» » КӘСІПТІҢ СЫРЫН ҚАЛАЙ ТҮСІНІП ЖҮРМІЗ?

КӘСІПТІҢ СЫРЫН ҚАЛАЙ ТҮСІНІП ЖҮРМІЗ?

Бүгінгі жастың – талабы зор. Оған дәлел жас та болса, бойындағы дарынын кәсіпке айналдыра білген жандардың қарасының көбеюі. Олардың бірі қолөнерге бейім, бірі аспаздыққа, ерекше дүниемен шығаруға көңілі ауса, енді бірі ұлттық өнерді дамытып жүр. Тіпті сәнге құмар жандардың бет-әлпетін әрлеп те пайда табуға болатынын біледі олар.
«Қолы қимылдағанның ғана аузы қимылдайтынын» бүгінде жұрттың бәрі түсіне бастады. Яғни, «жұмыс жоқ» деп бос жүрмей немесе түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып, «қашан қызметке алады?» деп күтіп отырмай, өз бетінше әрекет ететін, тіршілік жасауға талпынатын жандардың қарасы көбейді.
Соңғы жылдары елімізде кәсіпкерлікке деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Бұрын «бизнес» сөзі тек сауда-саттықпен байланысса, бүгінде ол экономикалық өсімнің, жаңа жұмыс орындарының, инновацияның басты тірегіне айналды. Әсіресе жастар арасында кәсіпке деген қызығушылық артып отыр. Мемлекет тарапынан да түрлі бағдарлама қабылданып, грант пен жеңілдетілген несие бөлінуде.
Дегенмен, біз кәсіпті қалай түсініп жүрміз? Ол тек табыс табудың амалы ма, әлде қоғамға пайда әкелетін үлкен жауапкершілік пе? Саралап көрсек.
Кәсіпкерлік – адам қызметінің, еңбегінің жарқын көрінісі. Ол басқа салаларға ұқсамайды. Барлық күшқуатын арнаған, еңбегін сарқып, жолын игерген адам ғана бұл салада жоғары жетістікке жетеді.
Кәсіпкердің бойынан табылу керек 3 қасиет
Табысты кәсіпкер болу үшін ең бірінші табандылық қажет. Бұл – күрделі шешімдер қабылдау үшін өзіңе жауапкершілік ала білу. Бизнес көптеген сынақтан тұрады. Сондықтан, күтпеген жағдайларда тез әрекет ету және шешім қабылдау мүмкіндігі кәсіпкерлік үшін өте маңызды. Екіншіден, іске деген сүйіспеншілік, энтузиазм болу керек. Бұл үлкен жетістікке жетелейді. Табысқа бастар ең жылдам жол – өзіңе ұнайтын істі табу және жан-тәніңмен берілу. Кәсіпкердің тағы бір қасиеті – адамдармен коммуникация орната білу. Кәсіпкерлікпен айналыса отырып, көптеген адаммен кездесуге тура келеді. Сондықтан кәсіби және қарым-қатынас жүргізе алатын адам ретінде беделге ие болу маңызды.
Кейбір жастар кәсіпті қысқа мерзімде пайда табудың тәсілі ретінде көреді. Ал шын мәнінде кәсіп ұзақмерзімді жоспармен, тұрақты еңбекпен, тәуекелділік пен қоғамға қызмет ету мәдениетін түсінумен болатынын жастар елей бермейді. Жоғарыда айта кеткеніміздей, мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар жастарды кәсіпке ынталандыруда. Дей тұра, бизнес бастаған жастардың басым бөлігі алғашқы 2-3 жылда жабылып қалады. Бұл – нарықты, тұтынушы сұранысын, бизнес жүргізу ережелерін толық түсінбеуден туындайтын құбылыс.
Осы секілді қоғамда кәсіптің сырын түсіну деңгейі әркелкі. Бірі кәсіпті жылдам ақша табудың амалы деп қабылдаса, енді бірі оны тұрақты еңбекті, тәуекелді және жауапкершілікті талап ететін күрделі сала ретінде көреді. Осындай қарама-қайшы түсініктер кәсіпкерлік мәдениеттің әлі де қалыптасу үстінде екенін көрсетеді.
Қоғамға қызмет
Бізде әлі күнге дейін «кәсіпкер тек ақша табуды көздейді» деген ой басым. Шын мәнінде, кәсіп – тек табыс көзі емес. Ол – қоғамға қызмет етудің, құндылық қалыптастырудың, жаңа идеяларды жүзеге асырудың жолы. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдерде кәсіпкерлер тек бизнес өкілдері ғана емес, олар – қоғам көшбасшылары, әлеуметтік жобаның бастамашылары.
Дамыған елдерде кәсіпкерлік мәдениеті бала кезден қалыптастырылады. Мәселен, Германияда дуальды білім жүйесі бар: жастар мектептен бастап кәсіптік білім алып, бір мезетте тәжірибеден өтеді. АҚШ-та «стартап мәдениеті» қалыптасқан жастар идеяны іске асырып, инвестор тарта білуге үйренеді.
Соңғы жылдары жастар арасында кәсіпке қызығушылықтың өсуі байқалады. Оның бірнеше себебі бар. Мәселен, дәстүрлі жұмыс орындарының жеткіліксіздігі, еркіндікке ұмтылыс, интернет пен технологияның жаңа мүмкіндіктері, мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау шаралары.
Тәжірибе көрсеткендей, жаңадан ашылған кәсіптердің бір бөлігі алғашқы екі-үш жыл ішінде жабылып қалатынын жоғарыда айтып кеттік. Енді мұның негізгі себебі жайлы да сөз қозғай кетсек. Бұл құбылыстың негізгі себептері – нарық талаптарын толық түсінбеу, қаржылық сауаттың төмендігі, бәсекелестікті бағаламау және кәсіптің тек пайда табуға ғана бағытталуы.
Кәсіп жүргізудегі қиындықтар
Жастар кәсіп бастағанда жиі кездесетін басты мәселелерге тоқталсақ. Бірінші кезекте қаржылық сауаттың төмендігі. Көп жас кәсіпкер кіріс пен шығысты дұрыс жоспарлай алмайды, несиеге тәуелді болады. Мұнан кейінгі кезекте нарықты зерттемеу. Кәсіп бастар алдында тұтынушының сұранысын зерттеу мәдениеті әлі қалыптаспаған. Соның салдарынан ұсынылған өнім не қызмет өтімсіз болып шығады. Сонымен қатар бәсекелестікті бағаламауды қаперінен шығарып алады. Кейбір жастар нарықта өзіндік ерекшелігі жоқ жобаларды қолға алып, бәсекеге төтеп бере алмай қалады. Келесі кезекте кәсіпкер жауапкершілікті арқалауды ұмыт қалдырады. Кәсіп тек еркіндік емес, ол – салық төлеу, сапаға жауап беру, адамдарға жұмыс беру деген үлкен міндеттерді қамтиды.
Кәсіптің сырын түсінуде басты қателік – оны тек ақша табу көзі ретінде қабылдау. Шын мәнінде, кәсіптің мәні – қоғамға құндылық жасауда. Сапалы өнім, пайдалы қызмет – бұл адамдардың тұрмысын жақсартады. Сондай-ақ жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру. Жаңа жұмыс орындары, жаңа идеялар – ел дамуына үлес қосады. Тұрақты кәсіп тек бірреттік пайдаға емес, сенім мен сапаға негізделеді.
Түйін Кәсіп – табыс табудың ғана жолы емес, ол – қоғамды дамыту тетігі, өркениеттің қозғаушы күші. Жастар кәсіптің сыртқы жарқыраған қырына емес, оның ішкі сырына бойлай алған кезде ғана нағыз нәтижеге жетеді. Кәсіптің сырын түсіну үшін тек идея немесе қаржы жеткіліксіз, оған нарықты білу, қаржылық сауат, табандылық, адамдармен жұмыс істей білу сияқты көптеген қасиеттер қажет. Бүгінгі жастар кәсіпке батыл қадам жасап жатқанымен, оның мәнін толық түсініп, ұзақ мерзімді жоспармен жұмыс істегенде ғана тұрақты нәтижеге жете алады. Кәсіп – қоғамға пайда әкелу, жаңа жұмыс орындарын ашу, сапалы өнім мен қызмет ұсыну арқылы ел экономикасының дамуына үлес қосу екенін ұмытпауымыз керек.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
03 сәуір 2026 ж. 96 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (10490)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (10489)

27 наурыз 2026 ж.

№21 (10488)

23 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 779
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

АБЫРОЙ ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕДІ
28 наурыз 2026 ж. 136

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 491

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930