» » Бір шаңырақ астындағы береке

Бір шаңырақ астындағы береке



Еліміздегі түрлі ұлт пен ұлыстың достығы мен ынтымағын айқындайтын мерекенің бірі – Бірлік күні. Бұл еліміз үшін ерекше маңызға ие дата. Қазақстанның басты байлығы – кең байтақ жері болса, сонымен қатар сол жерде тұрақтаған, бірлігі жарасқан халқы.
Ертеректе өмір сүрген атақты Қаблиса жыраудан бізге:
– Бақ, қайда барасың?
– Елімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі,
Ұйымшыл елге барамын, – деп келетін аса құнды тәмсіл жеткен.
Халқымыздың «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мақалдарының түп-төркіні де алауыздықтан ада болуды, бірлікке ұмтылуды насихаттайды. Бұл нақыл сөздер – ғасырлар бойы жинақталған өмірлік тәжірибенің, даналықтың көрінісі. Ата-бабамыз елдің амандығы мен жердің тұтастығын сақтауда, ең алдымен, ауызбіршілікті жоғары қойған.
Қазіргі таңда да бұл мақалдардың мәні өзектілігін жойған жоқ. Күнделікті өмірде бірлік отбасыдан басталады. Отбасында сыйластық болса, қоғамда да тұрақтылық болады.
Бүгінде Қазақстанда 100-ден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Ресми деректерде 130-дан астам ұл деп көрсетіліп келеді. Қазақтармен қатар қырғыз, өзбек, орыс, ұйғыр, кәріс, неміс және басқа да көптеген этностар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Тарихтың әр кезеңінде елімізге қоныс аударған халықтардың тағдыр тоғысуының нәтижесінде адамзат өкілінің қаншама ұрпағына пана болған еліміз ұлтаралық бірлікті, өзара ынтымақ пен келісімді сақтауымен ерекшеленеді. Соған қарамастан, олар өз мәдениеттерін сақтай отырып, Қазақстанды ортақ Отан ретінде қабылдап, оның дамуына үлес қосуда.
Өмірден алынған нақты мысалдарға тоқталсақ, еліміздегі көптеген мектебінде әртүрлі ұлт балалары бірге білім алады. Олар бір партада отырып, бір тілде сөйлесіп, бір мақсатқа ұмтылады. Өз ауданымыз бойынша қарастырсақ, бір кездері атағы республикаға аспандаған ІІІ Интернационал ауылындағы мектепте қазақ, орыс, кәріс, түрік балалары достық қарым-қатынаста өсіп келе жатқанына көптеген жылдың жүзі болды. Бұл болашақ ұрпақтың бірлік рухында тәрбиеленіп жатқанын айқындай түседі.
Тағы бір ерекше айта кететін жайт, осыған дейін елімізде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы. Бұл ұйым түрлі этностар арасындағы татулық пен келісімді нығайтуға бағытталды. Ассамблея аясында түрлі мәдени орталықтар жұмыс істеді. Мысалы, кәріс мәдени орталығы өз дәстүрін насихаттаса, ұйғыр театры ұлттық өнерді дамытты. Аталмыш ұйымдар халықтар арасындағы түсіністікті арттырып, бірлікті нығайтты.
Жалпы 1 мамырды бірлік күні деп атау, оны республикалық маңызы бар мереке ретінде тойлаудың мәні неде? Бұл сұраққа жауап алу үшін тарих күнделігін парақтап, оның ерекшелігіне үңіліп көрелік.
1886 жылы 1 мамырда Чикагода жұмысшылар 15 сағаттық жұмыс күніне қарсы шығып, 8 сағаттық жұмыс күнін талап етіп, ереуілге шығады. Наразылық білдіру әрекеттері 4 күнге созылады. 1889 жылы Париж конгресі бұл күнді «Халықаралық ынтымақтастығы күні» деп жариялайды.
Ресей империясында бұл мейрам 1890 жылы жұмысшылардың ереуілге шығуымен байланысты болды. Кеңес үкіметі тұсында 1 мамыр мейрамы большевиктердің ойлап тапқан мерекесі ретінде «Халықаралық еңбекшілер күні» ретінде үлкен шерулермен атап өтілді.
Ал, шын мәнінде, бұл мерекенің тарихының тамыры тереңде жатыр. Қысқаша тарқатып айтар болсақ, осыдан 3000 жыл бұрын ежелгі Италия халқы Майя есімді құдайға табынған екен. Олар оны жердің қамқоршысы ретінде таныған. Құдайдың есімінің құрметіне көктемнің соңғы айын «май» деп атап, сол күні мерекелік сауық-сайран құрған.
Еліміз өзінің егемендігін алғаннан кейін көптеген маңызды мерекелер де өзіндік сипатқа ие бола бастады. Мәселен, 1995 жылдың 18 қазанында Кеңестер Одағында тойланып келген «Еңбекшілер күні» тойлаудан бас тартылып, орнына 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп атау қалыптасты. Осылайша бірлік күні 1996 жылдан бастап тойланып, татулықтың жаршысына айналды. Мереке бастапқы мағынасынан, саяси бағытынан ауытқып, халқымыздың ұғымына етене жақын бірлік мәнімен астасып, жаңа мазмұнға ие болды.
Иә, 1 мамыр күні Қазақстан Республикасында тұратын халықтарды бірлікке, ынтымаққа ұйытатын мерекелік шаралар өткізіледі. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне қатысқан әр адам бұл мейрамның ауқымын біледі. Мерекеге әртүрлі мәдени орталықтар атсалысады. Ән айтылып, би биленеді, ұлттық киім, тағам үлгілері көрсетіледі, көрме ұйымдастырылады. Олардың мақсаты – Қазақстан халқын өзге халықтардың дәстүрлерімен таныстыру. Мұндай іс-шаралар халықтың мәдениетін құрметтеу мен танып-білуге мүмкіндік береді.
Бірлік – нақты іспен дәлелденетін қасиет. Бір-біріне қолдау көрсету, өзара түсіністік таныту, өзгелердің мәдениеті мен дәстүрін құрметтеу – нағыз бірліктің белгісі. Сондықтан ата-бабамыздан қалған тарихи тағылым, өсиет бізге әрқашан бағыт-бағдар беріп, татулық пен келісімнің қадірін түсінуге үйретеді.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
01 мамыр 2026 ж. 84 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10500)

01 мамыр 2026 ж.

№31 (10499)

28 сәуір 2026 ж.

№30 (10498)

25 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 007
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 622

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031