» » » СҰЛУ СЫРДЫҢ БОЙЫНАН ЖЕТКЕН МАҚАМ

СҰЛУ СЫРДЫҢ БОЙЫНАН ЖЕТКЕН МАҚАМ

Сыр бойында жыршылық-жыраулық өнердің үздіксіз дамуы атадан балаға, ұстаздан шәкіртке ұласып, бүгінге саф алтындай жарқырай жетіп отыр. Бұл орайда өңірдің жыраулық өнерге тән өзіндік ерекшелігі бар. Ол – бір әулетте бірнеше ұрпақтан үзілмей жалғаса жетуі. Сондай жыр киесі қонған киелі әулет – Жиенбай жырау әулеті. Бірнеше буын ұрпақпен сабақтаса жеткен жыраулар көші – жыр мектебінің негізін қалаушы Дүзбенбетұлы Жиенбай жыраудан – Рүстембек жырау, одан Көшеней мен Бидас жыраулар және кейінгі ұрпақтары да жыраулық өнердің орындаушылық дәстүрін жалғастырып келеді.
Осы ретте, жуырда Алматы төрінде – «Алматы қаласы музейлер бірлестігіне» қарасты Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Көшеней Рүстембековтің 80 жылдығына, Бидас Рүстембековтің 75 жылдығына арналған «Рүстембек жыраудың домбырасы музей сахнасында» айдарымен «Бабадан жеткен аманат» тақырыбында Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қызылорда облысы және Қармақшы ауданының құрметті азаматы, жыраулық өнердің жәдігер тұлғасы Бидас Рүстембекұлының шығармашылық кеші өтті.
Іс-шара – атадан балаға мирас болған жыраулықжыршылық өнерді кеңінен насихаттауды, ұлттық рухани мұрамыздың ұрпақ жадында жаңғыртуды, жыраулық өнердің өнегелік мұраттарын, тәлім-тәрбиелік маңыздылығын айшықтау және рухани өнердің тарихи сахнасын сақтау арқылы оның жалғасуы мен дамуына ықпал етуді мақсат етті.
Қазақ мәдениеті мен өнеріне бүгінгі таңда Жиенбай жыраудың тікелей ұрпақтары жыраулық өнердің қанат жаюына, жас ұрпақ бойында жалғасуына зор үлесін қосып келеді. Тағы бір айта кетерлік жайт, жырау негізін қалаған қасиетті топырағымызда жыршылықжыраулық өнер дәстүрін әлем мойындап, «Қармақшы жыраулары» ресми түрде ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне енгізілді. Бұл дегеніміз – аспанын жауһар жырмен көмкеріп, көмекейінен жыр төгілген таланттарымыздың әлемдік өнерге қосқан өлшеусіз еңбегі екені анық.
Шығармашылық кеште күйші Саян Ақмолда Қорқыттың «Қоңыр», елімізге танымал өнер иесі Ұлжан Байбосынова Тұрмағамбеттің «Әр елдің бар бұлбұлы», Рүстембек жырауға арнау – «Жеріңді сұра шырақ танымаған», күйші Ерболат Мұстафаев Әлшекейдің «Қыз тоқтаған», әнші Талғат Әбуғазы Нартайдың термесі «Өздерің білер Нартаймын» күй, термелерін орындаса, жерлесіміз, аудандық К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің директоры, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Айгерім Ешбаева Әзірбек Ақшолақовтың «Көшенейге», Кете Жүсіптің «Ұстаз» туындыларын орындап, көптің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ Аңсаған Ділдәбекқызы мен Байбол Көшеней өнерімен көптің ықыласына бөленсе, Бидас жырау шәкірттері Ұлжан Байбосынова, Айгерім Ешбаевамен бірге «Көрғұлы» жырынан үзінді жырлады.
Кеште аңыз адам, Жиенбай жыраудың немересі, Рүстембек жыраудың бел баласы Бидас ағамыздың орындауындағы шығармаларға алматылықтар зор қошеметпен қол соғып, ризашылықтарын жеткізді.
Қорыта айтқанда, бұл рухани жан дүниені байытып, Сыр елінің мақам-сазымен сусындатқан күн болды. Жыр кешінде 1970 жылдары Көшеней Рүстембековтің таспаға басылған дауысы тыңдалып, тұшымды естеліктер айтылды.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
20 сәуір 2026 ж. 73 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (10496)

18 сәуір 2026 ж.

№27 (10495)

14 сәуір 2026 ж.

№26 (10494)

11 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 921
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 567

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930