70 жыл көлік тізгінінде
Аудандық газет жергілікті жердің беткеұстар ақпарат құралы болған соң үлкен де, кіші де бас сұғып жатады. Сондай бір сәтте жақында қазақтың қадірлі ақсақалы, ауданымыздың құрметті азаматы, тыл және еңбек ардагері, Төребай би ауылының шежірелі тұлғасы Жақсылық Жалғасбаев атамыз да шаруасымен келген еді. «Жақсыдан – шарапат» дегендей, редакция ұжымы атамыздың әңгімесін тыңдап, батасын алдық.Есікке беттегенде «Көлігіңіз бар ма еді, ауылға қайтатын, ата» дегенімізде, жай ғана «бар» деді. Үлкенге деген құрметпен ізінен еріп келеміз. Мұны байқаған ол «рақмет балам, көлігіммен келгенмін, өзім жүргіземін ғой» деді.
Жақсылық ақсақалды білетіндер болмаса, сырткөз 92 жасты бермес еді. Ағамызға қарап, адамның ұзақ жасауы ішкі жан дүниесінің тазалығына байланысты-ау деген ойға қалдық. Ғасырға жуық ғұмыр иесі тұтас елдің шежіресіндей. Сынаптай сырғып өтер өмірде жары Люба апаймен біраз қиындықты еңсеріп, ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеген.
Ол 1934 жылы ауданға қарасты Сталин атындағы ұжымшарда дүниеге келді. Бестам атындағы 10 жылдық мектепті бітіріп, Қызылорда гидромелиоративтік техникумына оқуға түсіп, одан «техник мелиоратор-ирригатор» мамандығын алып шығады.
Алғашқы еңбек жолы Ақжар МТС-і жанындағы машина-мелиоратив бөлімінде басталады. Мұнан соң әскер қатарына шақырылып, Уфа қаласында борышын өтейді. Ардагер ғибраты мол ғұмырында мал шаруашылығы жайылымдарын суландыру, туған ауылы Ақжарда бас инженер-гидротехник, егін шаруашылығы меңгерушісі, өндіріс бригадирі қызметтерін абыроймен атқарса, 1976 жылы Чапаев атындағы ұжымшарда партия комитетінің хатшысы, 1978 жылы Жосалы кеңшарының директоры болып 1994 жылға дейін қызмет етті. Ал 1998 жылы зейнет демалысына шықты.
Өнегелі өмір жолында «Еңбектегі ерлігі» медалімен, «Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалімен, «Тың көтерудің ХХV жылдығы» медалімен және КСРО Халық бақылау комитетінің төсбелгісімен, Қазақ КСР партиялық және мемлекеттік бақылау комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Екі дүркін облыстық кеңесі атқару комитетінің грамотасын иеленді.
Тәуелсіздік жылдарында еңбек етуді жалғастырса, қазіргі уақытта да ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласады. 1998 жылдан бастап жанұялық «Шабан ата» шаруа қожалығын құрып, ол осы кезеңге дейін жұмыс атқаруда. Ауылдық ақсақалдар кеңесін басқарып, елге ағалық жасаса, бұл еңбегі де бағаланып, «Қызылорда қаласына 200 жыл», «Қармақшы ауданына 90 жыл», тағы басқа мерекелік медальдармен мадақталды. 2017 жылы аудан әкімі мен мәслихатының шешімімен «Ауданның құрметті азаматы» атағы берілді. 2022 жылы облыс әкімінің Құрмет грамотасы тапсырылса, Қарттар күніне орай «Облыстың құрметті ардагері» атағына ие болды.
«Алтын алқа» иегері Люба апамыз 1984 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанша Жосалы кеңшарында медициналық бөлімшенің меңгерушісі болып халыққа адал еңбек жасады. Отбасындағы балалардың бәрі де жоғары білім алды. Ерлі-зайыптылар балаларын теңдей жүріп оқытып, үйлі-баранды етті. Анамыз осыдан екі жыл бұрын 90 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Жақсылық атаның өмірі – өнеге, ғұмыры – ғибрат. Ол кісімен әңгімелесудің өзі бір ғанибет.
– Бақша егуді 1993 жылдан бастадым. Оған дейін басшылық жұмыстарда болдық, көптеген қызмет атқардық. Жұмыстан шыққасын бақша егуге кірістім. Зейнетке шығудан 3 жыл бұрын ауылда жұмысшы ретінде бақша ектім. Зейнет демалысына шыққасын да осы бақшамен айналыстым. Содан қазірге дейін егемін. Биыл да бұйырса бастап жатырмыз. 1998 жылы «Шабан ата» шаруа қожалығын ұйымдастырып, 2017 жылға дейін оған жетекшілік жасадым. Нәтижесін көре бастағаннан немерем Абзалға табыстадым. Бірақ мұнан соң да бақшамды егіп отырмын. Ондағы мақсат – біріншіден, азғантай болса да отбасының әлеуетіне үлес қосу. Екіншіден, денсаулық жағдайына байланысты қозғалыста жүрген дұрыс деп есептеймін. Үнемі қозғалыста болсаң, денсаулығың да, көңіл күйің де жақсы болады. Бос қарап отыра берсең тізең қатып, орныңнан қозғала алмай қаласың. Ал жатқан кісінің орны төсек болады, – дейді атамыз еңбектің маңыздылығына тоқтала.
Ж.Жалғасбаевтың жүргізуші куәлігін алғанына 70 жылдан асып барады екен. Ол жайында былай сыр шертеді.
– Жүргізушілік куәлігімді 1955 жылы алғам. Арнайы шофер болғаным жоқ. Өмір бойына қызметке берілетін көлікті өзім айдайтынмын. Ақжар ауылының 21 жыл гидротехнигі болдым. Маған су таситын көлік бекітілген, осы уақыт аралығында соны жүргіздім. Су маманы болумен қатар, көліктің күтімін жасап, жөндейтінмін. Кейін УАЗ автокөлігін сатып алдым. Көліксіз жүрген кезім болмапты. Қазір жасым 92-де. Көлік жүргізіп келе жатқаныма 70 жыл. Жаңа менен жақсы қартаюдың, ұзақ жасаудың сырын сұрап жатсыңдар. Жақсы қартаюда үлкен адамның өз жауапкершілігі бар. Үлкен кісіге де міндет артылған. Ақсақал болу бір қызмет істеу емес, ақсақал болудың өзі кез келгенге беріле қоймайды. Оны сақтай, дәріптей білуің керек. Ақылыңды айтатын, өткен өміріңде кеткен кемшіліктерден сабақ алатын, баланы дұрыс жолға қойып, тәрбиелейтіндей ақсақал болудың да үлкен міндеті бар. Сол міндетті орындап шығуда еңбек етіп жатырмын десем, артық айтпаған болармын. Үлкен адам өнеге көрсетіп, ақылды болуы керек. Ұлттық дәстүрімізді балаға үйрету, ұрпақ бойына сіңіру де ақсақалдық іс. Ол дегеніміз – үлкен міндет, өнеге. Кез келген ақсақал бола алар, бірақ талабын орындау екі адамның бірінің қолынан келе бермейді. Мен соны дұрыс орындауға тырысамын. Денсаулығымды қозғалыспен күтемін. Өзіме қараймын. 90-нан ассам да, алдымдағы мақсатқа қарай жүргім келеді. Осы жасқа жеткен екенмін деп тоқайрап қалу менде жоқ қасиет. Әлде де қозғалып, жүгіріп жүріп анау-мынау аурудың бәрін қозғалыспен, еңбекпен жеңгім келеді, – дейді ардагер.
Атамызбен болған әңгімеде ұққанымыз – адам баласы тек қана еңбекпен өсіп-өніп, көгереді. Қанша заманауи технология салтанат құрғанымен, қол еңбегінен де айырылуға болмайды.
– Қазіргі саясат та, өмір үрдісі де жаңа технологияны қолдайды. Мен оны жақсы түсінемін. Талап солай. Дегенмен, балаларды еңбекке баулуды екінші орынға қалдыруға болмайды. Мен кетпенге салып қою керек деп жатқаным жоқ. Оны меңземедім. Бірақ әдісін үйренген жөн. Ұрпағымызды адамгершілікке, отансүйгіштікке, еңбекке тәрбиелей білсек, жаман болмаймыз. Тілегім – ел-жұрт аман болсын. Ауданымыздың, аймағымыздың ауызбірлігі мықты болып, мемлекеттің саясатын орындауда алға жылжи берсін. Аймағымыз жақсы дамып жатыр. Қол жеткен табысымыз берекелі болып, Тәуелсіздігіміз нығая бергей. Қазақ халқы дүние жүзі танитындай ел болайық, – дейді ақ тілегімен сөзін түйіндеген атамыз.
Сәрсенкүл АҚКІСІ















