» » Ұстаз есімі ұлықталды

Ұстаз есімі ұлықталды

qarmaqshy-tany.kz Жақында Омар Шораяқұлы атындағы №30 орта мектепте аудандық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қайраткері» төсбелгісінің иесі, ардагер ұстаз Еркін Атабаевтың 70 жасқа толуына байланысты білім беру мекемелері арасында волейболдан аудандық жарыс өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев ардагер ұстаздың өмір жолына тоқталып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Осы ретте, Еркін Оразбекұлының өмір жолына тоқталып өтер болсақ, 1953 жылы өмірге келген ол өз қатарлары сияқты бала жасынан спортқа деген ынтасы артып, өсе келе спорт деген тылсым дүниемен өмірін сабақтастырды. Ұзақ жылдар аудан орталығындағы орта мектептерде шәкірттерге денешынықтыру пәні бойынша дәріс беріп, көптеген жас өскіннің спорт әлеміне қанат қағуына қолдау көрсетті. Аудан басшылары дарынды жастың еңбегін бағалап, өңірімізде спорт саласын басқаруды сеніп тапсырды. Өз кезегінде ол аудан басшыларының сенімінен шығып, көптеген жас спортшының облыс, республика, тіпті халықаралық жарыстарда жасындай жарқырап, дүбірлі жарыстардан елге жүлдемен оралуына еңбек сіңірді. Сондай елеулі еңбектері үшін де көптеген марапатқа ие болды. Ал, соңғы жылдары ол спорттағы ұстаздық мансабын Омар Шораяқұлы атындағы №30 орта мектепте шәкірттерге денешынықтыру пәні бойынша сабақ беріп, құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты. Ел алдындағы елеулі еңбектері үшін ол «Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қайраткері» төсбелгісіне ие болса, ұстаздық ұзақ жылғы еңбегі үшін жоғары санатты ұстаз мәртебесін иеленді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс, аудан әкімдері мен сала басшыларының Алғыс хаттарымен, мақтау грамоталарымен марапатталса, 2015 жылы Қазақстан педагогикалық ғалымдар академиясының мүшелігіне сайланды. Әр жылдары «Үздік мұғалім», 2015 жылы республикалық І тәуелсіз қоғамдық байқауының «Эстетикалық цикл» номинациясы бойынша «Үздік ұстаз» аталымына ие болып, мерейі үстем болды.

Білікті маман саланы өркендетуде аудан жастарын спортқа баулу ісінде ауқымды спорттық шаралар ұйымдастырып, оның бұқаралығын арттыру, өңір тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда аудан басшыларына ұсыныс-пікірін білдіріп, оны іске асыруда белсенді еңбек етті. Уақыт талабына сай ауданда спорт залдарын жабдықтап, алаңдарын салу, оларды тиімді пайдалану, мектеп оқушыларының бос уақытын мазмұнды ұйымдастырудағы жан-жақты жұмыстары жайлы тәжірибесі аудан, облыстағы әріптестеріне таратылды. Ол аудандағы дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің әдістемелік орталығына жетекшілік етті. Тақырып аясында мақалалары облыстық, аудандық басылымдарда жарияланды.

Ардагер ұстаздың көптеген шәкірті бүгінде ұстаз жолын жалғастырып, өздері шәкірт тәрбиелеуде. Олардың арасында Әлемдік, Азиялық, республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, абыройға бөленуде.
Осындай атпал азаматтың есімін ұлықтаудағы дәстүрлі жарысқа 8 команда қатысып, олар екі топ бойынша өзара ойындар ойнады. Ал 2 топтан дараланып шыққан 4 құрама жүлделі орындардан табылу мақсатында ойындар өткізіп, нәтижесінде ІІІ орын үшін Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектеп пен Дүр Оңғар ауылындағы №107 орта мектеп командалары арасында өткен жарыста дүроңғарлықтар жеңсе, І орын үшін Байқоңыр қаласындағы №272 орта мектеп командасы мен №30 орта мектеп құрамасы арасындағы жарыс байқоңырлықтардың жеңісімен аяқталды.

Жарыс соңында аудандық мәдениет және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрбол Мырзабаев, ардагер ұстаз Еркін Атабаев, еңбек ардагерлері Төленді Мырзабаев пен Болат Сағынбаев жеңімпаз командалар мен жүлдегерлерге, Болат Омаровқа, Бекдәулет Қасымовқа, Мақсұт Өтесіновке «Үздік ойыншы» номинациялары мен арнайы медаль, кубок және мадақтамалар табыстады.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ
25 сәуір 2023 ж. 330 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (10289)

23 наурыз 2024 ж.

№23 (10288)

19 наурыз 2024 ж.

№22 (10287)

16 наурыз 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031