Сәден Нұртаев атындағы республикалық олимпиада өткізілді

Қазіргі уақытта болашақ ұрпақтың тарихи танымын кеңейтуге арналған игі бастамалар елімізде және ауданымызда жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осыған орай бүгін Ақжар ауылдық округінің №28 орта мектебінде Қазақстан тарихы пәнінен 9–10 сынып оқушылар арасында Сәден Нұртаев атындағы кезекті республикалық олимпиада өткізілді.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Қызылорда облысы бойынша филиалының бастамасымен ұйымдастырылған бұл шараның басты мақсаты — оқушылардың тарих пәніне деген қызығушылығын арттыру, дарынды жастарды қолдау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Сәден Нұртаев – туған өлкенің тарихын зерттеу бағытындағы жұмыстарды 1960 жылдары алғашқылардың бірі болып жүргізген КСРО Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, сондай-ақ Ұлы Дала тарихын сақтап, болашаққа жол салған тұлға. Оның еңбегі бүгінгі білім саласында үлкен мәнге ие.
Олимпиаданың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» Кәсіби даму институты директорының орынбасары Сәкен Серікбаев арнайы қатысып, жас дарындарға сәттілік тілеп, қолдау білдірді.
Жаңа заман дағдыларын меңгеретін биылғы республикалық олимпиадаға Қызылорда және Түркістан облыстарынан барлығы 22 оқушы қатысты. Олимпиада 3 инновациялық кезең бойынша өтіп, қатысушылар Қазақстан тарихы пәнінен өз білімдерін ортаға салды. Бәсекелі жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан жеңімпаздар дипломдармен және қаржылай сыйақымен марапатталды.
Айта кетсек бүгінде Қазақстан тарихы пәнінен 9-10 сынып оқушылар арасында мұрағатшы әрі ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы цифрлық форматтағы республикалық олимпиада 2018 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі














