» » Құрдым һәм құмар ойыны

Құрдым һәм құмар ойыны

Пойыз іші. Жолаушылар орналасып, әркім өз қалауынша уақыт өткізуде. Әдетте әлеуметтік желіні әрлі-берлі ақтаратын едім, бірақ жолда интернет желісі ұстамайды. Серік еткен кітабымды да соңына дейін оқып болдым. Әнеу бір стансада қалтафоныма карта ойынын жүктеп алғанмын, енді ойым сол көк экранның ішіндегі ойында болды. Бір кезде жанымдағы бір егде жастағы азамат "Сол бәлені ойнамай-ақ қойшы" деді. "Неге?" деп сұрадым, түк түсінбей.
– Бала кезде үйге қонақ келсе жастықты жастанып алып, барлығы карта ойнауға кірісетін, – деді өз әңгімесін бастап. – Өсе келе біз де ол ойынды үйреніп, бауырлар арасында ойнауды әдетке айналдырдық. Кейде 50-60 теңге тігіп ойнайтын кездеріміз де болатын. Қалаға оқуға келгенімде жатақханада жігіттермен жиналып картамен уақыт өткізетінбіз. Бірде бір жолдасымды букмекерлік орталықта кездестірдім. Өзімен бірге қомақты ақшасы бар, жақын жердегі бір асханада тамақтануға шақырды. Дастарқан басында шәкіртақы түскен кезде футболға ақша тігетінін айтты. Басында ешқандай мән бермедім. Студенттік кезде тамақтан тарылып қалатын кездер көп. Сондай бір күні ауылдан анам оқудың ақшасын беріп жібергенде азын-аулақ ақша алып, тігіп көрдім. Мен сенген футбол командасы ұтып, қалтам бір елі томпиып қалды. Содан бастап букмекерлік кеңселер екінші үйіме айналды. 500 теңгеден бастап, 60-70 мың тігетін күйге дейін жеттім. Басында жеңіп жүргенмен, бір күні жолым болмай барлық ақшамнан қағылдым. Оқудың ақшасын төлейтін күн жақындап, ұттырғанымды жеңіп алам деген оймен өзгелерден қарыз алып, тағы да бардым. Бірақ ол жолы да сәттілік маған қарсы келді. Оқудан шығарды, ішімдікке де салындым. Күнімді көру үшін қара жұмыс істедім, ақша таптым. Бірақ әлгі ойын өзіне тартып тұрды. Қарызға белшемнен бата бердім. Қазір жасым қырықтан асса да ешқандай жетістікке жеткен жоқпын. Әлі күнге дейін қара жұмыс істеп өмір сүріп жүрмін. Жақында әкем қоңырау шалып, ауылға шақырды. Жасы келіп үйдегі мал-жайды қарап бағуға күші жетпей бара жатқанын айтып, қайтуымды сұрады. Ата-ана қандай болсаң да қабылдайтынына сол кезде көзім жетті, – деді ол.
Мен де ойланып қалдым. Жәй қызық көруден бастағандардың, қазір қарызға белшесінен батқандар арамызда толып жүр. Қазір қаланың әрбір көшесінде түрлі ойын орталығы толып тұр. Іші қай-кезде де адамға лық толы. Барлығы әлдене бір ойынға ақша тігіп, жеңіп аламын деген ойда. Сонда бұл ойынның қандай құдіреті бар?
Жоқ, ешқандай да құдіреті жоқ. Миы "уланып" қалғандар, бір рет жеңіп көргендер сол жеңістен үмітін үзбей, бар қаражатын тігуге әбден еті үйреніп қалған. Өмірде қаншама адам дәл осы жерден барынан ұтылып қалса да қалғандары оны сабақ ретінде қабылдамайды. Басы тасқа тисе де қайтпайды. Сондағы бар ойы – кеткен теңгені қайтару. Өкінішке орай бұл мүмкін емес жағдай.
Құмар ойындары негізінен Азияда кеңінен дамыған. Бұдан Қазақстан да шет емес. Ойын орталықтары біздің елде 1990 жылдары ашыла бастаған. 2007 жылға дейін мұндай орталықтар тіпті шалғай ауылдар да болған. Ол жерде казино, түрлі ойын автоматтары мен букмекерлік кеңселер болған. Жаңа заң күшіне енбес бұрын елімізде "Отырар", "Олимпос" секілді атақты казино орталықтары жұмыс істеп келген. Қазірде ресми тіркелген казино орталықтары мемлекетке салық төлеп, өз жұмысын әлі де жалғастыруда. Ойынханаға 21 жастан асқан Қазақстан азаматы мен 18 жастан асқан шетелдіктің кіруіне рұқсат етілген. Сондай-ақ қазір онлайн букмекерлік кеңселер де өз жұмысын атқаруда. Олар мемлекеттік лицензия алып, толықтай заң жүзінде қызмет етеді. Яғни, біздің елде құмар ойына заң жүзінде рұқсат етілген.
Бірақ дін бұл мәселеге түбегейлі қарсы. Құмар ақыры қандай болатынын білместен ықтимал ұтысқа сүйене отырып ақша, құнды зат тігу, басқаша айтқанда бәс тігіп кездейсоқ нәтижемен табыс табуға үміт арту болып табылады. Сондықтан да ойынның қандай түрі болмасын осы сипаттарға ие болса ол құмар, әрі тыйым салынған ойын болып табылмақ. «Ей иман келтіргендер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және пал ашу оқтары лас, шайтанның амалдары. Одан аулақ болыңдар, бәлкім құтыларсыңдар» делінген Құран Кәрімде. Осы аятта құмар ойыны арақпен бірге айтылғандықтан екеуінің арамдығы мен күнәсі бірдей деген мағынаны береді. Оның үстіне құмар да арақ секілді тәуелділік тудырады. Тіпті құмарға тәуелділік арақтан да бетер. Адам әуелі дәм татады, сосын қызығады, сосын тәуелді болады, сосын онымен ауырады, құмардың вирусы адамның тәнімен қоса жанын да тіршілігінен айырады.
Қазіргі қоғам "құмар ойынды – ине, ал онымен ойнайтынды – нашақор" деп бекер айтып жүрген жоқ. Бар жиған-тергенін сол ойынға салатын адамдар дүние, ақша дегенді толықтай ұмытады. Олардың басты мақсаты – жеңіске жету, ақшалы болу. Алайда "жеңіске жеткен" адамдар жоқтың қасы. Барлығы да сол кеңсені байытып жүр. Халықаралық колледждердің статистикалық жіктемесінде (MKB-10) ломаномания немесе гемминглинг ауруы F63.0 атты кодпен тіркелген. Ал бұл ауруға ішімдікке салыну, нашақорлық пен құмар ойындарына деген құштарлық жатады. Яғни, азарттық ойындар ойнау – кәдуілгі ауру саналады. Ал оны ойнайтындарды психологиялық ауытқуы бар адам деп санауға толықтай негіз бар. Психологтардың айтуынша мұндай ойын орталығында жұмыс істейтін қызметкерлер психологиялық тұрғыдан арнайы дайындалады екен. Олар жұмыс барысында әр сөзі мен өзін-өзі ұстауы арқылы келген тұтынушыны бәс тігуге тартады. Тіпті мекемеде қосылып тұрған музыка мен әуен де психологиялық қысым көрсетеді. Соның нәтижесінде келгендер өзін жайлы сезініп, құмардың буынан шыға алмай қалады. Ең бірінші келген ойыншы алғашында ұтысқа кенеледі. Бұл букмекерлік кеңсенің арнайы табыс тактикасы. Кейін бұл жеңіске адамдар құмарланып, қомақты көлемде қаржы тіге бастайды. Ұтылған сайын бар ақшасын қайтарып алуды көздеп есепсіз қаражатты сол ойынның былығына араластыра береді. Тығырыққа тірелгенде көлігін, үйін тігуге дейін барады. Тіпті кейде құмарға салынып, отбасы мүшелерін де құл ретінде бәске тігетіндер де табылады.

P.S.
Бәйгеге бәс тігетіндер бас тігуден де тайсалмайды. Қолындағы бар дүниесін тігіп, сазға отырғандар саны күннен-күнге көбеюде. Олар орға жығатын ойынның алдында сағаттап тұрып, бар тапқанын тігуге дайын. Сананы улайтын жәшіктің алдындағылар саны бұл күнде азаймауда. Алайда, көк ақша оған "телміріп" отырғанның алдына оңай келмейтіні бәрімізге аян.

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ
11 ақпан 2020 ж. 1 539 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031