» » Жанұя – тіршілік тірегі

Жанұя – тіршілік тірегі

qarmaqshy-tany.kz Ерте заманнан бері әрбір елдің діңгегі саналатын отбасы ұғымы халқымыздың асыл құндылығының ерекше көрінісі. «Отан – отбасынан басталады» деген ұғым қазақ елі үшін бұлжымас тұжырым. Отбасы – адамзат баласының дүниеге келгеннен енетін үйі, өсіп, ержетіп, тәрбие алатын қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Сондықтан да қай заманда, қай елде болса да отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін басқамен салыстыруға келмейді.
Отбасы – мейірім мен махаббаттың, жан тыныштығы мен ауызбіршіліктің ұштасқан ордасы. Жарасым тапқан әр отбасы – мемлекет тыныштығының кепілі. Адамзат атаулының бәрінің бойындағы адамгершілік, имандылық, әдептілік, кішіпейілділік сынды қасиеттер осы жанұяда қалыптасады. Отбасы іргетасының беріктігі – оның мүшелерінің өз міндетін біліп, өз межесінде орындауында жатыр. Белгілі бір заңдылыққа мүлтіксіз бағынған отбасында тыныштық орнайды.

Шариғат шеңберінде де отбасы құндылықтарының маңыздылығы кең суреттелген. Отбасы тыныштығын сақтау – ер мен әйелге тікелей байланысты. Өмірдің сүреңсіз соқпақ жолында ер мен әйел бірбірінің кемшілігін жасырып, жақсылығын асырып, толықтырып отыруы ең бірінші отбасылық міндетіне жатады.

Ал, отбасының ең маңызды қызметі, әрі міндеті – тәрбиелеушілік. Яғни, бала өмірге келген соң алдыңғы буынның тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, балаларын қоғамға пайдалы азамат етіп өсіруді қолға алады.

Бала үшін ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүрістұрысы, бір-бірін құрметтеуі – үлкен мектеп. Сол себепті баланың көзінше ата-ана әрдайым байсалды, сабырлы болып, жақсы тәрбие көрсетуі керек. Бұл ретте өзіміз бала күннен жаттап өскен Абай Құнанбаевтың «Он тоғызыншы қара сөзі» ойға оралады. Онда «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады» дейді.

Отбасында заманға сай бала тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Өйткені заман күн сайын жаңарып, көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп келеді. Технологиялар дамып, мүмкіндіктер көбеюде. Осыған сәйкес түрлі қауіп көздері де артуда. Осының барлығын ата-ана балаға жастайынан дұрыс және бұрыс істер жөнінде бағыт-бағдар беріп отыруы қажет. Себебі кіршіксіз таза көңілді бала барлық нәрсеге қызығушылық танытады. Ал, кейбір дүниелердің артында қауіп бар екенін ескермейді. Осындайда есті, көргені мол ата-ана баласына бағыт беруден шаршамауы тиіс. Бұл жөнінде көп қалам тербеген Мағжан Жұмабаев «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені, олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн» дейді.

Жанұяның басты қызығы бала болса, сол баланың тәрбиелі болуына отбасының берекелі болуының әсері мол. Себебі, жанұя – өте қажетті, басқа ешнәрсемен өзгертуге келмейтін өмірдің алғашқы баспалдағы. Жанұяның әрбір мүшесі өзара сөйлесіп, бір-біріне сүйіспеншілікпен қарап, қолдау білдірсе ғана босаға берік, шаңырақ биік болары сөзсіз. Ата-ана бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі. Халқымыз отбасыны «Ата – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп табиғаттың тамаша құбылыстарына да теңеген. Неткен сәйкестік, әрі бір-бірімен тығыз байланысты.

Бала тәрбиесі құрсақтан басталады. Ал, өмірге келген соң, ата-ана алдындағы жауапкершілік еселене түседі. Ата-бабаларымыздың «Халықты бір жерге топтастыру үшін ең әуелі отбасын нығайту және үлкендерге құрмет көрсету керек» деген даналығы бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Үлкенге құрмет бар жерде, кішіге ізет, бауырмалдық, жанашырлық бар. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеу әр ата-ананың арманы және борышы екені даусыз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
18 мамыр 2023 ж. 488 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031