"Канело" Головкинмен жұдырықтасудан бас тартты
Мексикалық кәсіпқой боксшы Сауль "Канело" Альварес (49-1-2, 34 КО) отандасымыз Геннадий Головкинмен жұдырықтасудан бас тартты. Бұл туралы оның промоутері, "Golden Boy Promotions" президенті Эрик Гомес хабарлады, - деп жазады Boxing News.
Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы екінші жекпе-жек қыркүйек айында өтуі мүмкін деп болжанған еді. Алайда қос тарап қаржы мәселесіне келгенде келісе алған жоқ. Мексикалық боксшының командасы бокс кешінен түскен қаржының 35 %-н ғана беруге ұсыныс айтса, Генаның командасы теңдей бөлісуге шақырды. Нәтижесінде күздегі жекпе-жек те сиырқұйымшақтанып барады.
Эрик Гоместің айтуынша, Сауль Альварес қыркүйек айында орта салмақта WBO чемпионы Билли Джо Сондерспен (26-0, 12 КО) жұдырықтасқысы келеді. Британдық боксшы 23 маусым күні чемпиондық атағын қорғайды.
- "Канело" Сондерспен жұдырықтасуға дайын. Дэнни Джейкобспен де жұдырықтасқысы келеді. Бізде таңдау көп. Джермалл Чарло, Гэри О’Салливан және Давид Лемьемен де келіссөз жүргізіп жатырмыз.
Біз Головкинді жұдырықтасуға шық деп қинамаймыз. Бірақ екінші жекпе-жек өткізуге қарсы емес екенімізді білдірдік.
Головкинде де таңдау бар. Ол міндетті қарсыласы саналып отырған, кәсіпқой бокста 12-ақ жекпе-жек өткізген жігітпен (Сергей Деревьянченко) жұдырықтассын. Оны ешкім де танымайды. Ал біз күткіміз келмейді, - деді Гомес.
Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы екінші жекпе-жек 5 мамыр күні өтуі тиіс еді. Алайда мексикалық боксшының қанынан допинг табылып, бокстан уақытша шеттетілді. Жаза мерзімі тамыз айының орта тұсында аяқталады.