ТАТУЛЫҚ пен ДӘСТҮР ДӘРІПТЕЛГЕН КҮН
Мемлекетіміз – түрі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір бірнеше ұлт өкілдерін бір арнада тоғыстыра білген бейбітшіліктің символы. Рухы биік қарашаңырағымыз қашанда татулық пен бірлікті басты байлық деп санаған. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан еш жалықпаған. «Береке бастауы – бірлік, ел іші тату – тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны бөлек.
Бірлік күні ауданымызда да жоғары деңгейде аталып өтті. Әр ұлт өкілдерінің киімін киген аудан тұрғындары мен қонақтар орталық алаңдағы думанды шараға жиналды. Аудан орталығында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Татулығы жарасқан берекелі Қазақстан» атты мәдени ісшара өтті.
Ауданымызда этнос өкілдерінің ұлттық тағамдары дастарқанға қойылып, мерекелік шара барысында түрік ұлтының дәстүрлі «Беташар» рәсімінен көрініс көрсетілді. Мерекелік шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, жиналған жұртшылықты ынтымақ пен бірліктің мейрамымен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы елдің тұрақтылығы мен дамуы үшін бірлік пен келісімнің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, татулық пен сыйластық салтанат құрған қоғамда берекелі тірлік орнап, болашаққа сенімді қадам жасауға мүмкіндік бар екенін жеткізді.
– Баршаңызды бүгінгі Бірлік күнімен құттықтаймын! Бірлік пен ауызбірліктен бөлек, құрметтепардақтайтын ерекше мереке. Атабабаларымыз қай заманда да бірлікті, татулықты бірінші орынға қойған. Бүгінгі күні де Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының нәтижесінде елімізде бірліктің үлгісі бүкіл әлемге өнеге болуда. Ауданымызға қарасты ІІІ Интернационал ауылында да қаншама ұлт пен ұлыс ауызбірлікпен бір мақсатта, бір бағытта еңбек етіп, аудан дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Бүгінгі таңда Президент пен аймақ басшысының қолдауымен өңірімізде оң өзгерістер орын алуда. Бірлік күнінде әрбір отбасыға жақсылық, қуаныш тілеймін. Әр отбасының бірлігі – елдің ауызбірлігі. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! – деді аудан әкімі.
Думанды жиында қазақ халқымен қатар, Қазақстанды мекендеген түрлі этнос өкілдерінің өнері көрермен назарына ұсынылды. Олар ұлттық әндерін орындап, би билеп, халықтың мәдени алуандығын айшықтады.
Сонымен қатар, бірлік күніне орай арнайы «Қазақстан – бірлік пен татулық мекені» атты сурет байқауы өтті. Ұлттар арасындағы татулық пен достықты дәріптеу, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуды мақсат еткен байқауда оқушылар түрлі техникада орындалған әсерлі туындыларын ұсынды. Олардың әр суретінен бірлік пен бейбіт өмірдің жарқын бейнесі көрініс тапты. Үздік шыққан жұмыстар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, барлық қатысушыға аудан әкімі орынбасарының алғыс хаты тапсырылды.
Мерекелік ісшара одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасып, түрлі ұлт өкілдерінің әндері шырқалды. Осылайша аудан тұрғындары мамыражай мерекені жақсы көңіл күймен қарсы алды.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ