» » Ұстаз есімі ұлықталды

Ұстаз есімі ұлықталды


Жақында Ақжар ауылында ұлағатты ұстаз, КСРО Білім беру ісінің үздігі Сәден Нұртаев атындағы Қазақстан тарихы пәнінен республикалық олимпиада өтті.
Республикалық олимпиаданың мақсаты – оқушылардың Қазақстан тарихы пәніне деген интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін айқындау және дамыту, дарынды оқушыларды қолдау, олардың ғылыммен айналысуға деген ынтасын арттыру.
Биыл бесінші мәрте ұйым­дастырылған дәстүрлі додаға бағын сынау үшін Қызылорда облысы оқушыларымен қатар еліміздің басқа да өңірлерінен, атап айтсақ Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстарынан және Шымкент қаласынан үздік оқушылар қа­тысты. Республикалық кезең­ге іріктеуден өткен 28 жас тарихшы өз білімдерін сарапқа салды.
Сәден Нұртайұлы саналы­ ғұмырын өскелең ұрпақты өне­геге баулуға арнаған жан. Білікті педагог еңбек жолын қарапайым мұғалім болудан бастады. Тынымсыз ізденісінің арқасында қарымды қаламгер, зерделі зерттеуші, тағылымды тарихшы атанған ол қайраткерлік қырымен өзінен кейінгі буынға жол көрсете білді.
Жас білімгерлер сайысының ашылу салтанатында аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаевтың өмі­рі мен еңбек жолы туралы сөз қозғап, олимпиада қаты­сушыларына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ іс-шарада «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық ор­талығы» АҚ филиалының директоры Бауыржан Елеусінов сөз алып, еліміздің болашағы білікті де білімді жастардың қолында екенін және жастарға артылар үміттің зор екендігін жеткізіп, оның өмір жолына көз жүгіртті.
– Сонау 1960 жылдары алғаш­қылардың бірі болып туған өлкенің тарихын оқушылармен бірлесе зерттеу бағытындағы жұмыстарды КСРО Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, тарих пәнінің мұғалімі Сәден Нұртаев жүргізген болатын. Сәден ағамыз жастайынан туған өлке мен туған ауыл тарихына, өңірден шыққан оқымыстылар, би-шешендер, ақын-жырауларға қатысты әңгіме, толғау-қисса­ларды құлағына құйып, дас­тан-жырларды жадына жаттап өседі. Онжылдық мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты аяқ­­тап, Ақтөбе, Ақжар және Жаңақала ауылдарындағы мектептерде тарих және қоғамтану пәндерінен дәріс береді. Са­бақ өту барысында кітапта жазылған жалаң оқиғаларды сол қалпында баяндай салмай, әрбір тарихи оқиғаны өмірмен тіке­лей байланыстыра түсіндіріп, оның­ өмірде қолданылуы жа­ғына басты назар аударады. Бұл дегеніңіз қазіргі уақытта білім жүйесінде күн тәртібінен түспей тұрған оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың нақ өзі емес пе, – деді ол.
Оқушыларды тарих тағы­лымына ұйыстырған олимпиа­да «Өрлеу» біліктілікті артты­ру орталығының бастамасы­мен ұйымдастырылған. Қатысу­шыларға туған өлкенің тарихы, үлгілі ісімен дараланған ел тұлғалары жөнінде сұрақтар қо­йылды. Ал олимпиаданың ережесі мен бағалау жүйесі заманауи бағдарламалар бойынша жүзеге асырылды. Болашақ тарихшылар білім бәйгесінде белсенділік танытты.
Республикалық доданың қорытындысы бойынша 9 сыныптар арасынан қазалылық Айнұр Әйекешова үздік деп танылса, 10 сынып оқушыларынан аралдық Дамира Дайрабаева жеңіс тұғырынан көрінді. Жерлестеріміз де намысты қол­дан бермеді. Аудан үмітін арқалаған Айкөркем Алтынбаева жүлделі ІІ орынды иеленсе, Зухра Қанағат пен Айбек Төребеков «Эрудит тарихшы» номинациясын иеленді.
Білім бәсекесінде дарынды оқушылардың білім деңгейі таразыланып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңім­паздарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Мұнан бөлек Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан және Жамбыл облыстарынан­ келген 8 оқушыға Ақжар ауы­лының әкімшілігі мен «Ораз ахун ЛТД» ЖШС арнайы қаржылай сыйақы тапсырды.
Айта кеткен жөн, тарих та­ғылымын толғайтын мұндай олимпиада алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
17 мамыр 2022 ж. 533 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 291

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 386

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930