ӘЛЕМ – ӘЙЕЛМЕН ӘДЕМІ
Жуырда Астана қаласында Қазақстанның әр өңірінен «AMANAT» партиясының әйелдер қауымын жинап, нәзікжандыларға арнап жиын өткізілді. Қонақжайлылықтың қаймағы болған, еңселі Елордамыз қазақ ханымдарын құрметтеп, ерекше қарсы алды. Осынау үлкен жиында ел ағалары мен құрметті қонақтар да болды.
Жиынның алғашқы сөзі «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановқа берілді. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев гендерлік саясатқа ерекше мән беретінін атап өтіп, әйелдер қауымы жұмысқа өте ұқыпты, әрбір іске тиянақты, сондықтан оларға ең сезімтал әрі әлеуметтік маңызы жоғары салалар тапсырылатыны туралы айтқан сөзін еске салды. Партия төрағасы қоғамдағы әйелдердің рөлі туралы айта келе, олардың адамға деген қамқорлығы, отбасы тағдырына деген жауапкершілігі және балалардың болашағына алаңдаушылығы мемлекеттегі адамгершілік құндылықтарының берік негізін қалыптастыратынын жеткізді.
Партия төрағасының «Ер – елді тіреп тұрса, әйел – әлемді тербеп тұрады» деген сөзі құлағыма тиген күйі менің ойыма орала берді. Естіген жанға ешқандай ерекшелігі жоқ сынды, астарына үңілсек, әйел қандай ерекше жаратылыс екенін ұғуға болады. Әйел – қыз, келін, ана, әже. «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейді», «Әлем – әйелмен әдемі», «Әйел тыныш болса, әлем тыныш», тағысын тағы әйелге деген сұлу сөздер жетерлік.
Сондықтан әйелдер қауымына артылар жауапкершілік те аз болмайын деп тұрғаны айқын. Қоғаммен бірге өсіп, дамып, балалардың болашағы үшін, елдің ертеңі үшін ерлермен етене араласып, қазақтың қамы үшін деп еңбек етер жұлдызды сәт туды деп ойлаймын. Мұхтар Әуезовтің «Жұмақ – ананың табанының астында» деп айтқаны баршаға мәлім. Демек, әйелдің, ананың өмірдегі орны ерекше. Енді осы бір «әйел» деген әдемі есім мен «ана» деген қасиетті сөзді абыроймен алып жүруді нәсіп етсін деп тілеймін.
Гүлнұр БЕКТҰРАРҚЫЗЫ

















