» » Волейбол – ептілер сайысы

Волейбол – ептілер сайысы


Бала денсаулығына оң әсер ететін дүниенің бірі – спорт. Ол денені шынықтырып қана қоймай, ойлау жүйесі мен сергектігіне де оң әсер етеді. Осы мақсатта ауданымызда көптеген спорттық жарыс ұйымдастырылады. Соның бірі – бірнеше жыл жүзінде тұрақты өтіп келе жатқан ауданымыздың спорт саласына еңбегі сіңген, жүздеген спортшы тәрбиелеп шығарған Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі, ардагер ұстаз Еркін Оразбекұлы Атабаев атындағы волейболдан облыстық ашық турнирі.
Жақында аталған турнир аудандық денешынықтыру-сауықтыру кешенінде өтіп, онда 2013-2014 жылы туған жасөспірім қыздар өзара бақ сынасты. Е.Оразбекұлының еңбек жолына тоқталып өтсек. Ол 1952 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Әкесі жүргізуші болып еңбек етсе, анасы Шамшат Төлепова Сыр жұртшылығына кеңінен танымал жыршы-термеші. Бала Еркіннің спортқа қызығушылығы оқушы кезінен басталған. Аудан орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектепте білім алып, одан әрі Алматыдағы Қазақ мемлекеттік денешынықтыру институтының «Денешынықтыру және спорт маманы» факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шыққан. Мұнан соң ол А.Жанпейісов атындағы №105 мектепте алғашқы ұстаздық жолын бастайды. Әркез өмір сатысында өзіне ағалық, үлкендік қолдау білдірген ұстаздары – мектеп директоры Райхан Жұмаділдаева мен кәсіподақ ұйымының төрағасы болған Үсен Қошалақовты құрметпен еске алады. Мамандығын бар ықыласымен жақсы көрген білікті жан аудан көлемінде жүздеген шәкірт тәрбиелеп, спорт саласына еңбегін сіңірді. Өңірде жеңіл атлетиканың өркен жаюына аянбай еңбек етті. Ол аудандық спорт комитетін басқарған жылдары жоғары нәтижеге қол жеткізе білді. Бапкер кейіннен О.Шораяқұлы атындағы №30 мектепте пән мұғалімі ретінде жас шәкірттерін спортқа баулып, кейбірінің осы саланы таңдауына жол ашты.
Ұзақ жылғы еңбегінде Е.Атабаев бірқатар марапатқа ие болды. Өмірінің 42 жылын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері» атағымен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Педагогикалық академиясының мүшелігіне сайланса, одан өзге аудан, облыс әкімдігінің және салалық ведомоствоның марапаттарына лайық деп танылды.
Ауданның спорт саласы тарихында өзіндік ойып тұрып орын алатын ардагер ұстаз атында облыстық ашық турнирдің аталып өтуі – оның ұзақ жылғы еңбегіне көрсетілген құрметпен қатар, елін, жерін сүйетін, саламатты өмір салтын ұстанатын жас ұрпақ тәрбиелеуде де маңызы зор болмақ. Сала ардагері бүгінде отанасы Әбила апаймен бірге ұл-қыздар тәрбиелеп, олардан тараған ұрпағының қызығын көріп отырған ардақты әке.
Турнирдің ашылу салтанатында аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық мәслихат депутаты Марат Асылов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжебек Таңбаев, ардагер ұстаз Еркін Атабаевтар сөз сөйлеп, жас волейболшыларға сәттілік тіледі.
Додалы жарысқа облыс аумағынан 13 қоманда қатысып, тартысты ойын өнерін көрсетті.
Нәтижесінде І орынды Сырдария ауданының командасы жеңіп алса, ІІ орынға Шиелі ауданының командасы ие болды. Ал ІІІ орын Қазалы ауданының командасына бұйырды. Турнирде жекелей үздік ойын үлгісін көрсеткен жасөспірім қыздар да марапат төрінен орын алды. Атап айтқанда, сырдариялық Ұлжамал Әбдіманапқызы «Үздік ойыншы», қазалылық Айша Серік «Үздік тосқауылшы», шиелілік Раяна Оразәлі «Үздік қорғаушы» номинацияларының жеңімпазы болып танылды.
Барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және кубок, медальдар табыс етілді.
Жарыс соңында Еркін Оразбекұлы турнирді ұйымдастырушыларға алғыс лебізін білдірді. Сондай-ақ жуырда волейболдан әйелдер арасындағы 34-ші Қазақстан чемпионатының (жоғары лига) чемпионы атанған қармақшылық Дениз Баймаханды жеңісімен құттықтап, ақ тілегін арнады.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
05 мамыр 2026 ж. 101 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (10501)

05 мамыр 2026 ж.

№32 (10500)

01 мамыр 2026 ж.

№31 (10499)

28 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 040
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 645

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031