ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – ҰЛТ БАЙЛЫҒЫ
Отбасы – ежелден әрбір елдің тірегі саналған қасиетті ұғым. «Отан – отбасынан басталады» деген нақыл қазақ халқы үшін аса маңызды қағида. Себебі отбасы – адам баласының дүниеге келіп, өсіп-өнетін, тәрбие мен тәлім алатын қасиетті мекені, алтын ұясы. Сондықтан қай кезеңде де, қай қоғамда болсын отбасының адам өміріндегі орны ерекше.
Отбасы – мейірім мен сүйіспеншіліктің, татулық пен сыйластықтың ордасы. Берекелі шаңырақ – ел тыныштығының негізі. Адам бойындағы адамгершілік, имандылық, кішіпейілділік, ізеттілік сияқты асыл қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады. Отбасының берік болуы – оның мүшелерінің бір-біріне деген жауапкершілігі мен сыйластығына байланысты. Өзара түсіністік пен тәртіп сақталған жанұяда әрдайым тыныштық пен бірлік болады.
Дінімізде де отбасы құндылықтарына ерекше мән берілген. Отбасындағы татулық ер мен әйелдің өзара құрметі мен түсіністігіне тікелей байланысты. Өмір жолында жұбайлар бір-бірінің кемшілігін жасырып, жақсы қасиеттерін арттырып, әрдайым қолдау көрсетіп отыруы қажет.
Отбасының басты міндеттерінің бірі – бала тәрбиесі. Өмірге келген жас ұрпаққа жақсы тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды сіңіру, қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – ата-ананың парызы. Бала ең алғашқы тәрбиені отбасынан алады. Сондықтан ата-ананың іс-әрекеті, сөйлеген сөзі, бір-біріне деген құрметі бала үшін үлкен өнеге. Осы орайда Абай Құнанбаевтың он тоғызыншы қара сөзіндегі тағылымды ойлар еске түседі. Ұлы ойшыл адам баласының естіп, көріп, үйрену арқылы білімді әрі саналы болатынын айтады. Яғни адам жақсыны көріп, жаманнан жирену арқылы қалыптасады. Бұл бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі ерекше екенін көрсетеді.
Қазіргі таңда бала тәрбиесі заман талабына сай жүргізілуі керек. Өйткені бүгінгі қоғам күн сайын өзгеріп, технология қарқынды дамуда. Сонымен бірге түрлі қауіп-қатерлер де көбейіп келеді. Осындай уақытта ата-ана баласына дұрыс бағыт-бағдар беріп, ненің жақсы, ненің зиян екенін түсіндіруі қажет. Себебі бала әр нәрсеге қызығушылық танытады және оның салдарын әрдайым аңғара бермейді. Сондықтан көреген, саналы ата-ана баласына үнемі ақыл-кеңес айтып, дұрыс жол көрсетуі тиіс. Бала тәрбиесі туралы терең ой айтқан Мағжан Жұмабаев: «Ата-ана баласын өзінен де мықты етіп тәрбиелеуі керек. Себебі келер заманның талабы жоғары болады» деген еді. Расында да, бүгінгі ұрпаққа сапалы тәрбие мен дұрыс білім беру – болашақтың кепілі.
Шаңырақтың басты бақыты бала десек, тәрбиелі ұрпақ өсіру үшін отбасында береке мен ынтымақ болуы аса маңызды. Жанұя мүшелері бір-біріне қамқорлық танытып, сыйластықпен қараса ғана шаңырақтың іргесі берік болады. Халқымыздың «Ата – асқар тау, ана – бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деуі де отбасының өзара тығыз байланысын аңғартады. Ал бала тәрбиесі ана құрсағынан басталады. Перзент өмір есігін ашқан соң ата-ананың жауапкершілігі одан сайын арта түседі. «Халықты біріктіру үшін алдымен отбасыны нығайту керек» деген даналық сөздің мәні бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілген жерде әрдайым татулық пен мейірім болады. Сондықтан өнегелі ұрпақ тәрбиелеу – әр ата-ананың басты міндеті. Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін отбасымыз аман, бірлігіміз бекем, шаңырағымыз биік болсын.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА














