» » Білімділер бәсекесі

Білімділер бәсекесі

Қасиетті Қармақшы елінің тумасы ұлағатты ұстаз, тарих пәнінің мұғалімі Сәден Нұртаев сонау 1960 жылдардың өзінде Қазақстанда алғашқылардың бірі болып туған өлкенің тарихын зерттеу жұмыстарын оқушылармен бірлесе жүргізген еді.
Сәден ағамыз жастайынан туған өлке мен туған ауыл тарихына, өңірден шыққан оқымыстылар, би-шешендер, ақын-жырауларға қатысты әңгіме, толғау-қиссаларды құлағына құйып, дастан-жырларды жадына жаттап өскен. Онжылдық мектептен кейін Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты аяқтап, Ақтөбе, Ақжар және Жаңақала ауылдарындағы мектептерде тарих және қоғамтану пәндерінен дәріс берген. Сабақ өту барысында кітапта жазылған жалаң оқиғаларды сол қалпында баяндай салмай, әрбір тарихи оқиғаны өмірмен тікелей байланыстыра, оның өмірде қолданылуы жағына басты назар аударып отырған. Бұл дегеніңіз қазіргі уақытта білім жүйесінде күн тәртібінен түспей тұрған оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың нақ өзі емес пе?
Сол кезеңде республикада Халық ағарту министрлігі тарапынан дәрістерді арнайы кабинеттерде оқыту бағдарламасы қабылданып, орта мектептерде кабинеттік оқыту жүйесі кеңінен қолданысқа ене бастайды. Осы бағдарламаның мақсатын ең бірінші болып іске асырып, өзінің тәжірибесін баршаға таратқан Қармақшының қиян шеттегі ауылы, «Жаңақала» кеңшарындағы №185 мектептің мұғалімі Сәден Нұртаев болды.
Кабинеттік оқу жүйесі жөнінен іс-тәжірибесін көрсету сайысында алдымен ауданнан, сосын облыстан, онан кейін республикадан 1 орын иеленіп, КСРО Халық ағарту министрінің орынбасары К.Ножко және Республика Компартиясы хатшысының Құрмет грамоталарымен марапатталады. Сәден Нұртаевтың кабинеттік жүйе және оның тиімділігіне арналған мақаласы 3 миллион тиражбен Мәскеуден шығатын одақтық «Наука и жизнь» журналында жарияланады.
Мектеп жанынан музей жасалып, оған жәдігерлер жинақтауға мектептің барлық оқушылары белсене кіріседі. Сәден ағайдың оқушылары «Сырлытам», «Ақмырза», «Қандыарал», «Қарақ», «Қосқала», «Құмқала» сияқты тарихи орындарға қазба жұмыстарын жүргізген. Көптеген көне тұрмыс заттарын, қару-жарақ, бүтін қыш ыдыстар, ою-өрнектері бар бұйымдар тауып, мектептегі тарих музейіне тапсырып отырған. Жаңашыл мұғалім құрған музей қызметімен танысу мақсатында облысқа келген Республика білім басшылары ғана емес, партия басшылары да құм ішіндегі ауылға жиі соғып тұрған.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біздің мыңжылдыққа ұласатын шежіреміз бар, мақтаныш тұтатын бабаларымыздың тарихи ерліктері бар. Бөле-жара қарау мүмкін емес рухани қазынамыз бар» деп рухани жаңғыру жолы жайлы тебірене айтқан болатын.
Өткен ғасырдың 1960 жылдарында ұлағатты ұстаз Сәден Нұртайұлы шәкірттерін ұлттық тамырдан ажырамауға, өткенімізді ұмытпай, тарих сабақтарынан тағылым алуға, рухани дүниемізді жаңғыртуға шақырып, жас ұрпақтың жанына жалын жаққан еді. Мұндай кемел ойлы, кең кеуделі кісінің өнегесін насихаттау кейінгі ұрпақтың ұлт рухын бойына сіңіріп өсуіне ықпал етері сөзсіз.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты КСРО білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы тарих пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында олимпиаданы 2018 жылдан бері өткізіп келеді. 2018 жылы облыстық деңгейде, 2019 жылы республикалық деңгейде ұйымдастырылған аймақтағы алғашқы цифрлық форматтағы Олимпиадалар Қармақшы ауданының Ақжар ауылындағы №28 мектеп базасында өткізілген болатын. Өйткені С.Нұртаев ағамыз 1960-1965 жылдары осы мектептің директоры болып абыроймен қызмет атқарған.
Бұл олимпиадалардың басты ерекшелігі – адам факторының ешқандай әсері болмауында. Оқушы тек компьютермен ғана байланыста болады, нәтиже заматында халықтың алдында жарияланады. Егер оқушыға көмектесе алатын бір адам бар десек, ол – тек оқушының өзі.
Биылғы республикалық олимпиада әлемде және елімізде қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға байланыс­ты Осы жылдың 19 мамырында онлайн форматта институт базасында өтті. Олимпиада жұмысына облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, облыстық білім басқармасының басшысы А.Қасымова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша ПҚ БАИ директоры Б.Елеусінов, ұлағатты ұстаз С.Нұртаевтың бел баласы, қоғам қайраткері, белгілі меценат Р.Нұртаев және ағайын-туыстары, инс­титут қызметкерлері қатысты.
Білім бәсекесінде Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары, Шымкент қаласы және Қызылорда облысының (қалалық, аудандық) жалпы білім беру ұйымдарының 9-10 сынып оқушылары бақ сынады.
Олимпиаданың мақсаты – оқушы­лардың Қазақстан тарихы пәніне деген интеллектуалды-шығар­машылық қабілеттерін айқындау және дамыту, дарынды оқушыларды қолдау, оқушылар арасында ғылымға деген қызығушылықты арттыру.
Олимпиада 2 тур бойынша өткізілді. І турда қатысушылар ZOOM платформасына қосылып, Google Форма арқылы жасалған тестке онлайн жауап береді. Тестке сілтеме платформа чаты арқылы жіберілді. Турдың қорытындысы бо­йынша жоғары балл жинаған 9-сыныптан 8 және 10-сыныптан 8 қатысушы ІІ турға жолдама алды.
ІІ турда қатысушылар ZOOM платформасына қосылып, Power Point бағдарламасында жасалған деңгейлік тапсырмаларға онлайн жа­уап беру арқылы ұпайлар жинады. Ұпай қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған қатысушылар жеңімпаз және жүлдегер атанды.
9 сынып оқушылар арасында І жүлделі орын иегері – Жалағаш ауданының Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей оқушысы Азамат Еспановқа 100 000 теңге, ІІ жүлделі орын иегері – Орал қаласының С.Сей­фул­лин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернат оқушысы Аружан Мұрзағали 70 000 теңге, ІІІ жүлделі орын иегері – Шымкент қаласының №130 жалпы орта мектеп оқушысы Інжу Ырзалыққа 50 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.
10 сынып оқушылар арасында І жүлделі орын иегері – Орал қаласының С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернат оқушысы Назерке Сүйенішке 100 000 теңге, ІІ жүлделі орын иегері – Жаңақорған ауданы №3 мектеп-интернат оқушысы Қарагөз Сеилханға 70 000 теңге, ІІІ жүлделі орын иегері – Қазалы ауданының Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей оқушысы Олжас Нұрғазыға 50 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы тапсырылды.
Олимпиада қорытындысы бойынша ақтық турға жолдама алған номинация иегерлеріне (оның ішінде №28 мектеп оқушысы Аққу Талғатқызы бар) дип­лом мен 10 000 теңгеден қаржылай сыйақылар берілді. Олимпиадаға қатысқан барлық оқушылардың жетекшілері алғыс хатпен марапатталды.
Олимпиада соңында Р.Нұртаев жеңімпаз оқушыларға жылы лебізін білдіріп, білім сайысының жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан Ақжар ауылының №28 орта мектеп директорына, институттың екі қызметкеріне демеушілер атынан Сарыағаш ауданындағы «Ақ-жайық» шипажайына жолдама берді.
Республиканың 9 облысынан білім сайысына қатысқан үздік оқушылар алдағы уақытта ұлағатты ұстаз С.Нұртаевтың еңбекке толы өмір жолын жадына жинап, тағылымы мол тарихшының тәлімге толы зерт­теулерін зерделеп, Ұлы Даланың ұлы­лығын ұғынуды басты мұрат етері хақ.
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша ПҚ БАИ директоры,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы
03 маусым 2021 ж. 903 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 240

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 343

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930