Дзюдо додасы жас таланттарды танытты

Жақында ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жасөспірімдер арасында дзюдодан облыстық ашық турнир өтті. Даулет Сламовты еске алуға арналған жарысқа облыстың түкпір-түкпірінен 300-ге жуық жас спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Турнир 2013-2014 және 2015-2016 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасында өткізілді. Жарыстың басты мақсаты – жас ұрпақты спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру. Осы бағытта ұйымдастырылған дүбірлі дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың болашаққа деген сенімін арттырған маңызды спорттық алаңға айналды.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қатысып, жарысқа келген жас балуандар мен жаттықтырушыларға сәттілік тіледі. Ол спорттың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, мұндай жарыстардың ел болашағы үшін маңызын атап өтті.
– Қазіргі өркениетпен үндескен заманда спорттың қоғамымызда алар орны ерекше екендігі белгілі. Осы тұрғыда толағай батырларды түлеткен топырағы құтты Қармақшы мекенінде Сіздердің арнайы қатысуларыңыз – елге, туған жерге құрмет деп білеміз. Сондықтан да байрақты бәсекеде озып шыққан жастарымыз ертеңгі күні елдің абыройын қорғап, көк туымызды әлем алдында желбіретеді деп күтеміз, – деді Диас Асылбекұлы.
Жарыс барысында татамиге шыққан жас дзюдошылар әр салмақ дәрежесінде белдесіп, өздерінің ептілігі мен қайсарлығын көрсетті. Әсіресе, финалдық кездесулер тартысқа толы болып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Кей спортшылар қарсыласына әдіс жасап, таза жеңіске жетсе, енді бірі табандылық пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Бұл өз кезегінде жас спортшылардың дайындық деңгейінің жоғары екенін аңғартты.
Есімі ел жадында сақталған Даулет Пайзылдаұлы жастайынан спортқа ерекше қызығушылық танытып, салауатты өмір салтын ұстанған азамат ретінде танылды. Қысқа ғұмырында елге жанашырлық танытып, жастар спортына қолдау көрсетіп, көптеген игі істің ұйытқысы болды. Оның спортшыларға көрсеткен демеушілігі мен жастарға деген қамқорлығы ел есінде сақталып қалды. Дәулеттің есімін ұлықтауға арналған турнирдің жыл сайын ұйымдастырылуы – жас спортшыларға рухани тәрбие берудің бір көрінісі болды. Облыстық дода жас спортшылардың тәжірибе алмасуына, жаңа достар табуына және кәсіби тұрғыдан шыңдалуына үлкен мүмкіндік берді.
Турнир қорытындысында әр салмақ дәрежесі бойынша үздік шыққан спортшылар арнайы диплом, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қармақшы төрінде өткен облыстық ашық турнир жас дзюдошылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, ел спортының болашағына сенім ұялатқан маңызды шара болды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ















