Елбасы Геннадий Головкинмен кездесті
Мемлекет басшысы WBC, WBA (Super), IBO тұжырымдары бойынша кәсіпқойлар арасындағы бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкинмен кездесті, - деп хабарлайды Ақ орданың ресми сайты. Елбасы кездесу барысында бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкинге ілтипат білдіріп, қазақстандықтар оның кәсіби спорттағы жарқын жетістіктерін мақтан тұтатынын айтты. – Отандастарымыз сенің жекпе-жектеріңді жіті бақылап отырады. Сен Қазақстанды лайықты түрде танытып, өз отаныңды ешқашан ұмытпай, жүрген жерде айтып жүресің. Біз сені мақтан тұтамыз. Қыркүйек айында сені өте маңызды жекпе-жек күтіп тұр. Барша қазақстандықтардың атынан саған жеңіс тілеймін, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Геннадий Головкиннің Қазақстан спортын танытудағы және еліміздің халықаралық имиджін арттырудағы зор рөлін атап өтті. – Сен өз салмағыңда ешкімге дес бермедің, бірде-бір жеңілісі жоқ саған ең үздік нокаутер боксшы деген атақ берілді. Бұл – зор жетістік әрі біздің спортымыз бен бүкіл Қазақстанды насихаттаудың жарқын мысалы. Біз сенің ерік-жігеріңді жоғары бағалаймыз. Егер Қазақстанда жекпе-жек өткізуге мүмкіндік болса, біз оған жағдай жасап, қол ұшын береміз, – деді Мемлекет басшысы. Г.Головкин жеке қолдау көрсеткені үшін және Қазақстанның спортын, соның ішінде бокс мектебін дамытуға зор көңіл бөлгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді. – Мен өз тарапымнан елімізді халықаралық аренада одан әрі таныту үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын. Егер бәрі ойдағыдай болып жатса, Қазақстанда жекпе-жек өткізу жоспарымызда бар. Халқымыз осындай қызықты бокс бәсекесін тамашалауға әбден лайық деп есептеймін. Маңызы зор осындай жекпе-жекті барша жұрт көргісі келеді деген ойдамын, – деді Г.Головкин. Сонымен қатар Г.Головкин Қазақстан Президентіне WBC, WBA (Super), IBO және IBF тұжырымдары бойынша кәсіпқойлар арасында бокстан алған чемпиондық белдіктерін сыйға тартты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Г.Головкинді «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапаттады.