Майданда жолыққан бауырлар тағдыры

1990 жылдардың ішінде әкем Жеңіс күніне арнап аудандық газетке мақала жазып тұратын. Онда екі ағасының соғыста жүріп, ойда-жоқта кездесіп қалғаны туралы баяндаған. Менің білетінім 1978 жыл болу керек. Ленинск қаласының телестудиясынан бір кісі үйге келіп, әкеме жолықты. Ол сол жерде диктор болып қызмет атқаратын Абдол деген жігіт екен. Біздің үйге әкемнің ағасын іздеп келіпті. Ол кісі біздің үйге жақын жерде тұратын. Мені шақырып «кел» деп жұмсады. Келгеннен соң, біраз отырып әңгімелесті. Мен де қастарында отырып әңгімелерін тыңдадым. Жеңіс күні жақындап қалған мезгіл еді. Соған көкемді телестудияға шақырып, басынан өткен жағдайларын айтып беруді сұрады. Көкем көп сөйлемейтін, тұйық мінезді кісі еді. Бір жағынан денсаулығы да сыр беріп, ентікпе ауруы мазалап жүрген-ді. Сол себептен барудан бас тартты.
Біздер осы Төретам станциясының ежелден келе жатқан тұрғыны едік. Әкемнің үш ағасы болған. Үлкеннен кейінгі екі ағасы – Зада мен Жұманазар. Үлкен ағасы да соғысқа қатысқан кісі. Әкем екеуміз оңаша отырған кезде, сол Зада мен Жұманазар ағаларының соғыста жүріп кездескенін айтып отыратын. Сол әңгімелерін ұйып тыңдайтын едім. Өзінен үлкен ағасы Жұманазар 1919 жылы туған. 1939 жылы әскер қатарына алынған. Сол жылы Фин соғысына қатысады. Одан кейін 1941 жылы неміс басқыншыларымен соғыс басталады. Естігенім бойынша ол барлаушылар қатарында болған көрінеді. Ағасы Зада көкем темір жол бойында жұмыс істегендіктен, сол кезде еңбек резерві деген әскер құрылған. Кейіннен теміржол әскері деп аталып кетті. Өйткені жол соғыста өте маңызды болғандықтан теміржолшыларды алған көрінеді. Әкем болса сол кезде 14 жаста екен. Сол жасында теміржолда жұмыс істеген. Өйткені жұмыс істейтін адам болмағасын, солардың орнын басып қалған көрінеді. Біраз жыл өткеннен соң, біздің әскер жерімізді босатқаннан кейін, Польшаның территориясына кіреді. 1944 жылы Варшава қаласына кіргенде Зада көкемнің әскерлері вокзал аумағын босатып, пойыздарды кіргізе бастайды. Содан санитарлық вагондар келіп, жаралы адамдарды тиеп жатады. Зада көкем адамдарды тасып жүрген бір жігітке кездесіп, қазаққа ұқсағасын қай жақтан екенін сұрастырса, өзіміздің Қызылорданың жігіті болып шығады. Сөйтіп жөн-жол сұрастыра бастағанда әлгі жігіт «Жаңа ғана анау соңғы вагонға жосалылық бір жаралы кісіні тиедік» дейді. Сол вагонға барып іздеп бауырын тауып алады. Өмірде ондай жағдай кездеседі деп кім ойлаған? Ағасы мен інісі соғыста осылай кездеседі. Екі қабырғасынан жарақат алған екен. Көкемнің командирі пойыздың келесі тоқтайтын жеріне дейін шығарып салуға рұқсат берген көрінеді. Сол кеткеннен Жұманазар ағам жазылып шыққан бойдан Шығыс жаққа жіберілген. Жапон соғысына қатысып, жеңістен кейін бірнеше уақытқа оңтүстік Сахалинде алып қалған. Сол жерде үйленіп, отбасын құрады. Бауырларымен хат арқылы хабарласып тұрған. Әкем жұмыста жақсы жұмыс істегені үшін Кавказға оқуға жіберіледі. Оқуын бітіріп келгеннен кейін жол бойында жұмысын жалғастырады.
Байқоңырдың құрылысы басталғанда жол салушылардың бірі болып жұмыс істейді. Біршама уақыт өткеннен кейін, ағасына хат жазып, құрылыс жүріп жатқанын айтады. 1959 жылы Жұманазар ағам отбасын ертіп, елге оралады. Сол 1978 жылы телестудияға көкемді шақырғанда ағамыз айта бермейтін аурумен ауырып жатқан еді. Сол жылы мамыр айының соңында өмірден өтті. Зада көкем 1982 жылы қайтыс болды. Көке деп атайтын себебім, 1930 жылдардағы ашаршылық кезінде әкем бауырларымен жетім қалған кезде сол көкемнің қолында өскен. Сол себептен көке дейтінмін. Жұманазар ағамды папа деп атайтынмын. Әйелі украйн ұлтынан еді. Білетіндерім осы. Әрі қарай соғыстан кейінгі өмір ғой. Бір уақытта осындай орны бөлек оқиға орын алғанын кейінгі ұрпақ ұмытпаса екен деген ой менікі.
Ахантай ЕРІМБЕТОВ













