Жас сарбаздарды әскерге шығарып салу рәсімі өтті

Жыл сайын дәстүрге айналған шарада аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев жастарға Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып, елге аман-есен оралуына шын жүректен тілегін білдірді.
– Бүгін біз еліміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қорғау жолында үлкен жауапкершілік арқалап, қасиетті борышын өтеуге аттанып бара жатқан азаматтарды шығарып салу рәсіміне қатысып отырмыз. Әскер қатарына қосылу – әрбір ер азаматтың абыройлы міндеті, ел алдындағы перзенттік парызы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қарулы күштерді нығайтуға, әскери қызметтің беделін арттыруға әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді.
Отанға адал қызмет ету, тәртіп пен жауапкершілікті жоғары ұстау – басты міндет. Осы жолда Сіздер табандылық танытып, ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетеді деп сенеміз. Сондай-ақ ата-аналарыңыз бен жақындарыңыз сіздерді зор үмітпен, мақтанышпен шығарып салып отыр. Олардың сенімін ақтап, абыроймен оралатындарыңызға сенім білдіремін. Сапарларыңыз сәтті, қызметтеріңіз абыройлы болсын, – деді ол.
Сонымен қатар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Жандос Бекмұрзаев әскери қызметтің маңызына тоқталып, сарбаздарға сәттілік тіледі. Оның айтуынша, әскер – жігітті шыңдайтын, жауапкершілікке тәрбиелейтін өмір мектебі. Ал аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов пен ауған соғысының ардагері Асқар Ерманов ел тыныштығын сақтау жолындағы әскери қызметтің маңызын ерекше атап өтіп, жастарға батылдық пен төзім тіледі.
Шара барысында әскер қатарына аттанғалы отырған азаматтарға құрмет көрсетіліп, оларды тәрбиелеп өсірген ата-аналарына аудан әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Бұл – ұлын ел қорғауға тәрбиелеп, Отан алдындағы борышын өтеуге жіберіп отырған ата-аналарға көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Кездесу соңында Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев жастарға ақ батасын беріп, әскери антқа адал болуға, елге қызмет етудің қадірін түсінуге шақырды. Жас сарбаздарға елдің амандығы мен жұрттың тыныштығы жолындағы қызметтеріне сәттілік тілеп, азаматтық жолда абырой биігінен көрінулеріне сенім білдірді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ















