – тропиктік ормандарды мекендейтін жеміс жарқанаттары. Олардан вирус орман жануарларына (маймылдар, бөкендер), ал олар арқылы адамдарға жұққан.
Ауру қалай жұғады?
Эбола ауа арқылы тұмау сияқты жұқпайды. Бұл оның пандемияға айналуын тежеп тұрған басты фактор. Аурудың жұғу жолдары: дертке шалдыққан адамның қанымен, бөлінділермен (сілекей, тер, құсық) тікелей жанасу, вирус жұққан заттарды (төсек-орын, киім, медициналық құралдар) пайдалану, дәстүрлі жерлеу рәсімдері кезінде қайтыс болған адамның денесіне жанасу.
Эбола вирусының инкубациялық кезеңі 2 күннен 21 күнге дейін созылады. Адамда аурудың белгілері пайда болғанға дейін ол айналасына жұғымсыз болады.
Белгілері мен қауіптілігі
Ауру кенеттен басталады. Бастапқы белгілері кәдімгі тұмауға немесе безгекке (малярия) ұқсас. Дене қызуының күрт көтерілуі, әлсіздік, бұлшықет пен буындардың, тамақтың ауруы, құсу, іш өту, бүйрек пен бауыр қызметінің бұзылуы. Ең қауіпті кезеңі – ішкі және сыртқы мүшелерден (мұрыннан, қызыл иектен) қан кету.
Эболаның ең қорқынышты тұсы – оның өлім көрсеткішінің өте жоғарылығында. Вирустың түріне байланысты жұқтырғандардың 50%-90%-ға дейінгісі көз жұмады.
Үміт оты бар ма?
Ұзақ уақыт бойы Эболаға қарсы арнайы ем болмады. Дәрігерлер тек симптомдарды жеңілдетумен шектелді. Алайда, соңғы жылдары медицина үлкен жетістіктерге жетті. Қазіргі таңда тиімділігі дәлелденген вакциналар бар. Олар індет ошақтарында аурудың таралуын тоқтатуға үлкен септігін тигізуде. Вирусқа қарсы арнайы моноклоналды антиденелер негізіндегі дәрі-дәрмектер жасалып, емдеу тиімділігі едәуір артты.
Алдын алу жолдары
Эбола вирусы – өте қауіпті және өлімжітім көрсеткіші жоғары инфекция. Оның алдын алудың тиімді жолдары жеке бас гигиенасын сақтаудан бастап, медициналық деңгейдегі сақтық шараларына дейін қамтиды. Жеке гигиена және қауіпсіздік шараларыне келер болсақ, қолды жиі жуу немесе құрамында спирті бар антисептиктерді қолдану, ауру адамдармен байланысты шектеу, ауру жұқтырған адам қолданған төсекорын, киім-кешек және басқа да заттарға жанаспау, індет өршіген аймақтардағы (Эндемиалық аймақтағы) сақтық шаралар, жабайы жануарлардан аулақ болу, шикі ет жемеу.
Медициналық алдын алу
Қазіргі уақытта Эболаға қарсы ресми бекітілген және тиімділігі дәлелденген вакциналар бар. Ол әсіресе індет ошағында жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне және қауіп-қатер тобында жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне және қауіп-қатер тобындағы адамдарға салынады.
Эбола Африка құрлығының мәселесі ғана емес, жаһандану заманында, әуе қатынасы дамыған уақытта кез келген вирус бірнеше сағаттың ішінде шекара асып кете алады. Сондықтан бұл аурумен күрес – бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымдарының назарында тұрған ортақ іс. Сақтық шараларын білу және медицинаның дамуы адамзаттың бұл «көрінбейтін жаудан» қорғайтын басты қаруы болып қалмақ.
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасы














