» » АРАҚСЫЗ ҚОҒАМ: АРМАННАН АҚИҚАТҚА

АРАҚСЫЗ ҚОҒАМ: АРМАННАН АҚИҚАТҚА

Спиртті ішімдік – азғындық бастауы. Осы сусынның салдарынан жыл сайын елімізде мыңдаған адам қаза тауып, отбасылар ойран болып, балалар жетім қалып қасірет тартады. Араққа жақын адамнан жақсы нәрсе көрмедік, керісінше оған құмар жанның тағдыры трагедияға айналатынына куә болып жүрміз. Маскүнемдік – бізді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған басты мәселе екені анық. Десе де, соңғы уақытта алкогольге қатысты ахуалда өзгеріс бар. Оған себеп, салауатты өмір салтын қолдаған «арақсыз ауылдардың» көбеюі.
Атадан қалған ас емес
Бір жұтым су. Осы бір жұтым су сіздің өміріңізді өзгертуі мүмкін бе? Әрине, егер ол күнделікті тұтынып жүрген тіршілік көзі болса, ғұмырыңызға әлдеқандай өзгеріс әкелмейді. Ал сол бір жұтым су арақ болса ше? Онда өміріңіз басқа бағытқа ауысуы бек мүмкін. Өкініштісі, жақсы жағынан емес. Өйткені, арақты ұрттағанда-ақ айрандай ұйыған отбасы ойрандалады, денсаулыққа дерт жабысады, ұрпақ азғындалады. Содан болса керек қазақ даналығы «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым» деп тәмсілдеген. Сондай-ақ Мөңке бидің «Ішкенің сары су болады, берсең итің ішпейді. Бірақ адам соған құмар болады» деп күңірене айтуы да бекер емес-ті. Қазір бабалар қорқатын заман келді. Маскүнемдік дертіне шалдыққандар да азаяр емес.
Жалпы ішімдік бізге қашан, қайдан келді? Адал ас ішкен халқымыз араммен қалайша араласты? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек.
Қазақ халқының осы кезге дейін жауы көп болды, патша мен кеңес өкіметінің отаршылдық саясаты жымысқы түрде жүргізілді. Қазақты діні мен салт-дәстүрінен айыру үшін неше түрлі қитұрқы істерді бірте-бірте іске асырып отырды. Сол кезде кеңестік заманда оқып қалыптасқан зиялылар орыс зиялылармен араласуы нәтижесінде жаман әдетке үйір бола бастады, ол ішімдік ішу еді. Оларға қой деп айтатын қазақ қоғамының қозғаушы күші болып табылатын байлар да тәркілеуге ұшырап, қарсылық көрсеткендері атылып және Сібірге жер аударылды. Одан кейін соғыстан оралған азаматтарымыз соғыс кезінде «наркомдық 100 грамға» бой алдырып келгендіктен араққа қарсы болмады. Осылайша кеңбайтақ жерімізді толарсақтан саз кешіп, білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған батыр халықтың ұрпақтары арақтың алдында дәрменсіз болып шықты.
Ақыл айтатын еліміздің астанасы Алматыдағы зиялы қауым, яғни халықтың таңдаулы өкілдері, ғалымдар, өнер адамдары, жазушылар мен әнші-сазгерлер 1950 жылдардың ортасында арақ ішуді «мәдениетке» айналдырды. 1960 жылдардың басынан бастап ол «мәдениет» ауылға да келді, қазақтың тойы арақсыз өтпейтін жағдайға жетті. Қазақтың талай талантты адамы осы арақтың құрбаны болып кетті. Арақ ең алдымен отбасының шырқын бұзды, ажырасу қалыпты жағдай болды, қыздар оң жақта отырып «кәрі қыз» атанды.
Қазір де жағдайдың оңып тұрғаны шамалы, тойханада той өткізгенде арақты шамадан тыс алады, ішілмей қалғанын көтерме дүкен иесімен келісіп қайта өткізеді. Ішімдік өтімді тауар болғандықтан оны қайтарып алады, ал онымен қосып алған түрлі газды сусынды алмайды. Тойханада ащы суға сылқиып тойып алған жас пен кәрінің ерсі қылықтарын көргенде жерге кірер тесік таппайсыз. Жетпістен асқан әжейдің билеймін деп шпагатқа отырғаны, алпыстан асқан ақсақалдың биші қызбен жарыса билегені, ащы судың әсерінен жалаңаштанып, ортада ерсі қылық жасайтын жастардың бейне түсірілімдері әлеуметтік желіде еркін таралып жүр. Тіпті мұндай көріністерді жүздеп емес, мыңдап кездестіруге де болады. Мұндай масқараға қалудың жалғыз ғана себебі – ішімдік болып тұр. Cтатистикалық көрсеткішке келсек, Қазақстан алкоголь ішімдігін ішу мен отбасылық ажырасу жағынан алғашқы ондыққа кіреді екен. Жағдайдың қаншалықты қиын екенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
Арақсыз өмір де, көңіл де бар
Біз жоғарыда тақырыпша еткен «Арақ – атамыздан қалған ас емес» деген ұранмен бүгінде ауылдарда ішімдікке қарсы үгіт-насихат жүргізіліп жатыр. Кейбір елді мекенде дастарқанға арақ-шарап қойылмайды және дүкендерде сатуға тыйым салынған.
Қазір ащы су дастарқанға қойылғанмен, бұрынғыдай емес, мүлде жоғалып кетпесе де, азайды. Шынында да, соңғы жылдары Қазақстанда алкогольден бас тарту үрдісі байқала бастады. Кей өңірлерде тұтас ауылдар ішімдік сатудан толықтай бас тартып жатыр. Мәселен, 2025 жылы Батыс Қазақстан өңірінде 33 ауыл «құрғақ заң» енгізген. Ал Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы 13 ауыл алкогольден толық бас тартқан. Мұндай ауылдарда қылмыс азайып, қоғамдық тыныштық күшейгені де жиі айтылады. Кей елді мекендерде тұрғындар тіпті түнде есігін құлыптамайтын деңгейге жеткен.
Жасөспірімдер арасында да алкоголь тұтыну көрсеткіші төмендеп келеді. Ресми мәлімет бойынша, 2024 жылы алкогольге тәуелділікпен бақылауда тұрған кәмелетке толмағандар саны 131 болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 47-ге азайған.
Бұл өзгеріске әсер еткен бастамалардың бірі ретінде «Арақсыз ауыл» жобасы аталады. Қазір Қазақстанның әр өңіріндегі 280-нен астам ауыл алкоголь сатудан толықтай бас тартқан. Мұндай елді мекендерде дүкендер мен дәмханаларда спирттік ішімдіктер мүлде сатылмайды. Жоба жүзеге асқан ауылдарда қылмыс деңгейі төмендеп, қоғамдық тәртіптің жақсарғаны да айтылып жүр.
Статистика алкоголь өнімдерінің сатылымы да біртіндеп азайып келе жатқанын көрсетеді. 2025 жылы арақ өнімдерінің сатылымы 3,8 пайызға төмендесе, 2026 жылдың алғашқы айларында бұл көрсеткіш тағы 11,6 пайызға қысқарған. Шарапқа деген сұраныс та азайған.
Өңірдегі өзгеріс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жергілікті әкімдік және прокуратура органының бірлескен жұмысының нәтижесінде біздің аудандағы Иіркөл, Қармақшы, Төребай би ауылы «Арақсыз ауыл» атанған болатын. Ал көршілес Жалағаш ауданына қарасты барлық 14 ауыл алкогольден бас тартыпты.
Бұл – жергілікті аумақта қоғамдық тәртіпті нығайтуға, құқықбұзушылықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Осы бастама – қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде орта есеппен әрбір жетінші құқық бұзушы мас күйінде қылмыс жасаған. Олай болса осы санды азайтуда мүмкіндігіміз мол. Ол үшін саналы да сапалы ұрпақ өссін, қылмыс азайсын деген мақсатта ішкілікке тыйым салған ауылдар өзге елді мекендерге өнеге болса игі.
Өзге облыстар жүзеге асырып жатқанда, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған біздің ауданды да неге арақсыз етпеске деген ой біздікі. Тілшінің тілегі оқырманға ой салу, әрмен қарай оны ұйымдастырып, ащы судан арылу әр тұрғынның қалауында.
Ішімдікке тыйым салған елдер
Әлемнің бірқатар елі алкогольдің адам денсаулығына ғана емес, қоғамның тыныштығы мен ұлттың болашағына да зиян екенін ескеріп, ішімдік сатуға қатаң шектеу қойған. Кей мемлекеттерде арақ-шарап өндіруге, сатуға және ішуге толық тыйым салынса, енді бірінде тек туристерге немесе арнайы рұқсаты бар адамдарға ғана шектеулі түрде рұқсат беріледі. Әсіресе мұсылман мемлекеттерінде алкогольге қатысты заң өте қатаң. Себебі ислам дінінде ішімдік ішу харам саналады.
Көпшілік ішімдікке толық тыйым салынған елдер десе, алдымен мұсылман мемлекеттерін еске алады. Мұндай елдерде алкоголь тек денсаулыққа зиян өнім ретінде ғана емес, қоғамдық тәртіпке, отбасы құндылығына және рухани өмірге қауіп төндіретін фактор ретінде қарастырылады.
Йемен елінде алкоголь өнімдерін сатуға толық тыйым салынған. Тек Аден мен Сана қалаларында туристерге арналған арнайы орындар ғана жұмыс істейді. Онда өзге дін өкілдері шарап сатып ала алады. Бірақ ішімдікті қоғамдық орында ішуге болмайды. Оны тек үйде немесе жабық орында пайдалануға рұқсат етіледі.
Біріккен Араб Әмірліктері мемлекетінде де алкогольге қатысты талап қатаң. Әсіресе Шарджа әмірлігінде ішімдік сатуға мүлде тыйым салынған. Арақ-шарап сатқандарға немесе сатып алғандарға ірі көлемде айыппұл салынып, кей жағдайда түрмеге жабылады. Тіпті шариғат заңына сәйкес дүре соғу жазасы да қолданылады.
Ал басқа әмірліктерде алкоголь тек арнайы лицензиясы бар орындарда ғана сатылады. Мұнда да ішімдікті тек мейрамхана мен бар аумағында ішуге болады. Көшеде мас болып жүруге заңмен тыйым салынған.
Судан билігі 1983 жылдан бастап елде алкоголь сатуға толық тыйым енгізген. Бұл мемлекетте ішімдік өндіруге де, сатуға да, ішуге де рұқсат жоқ. Дегенмен туристерге кей жағдайда жеңілдік беріледі. Олар алкогольді тек қонақүй бөлмесінде немесе үй ішінде ғана пайдалана алады.
Сауд Арабиясы әлемдегі алкогольге ең қатаң қарайтын елдердің бірі саналады. Бұл елге келген туристерге әуежайда-ақ ішімдікке тыйым салынғаны ескертіледі. Жолаушылардың жүгін мұқият тексереді. Ел ішінде алкоголь сақтауға, тасымалдауға немесе ішуге заң жүзінде толық тыйым салынған. Мұндай әрекет үшін ауыр жаза қарастырылған.
Пәкістан елінде алкогольге өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап шектеу қойылған. Халықтың басым бөлігі мұсылмандар болғанымен, өзге дін өкілдеріне арнайы рұқсат арқылы алкоголь сатып алуға мүмкіндік беріледі.
Мавритания да шариғат заңдарын ұстанатын мемлекеттердің бірі. Сондықтан мұнда алкогольге қатаң бақылау қойылған. Шетел азаматтарына арнайы орындарда ғана рұқсат беріледі. Бірақ қоғамдық орында мас күйде жүруге болмайды.
Бір кездері әлемде алкогольді ең көп тұтынатын елдердің бірі болған Ливия кейін бұл бағыттағы саясатты түбегейлі өзгерткен. Ел билігі ішімдік сатуға толық тыйым салып, көлеңкелі саудамен күресті күшейткен. Қазір бұл елде алкоголь сататын орын табу өте қиын.
Ал Кувейт заңдары да қатаң. Мұнда ішімдік ішкен адамдар түрмеге қамалуы немесе елден депортациялануы мүмкін. Иран билігі туристерге белгілі бір деңгейде түсіністік танытқанымен, мұсылмандар үшін алкогольге қатысты талап өте қатал. Елде алкоголь өндіру мен сатуға кей жағдайда рұқсат болғанымен, мұнымен мұсылмандар айналысса, жаза ауыр болады.
Үндістан мемлекетінде алкогольге толық тыйым жоқ. Бірақ кей штаттарда арақ-шарап сатылмайды. Мысалы, Мадхья-Прадеш, Нагаленд және Бихар штаттарында алкоголь өнімдеріне қатаң шектеу қойылған. Ал Мальдив аралдарында жергілікті тұрғындарға алкоголь ішуге болмайды. Туристік аймақтардағы арнайы орындарда ғана рұқсат етіледі. Бруней мен Бангладеш елдерінде де алкогольге қатысты талап қатаң. Туристер өзімен бірге алкоголь алып келсе, бұл туралы кеден қызметіне алдын ала хабарлауы керек. Ішімдікті тек қонақүйде немесе үй ішінде ғана пайдалануға рұқсат беріледі.
Түйін Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы «Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ» деген. Ұлтымызда «Қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені» деген де ұлағатты сөз бар. Маскүнемдік адамдардың денсаулығын құртып қоймай, шаңырағын шайқалтады, әлқуатынан айырып, берекесін бұзады. Қылмыстың басым бөлігі алкогольден бастау алып жатқандықтан, толықтай бас тартатын уақыт келген де болар. Жоғарыда ащы судан ада өзге елдер мен ауылдардың жай-күйімен бөлістік. Арақсыз аудан атансақ, ұрпағымыз біршама қатерден аман болар ма еді?! Ал сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
29 мамыр 2026 ж. 100 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№40 (10508)

29 мамыр 2026 ж.

№39 (10507)

26 мамыр 2026 ж.

№38 (10506)

23 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 195
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 757

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031