» » ҚҰМАР ОЙЫНҒА НЕГЕ ҚҰМАРТТЫҚ?

ҚҰМАР ОЙЫНҒА НЕГЕ ҚҰМАРТТЫҚ?

Ауылға көптен бері келіп тұрғаным осы. Елге келсең үлкен үйге сәлем бере бару біздің міндет. Әдеттен жаңылмай, сол жаққа қарай бет алдық. Үйге кіргеннен-ақ, күңгірт тартқан қараңғы бөлмеде үнсіз отырған аға-жеңгені көрдім. Көзі мұң, жүзі солған әлгі шаңырақта бір дүниенің болғаны анық. Амандық білісіп, жөн сұрасқан соң  өздерін бағып отырған ұлының құмар ойынға  басыбайлы кіріп кеткенін айтты. Соның кесірінен немерені ертіп келін де төркініне кеткен. Сенгім келген жоқ. Бірақ ақиқаты осы. Бір кірсе шыға алмайтын құрғыр құмардан талай отбасы ортасына түсті емес пе?

Иә, бұл біздің қоғамда бар жағдай. Бұрын тек құмар ойынды теледидардан көріп, оның қиындығына баса мән бермеуші едік. Бұл індет бізге де жетті.  Тіпті мұндай ауыр кеселден ауыл жұртшылығы мүлдем ада еді. Ал қазір ше? Ауыл тұрғыны да осы ойынмен күресіп әлек. Оған жоғарыда айтқан жағдай дәлел. Әрине, бұл ащы болса да шындық.
ОҢАЙ ОЛЖА КІМГЕ ОПА?
Әлемдегі ең бай адамның бірі – Билл Гейтц өзінің бір сұхбатында: «Адамзат тез баюға әуестеніп қалды. Ойының бәрі көп уақыт жұмсамай, тез байып кету. Оның бүгінде қауқарлысы құмар ойын. Кез келген адамның ойында аз уақытта мол табысқа кенелу идеясы тұрады. Бұған шектеу қоюдың өзі де баланың әңгімесі» дейді. Рас, бүгінгі жас оңай олжа тауып, тез бай болуды мақсат етеді. Айлап тапқан жалақысын бір күнде еселеп аламын деп құмар ойынға бас сұғады. Оның ішінде қызып тұрғаны букмекерлік кеңседегі құмар ойыны. Бүгінде ойын автоматына шектеу қойылды десек те, букмекерлік кеңсенің зияны ойын автоматынан кем болып тұрған жоқ.
Осыған тәуелді жандардың дені – жұмыссыздар. Жұмыс жоқ, жылдам ақша табу керек. Ол қалай? Қалтаны қағып, әлгі букмекерлік кеңсеге барады. Сондағысы – бәс тігу бәйгесінен ұту. Ал бәс тіккен адамның үнемі ұта беруі мүмкін  емес қой. Алғашқыда ұтар. Осы қарқынмен «тағы, тағы» деген тойымсыздық көзін байлап, құмар ойынға қалай кіргенін білмей қалады. 
ҚАРЫЗ ҚҰЛДЫҒЫ
Құмар ойын – адамның біліктілігіне қарағанда сәттілік пен жеңіл жол арқылы байлыққа кенелудің бір түрі. Алайда, бұл оңайлықпен келетін дүние емес. Себебі құмар ойынның заңдылығы да осында.  Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы, қанағатсыздық танытып олжасын еселегісі келеді. Ойын шарты бойынша адам соңында қалай болмасын жеңіліске ұшырауы тиіс.  Бірақ мұны көбісі мойындағысы келмейді. «Ақшаны қалайда кері қайтарып алуым керек». Осылайша еңбектеніп тапқан табысын картаға, футбол сияқты букмекерлік кеңсеге салып сан соғып, бармақ тістеп қалып жатқаны. Барынан айырылғанына қарамай, келесі жолы «айым оңынан туады» деген соқыр үміттің арбауында қалып, тоқтаусыз ойынды жалғастыра беруші де аз емес. Осылай ақша үстіне ақша табамын деп несие алады. Жақын-жуық, дос-жаран барлығына дерлік қарыз.
ДІН НЕ ДЕЙДІ?
Асыл дінімізде құмар ойын харам. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91-аятында былай деген: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тас­тар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен.  Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» делінген. Бұл аятта ең үлкен күнәнің қатарында Аллаға серік қосумен бірге арақ ішу, бал ашу және сонымен бірге құмар ойнауды да ерекше атаған. Сол себепті де құмар ойынды Ібіліс лағынеттің ісі екенін еш шүбәсіз деп білуге тиіспіз.
МАМАНДАР НЕ АЙТАДЫ?
Адамды құмар ойынға жетелейтін бірнеше фактор бар. Біріншіден, өзіне деген сенімсіздік, өзін төмен бағалау. Шынайы өмірге қарағанда виртуалды өмірге жақын болу, өз сезімін басқара алмау. Екіншіден, өз-өзіне көңілі толмаушылық, жалғыздық, еңбексіз бірден байып кету тілегі.
Жапон ғалымдары соңғы зерттеулерде ойынға тәуелділік «бақыт гармонының» жетіспеуінен болатынын дәлелдеп отыр. Тәуелді адамның ішкі проблемасына, мұқтаждығына, жасырын комплексіне, конфликтілік жағдайға байланысты екен. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау да маңызды орын алады.
Мамандар айтатын мәселенің ең негізгісі – өзінің емделуге деген жоғары қауқары мен сенімділігі. Бұл дертке шалдыққан адамның өз еркімен емделуге келетіні бірен-саран ғана. Алайда бар. Дегенмен оларға бірден айығып кету қиындық тудыратын болуы керек. Ресейде ойын автоматына тәуелділіктен құтылуға келген 96 адамға  жүргізілген зерттеу нәтижесінде өзіне-өзі қол жұмсауға оқталып жүрген 15 жағдай, психологиялық ауытқуға түскен 36 жағдай анықталған. Яғни, бұл адамға материалдық жағынан ғана емес, моральдық жағынан да кері әсерін тигізеді.

ТҮЙІН
Елдің болашағы, ертеңі деп сенген жастың көздегені құмар ойын, оңай олжа болса, елдің намысының өшкені емес пе?! Әрине, еңбекпен, маңдай термен келетін табыстың жөні бір басқа. Құмар ойынын түпкілікті тамырымен жойып жіберу мүмкін емес. Дегенмен де қандай да дүниенің болмасын шегін білсек құба-құп. Ендеше адамшылыққа бет бұрып, адал өмір сүргенге не жетсін шіркін?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ

17 шілде 2019 ж. 1 235 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031