» » Құмар ойын құрдымға құлатады

Құмар ойын құрдымға құлатады

qarmaqshy-tany.kz Абзал – ауылдың баласы. Құмар ойынның жетегіне кеткеніне тура 5 жыл болды. Санасының уланғанын сірә өзінің мойындағысы келмейді. Былайша қарағанда сап-сау, сөзі түзу адам дерсіз. Бірақ- бірақ... Ойын дейтін дүниеге кіргенде есінен бір сәт ауып кеткендей. Ата-анасы мен жақын-жуығының бәрін қарызға белшеден батырған. Құмар ойын құдығынан әлі шыға алмай келеді. Оған басыбайлы кіріп кеткен. Соның кесірінен балаларды ертіп әйелі де төркінінде тұрып жатыр. Бір кірсе шыға алмайтын құрғыр құмардан талай отбасы ортасына түсті емес пе?
Иә, бұл біздің қоғамда бар жағдай. Бұрын тек құмар ойынды теледидардан көріп, оның қиындығына баса мән бермеуші едік. Бұл індет бізге де жетті. Тіпті мұндай ауыр кеселден ауыл жұртшылығы мүлдем ада еді. Ал қазір ше? Ауыл тұрғыны да осы ойынмен күресіп әлек. Оған жоғарыда айтқан жағдай дәлел. Әрине, бұл ащы болса да шындық.
Лудомания, гемблинг, игромания, құмар ойын әуестігі, құмар ойыншы – мұның барлығы әлем бойынша жайылып келе жатқан дерт атауы. Құмар ойынға тәуелділік тәннің емес, жан мен сананың ауруы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ойындардың психикалық ауытқуға әкеп соқтыратынын мәлімдеп, адам денсаулығына аса қауіпті сырқат қатарына жатқызып, дабыл қаққан. Ол ресми түрде психикалық ауытқу ретінде танылған, алкоголизм, наркомания, токсикомания сынды дертпен тең. Бірақ адам өз ауруын айғайлап айта ала ма? Ішіндегісін сыртқа шығарып, дерттен жазыла ала ма?
Оңай олжа кімге опа?
Әлемдегі ең бай адамның бірі – Билл Гейтц өзінің бір сұқбатында: «Адамзат тез баюға әуестеніп қалды. Ойының бәрі көп уақыт жұмсамай, тез байып кету. Оның бүгінде қауқарлысы құмар ойын. Кез келген адамның ойында аз уақытта мол табысқа кенелу идеясы тұрады. Бұған шектеу қоюдың өзі де баланың әңгімесі» дейді. Рас, бүгінгі жас оңай олжа тауып, тез бай болуды мақсат етеді. Айлап тапқан жалақысын бір күнде еселеп аламын деп құмар ойынға бас сұғады. Оның ішінде қызып тұрғаны букмекерлік кеңседегі құмар ойыны. Бүгінде ойын автоматына шектеу қойылды десек те, букмекерлік кеңсенің зияны ойын автоматынан кем болып тұрған жоқ.
Осыған тәуелді жандардың дені – жұмыссыздар. Жұмыс жоқ, жылдам ақша табу керек. Ол қалай? Қалтаны қағып, әлгі букмекерлік кеңсеге барады. Сондағысы – бәс тігу бәйгесінен ұту. Ал бәс тіккен адамның үнемі ұта беруі мүмкін емес қой. Алғашқыда ұтар. Осы қарқынмен «тағы, тағы» деген тойымсыздық көзін байлап, құмар ойынға қалай кіргенін білмей қалады.
Қарыз құлдығы
Құмар ойын – сәттілік пен жеңіл жол арқылы байлыққа кенелудің бір түрі. Алайда, бұл оңайлықпен келетін дүние емес. Себебі құмар ойынның заңдылығы да осында. Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы, қанағатсыздық танытып олжасын еселегісі келеді. Ойын шарты бойынша адам соңында қалай болсын жеңіліске ұшырауы тиіс. Бірақ мұны көбісі мойындағысы келмейді. «Ақшаны қалайда кері қайтарып алуым керек». Осылайша еңбектеніп тапқан табысын картаға, футбол сияқты букмекерлік кеңсеге салып сан соғып, бармақ тістеп қалып жатқаны. Барынан айырылғанына қарамай, келесі жолы «айым оңынан туады» деген соқыр үміттің арбауында қалып, тоқтаусыз ойынды жалғастыра беруші де аз емес. Осылай ақша үстіне ақша табамын деп несие алады. Жақын-жуық, дос-жаран барлығына дерлік қарыз.
Тәуелділіктің емі бар ма?
Құмар ойынға тәуелділік тәнді ауыртып, жанға жапа шектірмесе де, сананы улап, айрандай ұйып отырған отбасыны тас-талқан етуге құдіреті жетеді. Бойдақпын деп алшаң басқанның да тұмсығы тасқа тиген.
Қазір не көп? Психолог пен коуч мамандар көп. Алайда тәуелді адамдармен жұмыс істейтін мамандар аз. Тәуелділіктен арылу мүмкін. Оны жазу үшін адамның өзінің тәуелділігін алмастыру қажет. Мысалы, кейбір адамдар болады: ешқандай ішімдікке, есірткіге, құмар ойынға әуестігі жоқ. Бірақ олардың барлық әуестігі – жұмыс. Қазіргі таңда ойынқұмар адамның назарын, ой-өрісін, миындағы нейрондарын тірілтіп, соны басқа салаға аудару керек. Кейбір адам суретті мықты салады немесе әнді жақсы айтады. Біреуінің шығармашылыққа немесе спортқа бейімі бар. Сол бейіміне қарай осы құмарлықтың орнын ауыстыру керек дейді мамандар. Сонымен қатар, тәуелділікке бой алдыратын пациенттердің 90%-і үйінің ерке не жалғыз баласы. Өйткені олар қиындық көрмеген немесе ата-ананың қатты назарында болған жасөспірімдер көбіне осындай құмар ойынға әуес болады. Сонымен қатар жарнаманың көптігі де адамның ішкі түйсігі, ғажайыпқа сенетін адамдар осындай қадамға барады.
Тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады
– Каспи голдыңда тиын бар ма?
– 500 теңге ғана бар.
– Маған жібер, қазір 10 мыңға көтеріп аламын.
Өкінішке орай бұл қазір жастар арасында белең алған диалогтың бір түрі. Бүгінде жарнамасы желіні жарған ойынның түрі көбейген. "Қарыздан құтылғың келеді ме, несиені жабуға көмектесемін" деген желідегі жарнамадан көз сүрінеді. Мұны әсіресе танымалдықты серік еткен блогерлерден көптеп кездестіреміз. Жақында осының бірін зерттеп қарап көрген едік. Әлгі жарнамалардың бірі бойынша жазып көрдік. Бірінші кезекте арнайы телеграмм каналға шақырады екен. Бұл каналға тіркелудің де түбінде ақша жасап қалу бар. 1500 теңгеден бастап ойнасаңыз болады дейді. Неғұрлым көп ақшамен бастасаңыз, ұту мүмкіндігі де көп деп қызықтырып қоятыны және бар. Әрине, бірден көп ақшаны, ұтысты қалаған жан да ақшаға қарамай бәсті тіге салып, соңында опық жеп қалады. Әрине, тегін ірімшік қақпанда болатынын ұмытпайықшы.
«Ойын бизнесі» туралы заң
Елімізде 2007 жылы 12 қаңтарда No219 нөмірмен қабылданған «Ойын бизнесі» туралы Заң бар. Жалпы 17 баптан тұрады. Заң 2007 жылдан 2022 жылға дейін 31 рет өзгерістер мен толықтыруларға ұшыраған. Дегенмен, аталған заңда құмар ойынға жас шамасына қарай шектеу көрсетілмеген. Яғни заңда «кәмелетке толмаған» деген сөз жоқ. Сол себепті бұл үлкен мәселе.
Қазір әлеуметтік желілерде құмар ойындардың жарнамасы ашықтан ашық жүреді. Ойынға ұтылып, қарызға батқан адам – ерікті. Ойыншыға және ұсынушыға азаматтық кодекс бойынша ешқандай міндеттеме жүктемейді. Ойынның зардаптарынан ешқандай букмекерлік немесе тотализаторлар иелері Заңның алдында ешқандай жауапкершілік көтермейді. Тек қана заңсыз, лицензиясыз жұмыс істеген жағдайда ғана жауапкершілікке тартылады.
Телефонда ойналатын құмар ойындарға қатысты заңдық шектеулер мүлде жоқ. Сол себепті де қазір телефон арқылы, телекоммуникациялық интернет жүйе арқылы ойын бизнесі әрі қарай дамып кеткен. Әдетте, оқу орнында емтихан тапсырған кезде әртүрлі базаларды енгізген кезде, жеке куәлігі бәрі куәландыру арқылы сол бала тапсырып отырған-отырмағанын тексереді. Білім саласында емтихан тапсырып жатқан адамға сондай қатты талаптар қойылады. Ал интернет арқылы ойнап отырған, компьютердің ар жағында кім отырғаны беймәлім. Ол 5 жасар бала ма, 15 жастағы жасөспірім бе? Ешқандай бақылау жоқ. ЖСН терсе немесе тіркелсе болды. Ойыны басталып кетеді. Ары қарай зерттеп, анықтап жатқан ешкім жоқ. Мұның өзі үлкен қауіп.
Құмар ойынға деген тәуелділік ғасыр індетіне айналып барады. Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде құмар ойынға құныққандардың қатары 350 мыңнан асады екен. "Жер-жерде жылтыңдап шыға келетін жарнама да бұған әсер етіп жатыр" дейді психолог мамандар.
ТҮЙІН Елдің болашағы, ертеңі деп сенген жастың көздегені құмар ойын, оңай олжа болса, елдің намысының өшкені емес пе?! Әрине, еңбекпен, маңдай термен келетін табыстың жөні бір басқа. Құмарға құнығып қасірет тартпау үшін, әр адам ішкі ерік-жігерін үнемі арттырып отырғаны абзал.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
23 қаңтар 2023 ж. 516 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 263

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 362

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930