Отан қорғау – абыройлы міндет

Отан қорғаушылар күніне орай №99 мектепте «Отанды қорғау – әр азаматтың міндеті» атты тағылымды кездесу кеші өтті. Бұл шараның басты мақсаты жас ұрпақты отансүйгіштікке, ерлікке, елжандылыққа тәрбиелеу, сондай-ақ әскери борышын абыроймен атқарып келген түлектермен жүздестіру болды.
Кеш барысында мектеп оқушыларына әскери өмірдің қыр-сыры кеңінен таныстырылып, ел қорғаудың қасиетті парыз екені дәріптелді. Іс-шараға арнайы қонақтар шақырылып, олардың ішінде Байқоңыр қорғаныс істері жөніндегі орынбасары майор Марат Айдарұлы және Тараз қаласындағы әскери бөлімде қызмет еткен, запастағы кіші сержант, «Шапағат» медалінің иегері, ақын әрі жеңімпаз Алтынбек Сапарбекұлы болды.
Кездесу барысында Алтынбек Сапарбекұлы өзінің әскери өмірінен қызықты естеліктерімен бөлісіп, жастарға жігер беретін ақыл-кеңестер айтты. Сонымен қатар өзінің ақындық өнерін көрсетіп, жүректен шыққан жыр жолдарын оқыды. Шара барысында оның шығармашылығынан төмендегідей өлең жолдары оқылып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
«Әскер – өмір мектебі үйрететін,
Алға қарай қадам басып гүлденетін.
Отан қорғап ер жетті ұлың, міне,
Адал болған антына ел сенетін.
Баласындай бір үйдің бауырмалмыз,
Сынақ түссе біз бірге шыңдаламыз.
Бауырмал боп бәріміз тату-тәтті,
Қуанышта жанымыздан табыламыз».
Бұл өлең жолдары сарбаз өмірінің мәнін, достық пен бірліктің маңызын айқын көрсетеді. Әскер тек тәртіп пен төзімділік мектебі ғана емес, нағыз азамат болып қалыптасатын орта екені анық байқалады. Кеш барысында оқушылар қонақтарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, әскери қызметтің ерекшеліктері жайлы мол мағлұмат алды. Сонымен қатар «Біз – болашақ Отан қорғаушымыз» атты сайыс ұйымдастырылып, оқушылар ептілік, шапшаңдық және бірлік жағынан сынға түсті.
Осындай мазмұнды шаралар жас ұрпақтың бойына патриоттық рух қалыптастырып, елін, жерін қорғауға деген жауапкершілікті арттырары сөзсіз. Бүгінгі кеш – соның жарқын дәлелі болды. Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы, ал оны абыроймен атқару – үлкен ерлік.
Манас ӘЛМҰРАТ,
№99 орта мектептің алғашқы әскери және
технологиялық дайындық пәнінің
оқытушы-ұйымдастырушысы















