Ұмытылмас ерлікке – мәңгі тағзым

Іс-шара Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарды еске алудан басталды. Жиналған жұрт «Мәңгілік алау» маңына гүл шоқтарын қойып, майдан даласында ерлікпен көз жұмған жауынгерлердің рухына тағзым жасады. Сондай-ақ соғыс құрбандарын еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланып, ел қорғаған ерлердің жанқиярлық ерлігіне құрмет көрсетілді.
Тағылымды іс-шара барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек сөз сөйлеп, Ұлы Жеңістің тарихи маңызы мен кейінгі ұрпақ үшін мәніне ерекше тоқталды.
– Біз Отан үшін от кешкен ерлердің рухына мәңгілік тағзым етіп, олардың алдында бас иеміз. Ұлы дала батырларының қайсар рухын халық болып ұлықтау – перзенттік парызымыз. Бірліктің бұл ұлы күші ұрыс даласында ғана емес, тылдағы қажырлы еңбек те Жеңістің басты негізіне айналды. Әкелеріміз бен аналарымыздың қызметі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Тәуелсіздігіміздің берік болуы, еліміздің өркендеуі де осынау мерекенің жемісі. Сондықтан әрқашан аспанымыз ашық, еліміз аман болсын! Ұлы Жеңіс күні құтты болсын, – деп атап өтті.
Жеңіс күні – ел тарихындағы ең қастерлі мерекелердің бірі. Бұл күн – сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен ерлердің ерен ерлігі мен тылда аянбай еңбек еткен аналардың қажырлы еңбегін ұлықтайтын тағылымды дата. Бүгінгі бейбіт өмір мен тәуелсіздіктің негізінде сол бір ауыр жылдардағы халықтың бірлігі мен табандылығы жатыр. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстаннан 1 миллионнан астам азамат майданға аттанса, олардың жартысына жуығы туған жерге оралмаған. Майдан даласында қазақтың талай батыр ұл-қыздары ерлік пен өрліктің үлгісін көрсетті. Солардың қатарында Қармақшы өңірінің азаматтары да бар. Біздің ауданнан 5000-ға жуық жауынгер соғысқа аттанып, ел мен жерді қорғау жолында жан аямай шайқасты. Олардың көпшілігі майдан даласында қаза тапса, аман оралғандары елді қалпына келтіру ісіне белсене араласты.
Мұндай жиын тек өткенге құрмет көрсету ғана емес, жас ұрпақтың бойына патриоттық рух қалыптастырудың жарқын көрінісі. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ал Жеңіс рухы ұрпақ жадында мәңгі сақталады.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ















