Головкиннің алдағы кездесуі қайда өтетіні анықталды
Орта салмақтағы WBA Super, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің келесі кездесуі қайда өтетіні белгілі болды.
Бұл туралы Vesti.kz хабарлады.
BoxRec порталы таратқан мәлімет бойынша, 5 мамырға белгіленген жекпе-жек Лас-Вегас қаласындағы MGM Grand спорт кешенінде өтеді екен. Отандасымыздың қарсыласы әлі анықталған жоқ. Ал Головкиннің Сауль «Канело» Альвареспен кездесуі Лас-Вегастағы T-Mobile Arena спорт кешенінде өтуі керек еді.
Еске салайық, 3 сәуірден 4 сәуірге ауысқан түні мексикалық боксшы Сауль Альварестің (49-1-2, 34 КО) жекпе-жектерін ұйымдастыратын Golden Boy Promotions компаниясы арнайы баспасөз жиынын ұйымдастырды. Онда «Канелоның» орта салмақтағы WBA Super, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинмен (37-0-1, 33 КО) 5 мамыр күніне Лас-Вегаста жоспарланған екінші кездесудің өтпейтіні белгілі болды.
Бұл баспасөз жиынынан соң Головкин де өз пікірін айтып, 5 мамыр күні шаршы алаңға шығатынын айтты.
Қазіргі уақытта отандасымызбен кездесу өткізуге бірнеше боксшы дайын екенін айтты. Олардың қатарында америкалық боксшылар Джермалл Чарло, Деметриус Андраде, украиналық Сергей Деревянченко, ирландиялық Гэри О'Салливан, бразилиялық Ямагучи Фалькао, екінші орта салмақтағы WBO чемпионы Хильберто Рамирес және кіші Хулио Сезар Чавес бар.
Сондай-ақ «Канело» жекпе-жектен бас тартқаннан соң Сондерс те Головкинді жекпе-жекке шақырды. Ол барлық белбеу бойынша жекпе-жек өткізуді ұсынды.
4 сәуір күні Golden Boy промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес Альварес пен Головкин арасындағы екінші кездесу 2018 жылы өтетініне үмітті екенін айтты.
TMZ Sports порталының мәліметі бойынша, Головкин «Канеломен» кездесуді кейін өткізуге дайын екен. Екі команданың боксшылары енді жекпе-жек туралы мәселені 2018 жылдың күзінде ақылдасады.