» » ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ЖАСЫРЫН ІНДЕТ

ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ЖАСЫРЫН ІНДЕТ

Бүгінгі қоғамда көзге көрінбейтін, бірақ мыңдаған жастың тағдырын тәлкекке салып жатқан бір дерт бар. Ол – құмар ойындар. Бір қарағанда қарапайым ойын секілді көрінетін бұл әлемнің ар жағында қаншама үміттің үзілгені, қаншама жастың қарыз құрсауына түскені, қаншама отбасының шаңырағы шайқалғаны жатыр.
Өкініштісі, бұл індет күн өткен сайын тез тарап, құмар ойындарды бұрынғыдан да қолжетімді етті. Бүгінде букмекерлік сайттарға кіру үшін арнайы орын іздеудің қажеті жоқ. Қалтадағы телефон мен интернет болса жеткілікті. Бір батырманы басып, ақша тігуге болады. Ал жарнамалар ше? «Жеңіл табыс», «Үлкен ұтыс», «Бір мүмкіндік өміріңді өзгертеді» деген жылтыр сөздер жастарды арбайды. Бірақ сол жарнамалардың ар жағында қанша көз жасы мен өкініш тұрғанын кім білер?
Көптеген жастар алғашқыда аз ғана ақшамен бастайды. Ұтқан сайын өздерін жеңімпаз сезінеді. Бірақ құмарлықтың табиғаты сондай – адам тоқтай алмайды. Бір күні ұтылған ақшасын қайтармақ болып тағы ақша тігеді. Содан кейін тағы да. Осылайша ойын қызығушылықтан тәуелділікке айналады. Ақырында студенттің шәкіртақысы, ата-анасының берген ақшасы, тіпті несиеге алған қаражаты букмекерлік жүйенің құрбаны болады.
Қарызға батқан жастың арманы да қарызға батады. Ол болашағын емес, келесі төлемін ойлап өмір сүре бастайды. Кейбіреулер достарынан қарыз алады, кейбіреулер банктерге тәуелді болады. Ал ең қиыны – олар өз мәселесін жасырады. Себебі мойындауға ұялады. Бірақ жасырылған дерт жазыла ма? Жоқ. Ол күн сайын тереңдей береді. Кейде құмар ойынның құрбаны болған жастар тіпті жақын адамдарын алдауға дейін барады. Бастапқыда «соңғы рет қана», «ұтсам бәрін қайтарамын» деп өздерін жұбатады. Бірақ құмарлық адамды ақылдан алыстатып, үміттің соңынан жүгіртеді. Соның салдарынан адалдық жоғалып, сенімге сызат түседі. Ал сенім жоғалған жерде қандай қарым-қатынас берік болмақ?
Құмар ойындардың зардабы тек бір адамның тағдырымен шектелмейді. Оның салқыны отбасыға тиеді. Ата-ананың маңдай терімен тапқан ақшасы желге ұшады. Сенім жоғалады. Ұрыс-керіс көбейеді. Кейбір отбасылардың берекесі кетіп, тіпті шаңырағы ортасына түседі. Бір ғана батырмамен басталған ойын бүтін бір отбасының бақытын ұрлап кетуі мүмкін. Бір сәттік үміт үшін бүтін бір өміріңді тәуекелге тікпе!
Ең өкініштісі – құмар ойын адамның уақытын ұрлайды. Ал уақыт – қайтып келмейтін байлық. Біреулер сол уақытта білім алып, кәсіп үйреніп, болашағына инвестиция құйып жатқанда, енді біреулер экранға телміріп, келесі ұтысты күтумен өмірін өткізіп жатады. Ақыры қолында ақша да қалмайды, уақыт та қалмайды.
Біз көбінесе материалдық шығын туралы айтамыз. Бірақ рухани шығын одан да ауыр емес пе? Қанша жас өзіне деген сенімін жоғалтты? Қаншасы күйзеліске түсті? Қаншасы өмірдің мәнін жоғалтып алды? Бұл сұрақтардың жауабы статистикада емес, үнсіз жылаған ананың көз жасында, түн ұйқысын төрт бөлген әкенің уайымында жатыр. Сонда жастар неге бұл тұзаққа түседі? Бай болғысы келгендіктен бе? Әлде еңбек етпейақ жетістікке жетуді армандай ма? Қалай болғанда да, бір шындық анық: оңай келген ақша ешқашан тұрақты бақыт әкелмейді. Адамды биікке көтеретін – маңдай тер, білім және табанды еңбек.
Ұлы ойшылдар адамның ең үлкен жеңісі – өз нәпсісін жеңуі екенін айтқан. Ал құмар ойын адамның әлсіз тұсын пайдаланып, оны өз еркіне бағындырады. Сондықтан бұл дертпен күрес тек заңмен ғана емес, санамен де жүруі керек. Әр жас өз болашағына жауапкершілікпен қарағанда ғана бұл індеттің тамырына балта шабуға болады.
Құмар ойынға тігілген ақша емес – адам тағдыры. Ол адамның уақытын ғана емес, үмітін, сенімін, болашағын ұрлайды. Сондықтан әрбір жас өзіне мынадай сұрақ қоюы керек: «Мен бүгінгі қызығушылық үшін ертеңгі тағдырымды тәуекелге тігуге дайынмын ба? Бір сәттік үміт үшін өмірлік мүмкіндіктерімнен айырылғым келе ме?» Ұлттың болашағы – жастар. Ал жастың болашағы құмар ойынның қолында емес, өз қолында болуы тиіс. Ертеңгі күннің жарқын болуы бүгінгі таңдауға байланысты. Сондықтан таңдау жасарда әркім өз тағдырының құнын ұмытпағаны жөн. Құмар ойын – байлыққа бастар жол емес, бақытты ұрлайтын тұзақ.
Бауыржан ЖҮНІС
05 маусым 2026 ж. 101 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№42 (10510)

05 маусым 2026 ж.

№41 (10509)

02 маусым 2026 ж.

№40 (10508)

30 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 247
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 790

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930