» » МӘДЕНИЕТ ПЕН ТІЛ – МӘҢГІЛІК МҰРА

МӘДЕНИЕТ ПЕН ТІЛ – МӘҢГІЛІК МҰРА

Мәдениет пен тіл – ұлттың рухани тірегі, ел болмысының айнасы. Ана тіліміздің өркендеуі мен ұлттық құндылықтарымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жетуінде мәдениет қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Олар халқымыздың бай мұрасын дәріптеп, ұлттық өнер мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға өлшеусіз үлес қосуда. Тіл мен мәдениет – егіз ұғым. Осы қос құндылықты ұлықтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген мәдениет саласы мамандары қоғамның рухани дамуына қызмет етуде.
Осы орайда мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ұлттық құрылтай: тіл және мәдениет» атты руханият пен ұлттық құндылықтарды ұлықтаған маңызды басқосу өтті. Жиынның негізгі мақсаты – ұлттық өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен беделін арттыру, сондайақ Ұлттық құрылтайда көтерілген тіл мен мәдениет саласына қатысты өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісу еді.
Кездесуге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғарышбек Нысанбаев, аудандық филиалдың алқа мүшелері, аудандық мәдениет үйі, аудандық кітапхана, аудандық музей қызметкерлері, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардағы тіл жанашырлары қатысты.
Жиын барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Раева ана тіліміздің болашағы – ұлт болашағы екенін айта келе, тіл мәртебесін көтеру жолындағы жүйелі жұмыстар жөнінде ой бөлісті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында тіл мәселесін көтеріп, қазақ тілін дамытуда, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс екенін айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Мемлекет басшысы халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» туралы ерекше атап өтті. «Қазір Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы бастаған жаңа буын өкілдері ұйым тізгінін қолға алды. Мен қоғамның «Qazaq tili» эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдадым. Осы жақсы бастаманы қолында қаржысы бар азаматтар жалғастырып әкетті. Тілімізге қамқорлық танытқан жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Қалталы, жанашыр азаматтар қорды ұлғайтуға үлес қосады деп сенемін. Мен экономиканы дамыту үшін «Креативті индустрияның» мәнмаңызы зор екенін үнемі айтып жүрмін. Бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс» деді Мемлекет басшысы. Расында да тіл халықпен бірге жасауы үшін әрбір адам тілге қамқорлық танытуы керек, – деді Гүлжауһар Раева.
Ал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғарышбек Нысанбаев мемлекеттік тіл саясаты мен мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мәдениет саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Мәдениет пен өнер – ұлттың рухани тірегі, халықтың болмысын айқындайтын асыл құндылықтар. Ал ана тілі – ұлттың жаны, елдігіміздің мәңгілік белгісі. Осы құндылықтарды сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолында мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Бүгінде елімізде мәдениет пен руханиятты дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Қуантатын жаңалықтың бірі – облыс орталығында жаңа театр мен заманауи кітапхананың салынып жатқаны. Бұл – өңір мәдениетінің дамуына жасалған үлкен қолдау. Театр – халықтың рухани тәрбиесін қалыптастыратын өнер ордасы болса, кітапхана – білім мен парасаттың мекені. Мұндай мәдени нысандар жастардың әдебиетке, өнерге және білімге деген қызығушылығын арттырып, рухани дамуына жол ашады. Сіздер ұлттық құндылықтарды дәріптеп, мәдени мұраны ел руханиятының дамуына зор үлес қосып келесіздер. Әрбір өткізілген мәдени шара, қойылым, концерт пен көрме – халықтың рухани өміріне қосылған маңызды еңбек. Осы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық шабыт, мол табыс және еңбектеріңізге толағай жетістіктер тілеймін. Еліміздің мәдениеті, өнері мен мемлекеттік тілі мәңгі жасай берсін! – деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Гүлшара Қаниева рухани қазынаны сақтау мен насихаттауда кітапханалардың алар орны ерекше екенін тілге тиек етті. Кездесу барысында Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалардың жүзеге асырылуы, тіл мәдениетін қалыптастыру, ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптеу бағытындағы жұмыстар кеңінен талқыланды. Қатысушылар елдік мүдде жолындағы мәдениет пен тілдің тұтастығы – ұлт руханиятының негізі екенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ жиында ата дәстүріміз бен ана тіліміздің жанашыры болып жүрген тіл белсенділерін марапаттау рәсімі болды. Ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп, еңбектері жоғары бағаланды.
Мәдениет пен өнер – халықтың рухани тірегі, ұлттың айнасы. Осындай мазмұнды кездесулер ұлттық болмысымызды сақтап, келер ұрпаққа аманат етер асыл құндылықтарымызды дәріптеуге зор ықпал ететіні сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
24 мамыр 2026 ж. 85 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (10506)

23 мамыр 2026 ж.

№37 (10505)

19 мамыр 2026 ж.

№36 (10504)

16 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 170
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 732

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031