Алкомаркет: кәсіп пе, қауіп пе?
Спиртті ішімдік – азғындықтың бастауы. Осы сусынның салдарынан жыл сайын елімізде мыңдаған адам қаза тауып, отбасылар ойран болып, балалар жетім қалып қасірет тартады. Араққа жақын адамнан жақсы нәрсе көрмедік, керісінше оған құмар жанның тағдыры трагедияға айналатынына куә болып жүрміз. Маскүнемдік – бізді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған басты мәселе. Әйтсе де, оны кәсіп көзіне айналдыратын адамдардың қатары көбейіп барады. Арақ сататын шағын дүкендер аз болғандай, алкомаркеттер де жұмыс істеуде. Бұл бізді қайда апарады? Сараптап көрелік.
(сурет ашық дереккөзден)
Кәсіпке шектеу жоқ, бірақ...
Иә, қазір таяқ тастам жер жүрсеңіз алдыңыздан дүкен кезігеді. Аудандағы жағдай осылай. Кішкентай ауылдық мекеннің өзінде кем дегенде үш дүкен бар. Олардың басым бөлігінде спиртті сусын сатылады. Ал ауданымызда тіпті алкомаркеттің өзі де бар. Бірер күн бұрын сол аумақтың тұрғынымен кезігіп қалдық. Сонда ол «Шыны керек тұрғын үйдің маңайынан мұндай дүкен ашылған сәтте біраз ашуға бой алдырдық. «Заң қайда? Құзырлы органдар қайда қарап отыр?» деп көрші-көлем болып мазамыз кетті. Біреудің жеке меншігіндегі дүниеге, қолымыздан еш нәрсе келмейтін болғандықтан қоя салдық. Бірақ, бұл көңіліміз жайланды деген сөз емес. Бұл жерден балалар ары-бері өтеді, ойнайды. Мәселен мектепте тәлім-тәрбие алса да, далаға шығысымен алдымен алкомаркетті көреді емес пе? Ал, бұл әлі өсіп-жетілмеген, оң-солын танып үлгермеген жас өскінге қалай әсер етеді? Бұл жайында мен ғана емес бүгінгі қоғам ойлануы керек» деді ол. Біз ақжаулықты апаның қобалжыған дауысынан ұрпақ болашағына деген алаңдаушылығын айқын аңғарғандай болдық. Алаңдайтын жөні бар. Себебі, бүгінде елімізде спирттік ішімдікке үйір жастар көбейген. Наркологтардың зерттеуіне сүйенсек, адам шошырлық ақпараттар айтады. Мәселен, балалар бұл дүниеге 8-10 жасында қызығып, еліктеп, әуестікпен «дәмін» татып көре бастайды екен. Ал әлеуметтік зерттеулер 13-15 жастағы ер балалардың 75, қыздардың 40 пайызы сырадан бастап, шарап, араққа дейінгі ішімдіктерді ішіп көргенін айтады.
Шынына тура қарасақ, кәсіпкер жеке құлқы үшін қызмет етуді ғана ойлайды. Кәсіпкерлікті дамытуға жол ашып, арқаны кеңге жайып жүргенде, үйдей пәлеге душар болмасақ игі еді. Себебі, ісін дамытуды ғана көздеп кез келген жерден арақ-шарап дүкенін ашып жатқандар ұрпақ тәрбиесі жайында мүлде ойланбайтын тәрізді. Бізді алаңдататыны да осы. Бір жылдары алкогольді өнімдер бағасы қымбаттағанымен, ол бүгінде кім-кімге де қолжетімді болып тұр. Темекінің де бағасы шарықтады. Десе де, денсаулыққа қаупі бар бұл екі затты тұтынушылар азайған жоқ. Шымбайға батса да шындық осы. Қалай болған күнде де, мәселені реттейтін басқа заң қабылдайтын кез жеткен секілді. Өйткені, жер-жердегі саңырауқұлақтай қаптаған мұндай дүкендер талай қасіреттің бастауы болмасына кім кепілдік береді?
Атадан қалған ас емес
Бір жұтым су. Осы бір жұтым су сіздің өміріңізді өзгертуі мүмкін бе? Әрине, егер ол күнделікті тұтынып жүрген тіршілік көзі болса, ғұмырыңызға әлдеқандай өзгеріс әкелмейді. Ал сол бір жұтым су арақ болса ше? Онда өміріңіз басқа бағытқа ауысуы бек мүмкін. Өкініштісі, жақсы жағынан емес. Өйткені, арақты ұрттағанда-ақ айрандай ұйыған отбасы ойрандалады, денсаулыққа дерт жабысады, ұрпақ азғындалады. Содан болса керек қазақ даналығы «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» деп тәмсілдеген. Сондай-ақ Мөңке бидің «Ішкенің сары су болады, берсең итің ішпейді. Бірақ адам соған құмар болады» деп күңірене айтуы да бекер емес-ті. Қазір бабабар қорқатын заман келді. Маскүнемдік дертіне шалдыққандар да азаяр емес.
Жалпы ішімдік бізге қашан, қайдан келді? Адал ас ішкен халқымыз араммен қалайша араласты? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек.
Қазақ халқының осы кезге дейін жауы көп болды, патша мен кеңес өкіметінің отаршылдық саясаты жымысқы түрде жүргізілді. Қазақты діні мен салт-дәстүрінен айыру үшін неше түрлі қитұрқы істерді бірте-бірте іске асырып отырды. Сол кезде кеңестік заманда оқып қалыптасқан зиялылар орыс зиялылармен араласуы нәтижесінде жаман әдетке үйір бола бастады, ол ішімдік ішу еді. Оларға қой деп айтатын қазақ қоғамының қозғаушы күші болып табылатын байлар да тәркілеуге ұшырап, қарсылық көрсеткендері атылып және Сібірге жер аударылды. Одан кейін соғыстан оралған азаматтарымыз соғыс кезінде «наркомдық 100 грамға» бой алдырып келгендіктен араққа қарсы болмады. Осылайша кең-байтақ жерімізді толарсақтан саз кешіп, білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған батыр халықтың ұрпақтары арақтың алдында дәрменсіз болып шықты.
Ақыл айтатын еліміздің астанасы Алматыдағы зиялы қауым, яғни халықтың таңдаулы өкілдері, ғалымдар, өнер адамдары, жазушылар мен әнші-сазгерлер 1950 жылдардың ортасында арақ ішуді «мәдениетке» айналдырды. 1960 жылдардың басынан бастап ол «мәдениет» ауылға да келді, қазақтың тойы арақсыз өтпейтін жағдайға жетті. Қазақтың талай талантты адамы осы арақтың құрбаны болып кетті. Арақ ең алдымен отбасының шырқын бұзды, ажырасу қалыпты жағдай болды, қыздар оң жақта отырып «кәрі қыз» атанды.
Қазір де жағдайдың оңып тұрғаны шамалы, тойханада той өткізгенде арақты шамадан тыс алады, ішілмей қалғанын көтерме дүкен иесімен келісіп қайта өткізеді. Ішімдік өтімді тауар болғандықтан оны қайтарып алады, ал онымен қосып алған түрлі газды сусынды алмайды. Тойханада ащы суға сылқиып тойып алған жас пен кәрінің ерсі қылықтарын көргенде жерге кірер тесік таппайсыз. Жетпістен асқан әжейдің билеймін деп шпагатқа отырғаны, алпыстан асқан ақсақалдың биші қызбен жарыса билегені, ащы судың әсерінен жалаңаштанып, ортада ерсі қылық жасайтын жастардың бейне түсірілімдері әлеуметтік желіде еркін таралып жүр. Тіпті мұндай көріністерді жүздеп емес, мыңдап кездестіруге де болады. Мұндай масқараға қалудың жалғыз ғана себебі – ішімдік болып тұр. Cтатистикалық көрсеткішке келсек, Қазақстан алкоголь ішімдігін ішу мен отбасылық ажырасу жағынан алғашқы ондыққа кіреді екен. Жағдайдың қаншалықты қиын екенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
Ішімдікке сұраныс көбейгені рас па?
Қазір ішімдіктің жарнамасы көптің көзінде емес. Соның өзінде ащы судан бас тартқандар азайған жоқ. Өндіріс көлемі де жыл санап артып барады. Өйткені алкогольді өнімдерге деген сұраныс көп. Бүгінде елімізде алкоголь өнімін саудалайтын 50 мыңға жуық сауда орны тіркелген екен. Мұның тым көп екендігін мамандар да растап отыр. Ал шет елдерде бәрі басқаша. Мысалы, Францияда 3 мың тұрғынға 1 алкоголь дүкенінен келсе, Исландияда 15,9 мың адамға, Норвегияда 30 мың адамға келеді екен. Қазақстанда 400 тұрғынға 1 дүкеннен айналады. Көз алдымыздағы мұндай цифрлар елімізде маскүнемдік дертінің алдын алу шараларын жүзеге асырудың қиындау екендігін ұғындырса керек-ті.
Әйтеуір елімізде кешкі 21.00-ден кейін спирттік ішімдіктерді сатуға тыйым салынғандығы көңілімізге медеу. Бірақ мұның өзі толық жүзеге асырылып жатыр дегенге сену қиын. Барлық дүкендердің бірдей бұл талапқа бағынып жатпайтыны белгілі. Тіпті, ресми тіркелместен, арақ-шарап сатумен айналысатын дүкендер де бар. Дерек көздеріне сүйенсек, елімізде жан басына бір адам жылына 11 литр таза этил спиртін қолданады екен.
Бұл ретте дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың жан басына шаққандағы алкоголь тұтынуының шекті деңгейін есептеген. Ұйымның дерегінше, алкогольді тұтыну деңгейі жылына 8 литрден аспауы тиіс. Ал ішімдікті одан артық тұтыну ұлттың азып-тозуына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Ішімдіктерді шамадан тыс қолдану адамзат денсаулығының және олардың еңбекке қабілеттілігінің нашарлауына себеп болады. Әлем ғалымдарының зерттеу жұмыстары дүние жүзінде әрбір 10 секунд сайын ащы судың кесірінен шамамен 1 адам көз жұматындығын дәлелдейді. Жыл сайын әлемде ішімдікті шамадан тыс тұтынудың нәтижесінде 3,3 миллион адам қаза табатын көрінеді. Ал 20-39 жас аралығындағы адамдар арасындағы өлім-жітімнің 25 пайызы алкогольдің әсерінен орын алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінше, әлемдегі түрлі ауруларға алып келетін үшінші фактор – ішімдік. Ал ТМД елдері арасындағы өлім-жітімге басты себепкер болатын алкоголь екен.
Ішімдіктің өсер ұрпақ үшін зор зияны бары ертеден-ақ белгілі болған. Ерте ғасырдағы Рим заңдарында алкоголь ішімдіктерін 30 жасқа толмаған жастарға ішуге рұқсат берілмеген. Өйткені осы жаста дүниеге ұрпақ әкелу құбылысының қарқынды жүретін уақыты. Көне Грекияда да 18 жасқа дейінгілерге «ащы су» ішуге тосқауыл қойған. Франция елінде арақ ішкіш ата-аналардан туған әлсіз балаларға арналған «жексенбі күнгі балалар» немесе «көңілді кештің баласы» деген кекесінді атау бар екен. Бұл адам баласының ішімдіктің зиянын білетінін, түсінетінін көрсетеді. Бірақ нәпсі алдында – адам әлсіз.
Әрбір ішімдікке құмар адамның артында отбасы тұр. Жауапкершілік бар. Тіпті, салынып ішпейтін, анда-санда бір ішемін дейтін адамның өзі сол бір ішкенінде ауруға, я басқа пәлеге душар болмасына кім кепіл? Елімізде ішімдікке қарсы күресетін ұйымдар бар. Дін уағыздаушылары да арақ-шараптың зиянын көп айтады. Саналы түрде осыдан бас тартатын уақыт біртіндеп жақындап келе жатқандай. Қазір бұрынғы тоқсаныншы жылдардағыдай көше кезіп, мас болып жүру жоқ. Дегенмен сандарды сараптасақ, шошитыныңыз анық.
Аудандағы жай қалай?
Біріккен Ұлттар ұйымы әлемдегі 185 мемлекеттің халқы арасында зерттеу жүргізіп, Қазақстанның арақ ішу жөнінен алдыңғы ондыққа кіріп, 8-орыннан бір-ақ шыққанын анықтаған. Еліміздегі статистикалық деректерге сүйенсек, наркологиялық орталықтарда ресми тіркелген 130 мыңнан астам маскүнем бар екен. Ал, қазақы менталитетімізге салып, наркологқа баруды ұят санап жүргендер саны миллионға жеткен. Тіпті одан да көп болуы бек мүмкін. Біз аудандағы ахуалды нақтыламаққа, сала мамандарымен байланыстық. Олар сөзін ішімдіктің ағзаға зиянынан бастады.
– Спирт – ерігіш болғандықтан ішкен кезде қанға тез сіңіп, ағзаға күшті әсер етеді. Ішімдіктің әсерінен адамның ықыласы кеміп, байқампаздығы тежеледі, қимыл үйлесімділігі бұзылып, мінез-құлқында әдепсіздік, желікпелік, дөрекілік пайда болады. Адамды ақылынан ғана ажыратып қоймайтын арақ асқазан жолының кілегейлі қабықшасын зақымдап, қарында, ұлтабар ұшында уытты жара, гастриттің туындауына әкеліп соғады. Миға сіңген спирт жүйке клеткаларын уландырады, одан ойлау қабілеті бұзылып, рухани ауыр халге ұшырайды, – дейді мамандар.
Сонымен қатар, аудан мектептерінде ішкі істер бөлімі, психолог, нарколог мамандармен бірлескен түрде тұрақты түрде семинар, тренинг, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Онда жасөспірімдерге ішімдіктің зардабы мен одан келер қауіп түсіндіріледі.
– Жалпы аудан бойынша 393 адам алкоголизммен «Д» есепте тұрады. Олардың 7-еуі әйел. Нашақорлықпен тіркелген 32 адам бар. Бір қуанатымыз бұл тізімде тіркелген жасөспірім жоқ. Алайда бұл бізге белгілі ғана сандар. Мен ауданның бұл көрсеткішін өте нашарға жатқызамын. Себебі жоғарыда атап өткеніміздей, ішімдік бір ғана ағзаны емес, бірте-бірте барлығын істен шығарады. Қылмысқа да адамдардың басым көпшілігі осы ащы судың кесірінен барады. Былтыр аудан көлемінде 60 шақты адам автокөлікті мас күйінде жүргізіп, жүргізуші куәлігінен айырылды. Сонда да бұл дүниеге тоқтау болмай тұрғаны өкінішті. Жалпы, маскүнемдікті егер адам өзі шын жүректен қаласа жеңіп шығуға болады. Барлығы – адамның өз қолында, – дейді нарколог Айгүл Жәмитова.
Осынша адамның артында қанша тағдыр тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың үштен екісі және балалардағы қатігездіктің үштен бірі ата-аналардың маскүнемдігіне байланысты екен. Қылмыстың 50 пайызы тікелей алкогольге тәуелділіктен туындайтын көрінеді. Өз болашағымызды қолдан шығарып алудан сақтасын.
Түйін
Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы «Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ» деген. Ұлтымызда «Қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені» деген де ұлағатты сөз бар. Маскүнемдік адамдардың денсаулығын құртып қоймай, шаңырағын шайқалтады, әл-қуатынан айырып, берекесін бұзады. Әр адам бас пайдасын көбірек ойлаған тұста әлі де көп нәрсеге куә боларымыз анық. Десе де, ең үлкені – осы алкомаркеттен келер қауіп болмақ. Кәсіпкер көбейсін, кентіміз көркейсін, бірақ халқымыз жеке басының құлқын емес, ұлтын, ұрпағын қатерден сақтандырса игі еді. Ал сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ