ТІЛ МӘРТЕБЕСІ ҚАШАНДА БИІК
Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» өз жұмысын Қазақстан Республикасы Конституциясын, «Тіл туралы» заңды, Үкіметтің, облыс, аудан әкімдіктерінің мемлекеттік тілді дамыту туралы қаулылары мен шешімдерін, бағдарламаларын және өзінің жарғысын басшылыққа ала отырып жүргізеді. Бұл бағытта аудандық филиал жарғыға сәйкес қазақ тілін, сондай-ақ халқымыздың мәдениетін, әдебиетін оқыпүйрену, әдет-ғұрпын, тұрмыссалтын сақтап, оны одан әрі дамыту бағытында ұйымдастырып, аудандық филиалдың бастауыш ұйымдарымен бірлескен шараларды іске асырып келеді.
«Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының алқа мүшелері Әбдірахман Құлдүйсенов, Шегебай Құндақбаев, Гүлжанат Дүзенова, Досбол Дүйсембеков, Ақниет Бердіғалиевтердің қатысуымен алқа мәжілісі өтті. Онда аудандық филиал төрағасы ретінде 2025 жылғы атқарылған бірқатар жұмысқа тоқталдым. Өткен жылы филиалдың ұйымдастыруымен Төретам кенті мен Ақай елді мекеніндегі бастауыш ұйымдарға барып, тіл жанашырларымен кездесулер өткізілді. Мемлекеттік тілді құрметтеу, ана тілін қастерлеу, сезімдерін қалыптастыру және ұлттық қолөнерге, кәсіпкерлікке баулумен қатар мәдениетті де дәріптеу бағытындағы «Еңбегі адал жас өрен», «Ұлттық құндылық – ұрпаққа мұра» жобалары бойынша жұмыстары таныстырылды. Ұлттық дәстүрімізді дамытып, жаңғыртып адал еңбекпен тіліміздің мәртебесін дәріптеген ұстаздарымыздың еңбегі қашанда құрметке лайықты.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлескен «Көрнекі ақпарат» жобасы аясында кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында кәсіпкерлер мен жарнама агенттіктерімен тығыз байланыс орнатып, түсіндіру шаралары, рейдтер ұйымдастырылды.
Ұлттық кітап күні мерекесіне орай «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалы «Кітапханаға кітап сыйла» акциясына қатысып, республикалық ақпараттықтанымдық басылым ЖК «Тіл сақшысы» газетінің құрылтайшысы Сәдуақас Аңсаттың кітабын аудандық, ауылдық кітапханалардың кітап қорына сыйға тартты. «Руханият» орталығында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ана тілім – болашаққа бастаған дана тілім» атты ұрпағымыздың алғашқы білім баспалдағында қызмет ететін балабақша мамандарымен 1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай кездесу өтті. Оған келген тәрбиеші мамандар, тіл жанашырлары алдымен аудандық тарихи-өлкетану музейінде болып, экспозициялық залды тамашалады. Тіліміздің мәртебесін көтеруде жас ұрпақ бойында ұлттық құндылықтарымызды қалыптастыруда абыройлы қызмет жасап келе жатқан тәрбиешілермен өткен басқосуда қазіргі балалардың даму ерекшеліктері, қызығушылықтары, олардың ұлттық дәстүрді құрметтеуге тәрбиеленуі, баланың әлемін түсіну, тілін дамыту туралы ойларды ортаға салды.
Сонымен бірге Абай Құнанбайұлының шығармаларын насихаттау және мәденирухани дамуға үлес қосу мақсатында медицина саласы қызметкерлері арасында «Абай мұрасы» тақырыбында Абай өлеңдері мен қара сөздерінен мәнерлеп оқудан байқау ұйымдастырылып, үш кезеңнен тұратын байқауда сала мамандары медицинадағы адал қызметімен қатар, рухани өресінің де биік екендіктерін байқатты. Қорытындысында ерекше көзге түскен қатысушы Әйгерім Жұмабаева бас жүлдені иеленсе, қалған қатысушылар да лайықты орындарымен, арнайы диплом мен сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар «Руханият» орталығында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлескен «Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі» мерекелік іс-шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бастауыш ұйымдарда тілге байланысты бірлескен шаралар, белсенділерімен басқосулар, кәсіби мерекелерде қабылдаулар өткізіліп, тіл жанашырлары марапатталды. Аудандық филиалдың ұйымдастыруымен аудандық Жыраулар үйінде 5-қазан – Мұғалімдер күніне орай «Ұстаз – ұлттың рухани тірегі» тақырыбында мерекелік кездесу өтті.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, кент әкімшілігі, «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалы және аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп бөлімімен бірлескен дөңгелек үстел отырысы өтті. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру бойынша кәсіпкерлер арасында ұлттық рухты көтеруге байланысты ұлттық құндылықтарымыз төңірегінде пікір алмастырылды. Қазақстан Республикасындағы Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11-шілдедегі №151 Заңының 21-бабы Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі туралы түсіндірме жүргізілді. Кәсіпкерлерге «Кәсіпкер! Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, маңдайшаға тек соны іл!» атты плакаттар мен тіл туралы парақшалар таратылды. Мемлекеттік тілдегі ас мәзірі мен тағам түрлері: қазіргі жағдайы, проблемалары туралы монография-анықтамалық құрал оқуға ұсынылды.
«Ұлттық диктант» – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, азаматтардың жазу сауаттылығын жетілдіруге, ұлттық бірегейлік пен тілдік мәдениетті нығайтуға бағытталған жалпы республикалық мәдениағартушылық жоба. Мемлекеттік тілде сауатты жазу дағдысын қалыптастыру және оны насихаттауға бағытталған жоба аудандық «Руханият» орталығында жүзеге асты. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен ұлттық диктантқа мемлекеттік және мәдени сала қызметкерлері, жастар, кітапхана оқырмандары қатысты.
Сондай-ақ «Тіл мәртебесі – ел мерейі» тақырыбында кеңес өтті. Онда жылдық жұмыстардың қорытындысымен бастауыш ұйымдардың белсенді мүшелері алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар алқа отырысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл маманы А.Бердіғалиев «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалымен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірлескен жұмыстарды атап өтті. Алқа мүшелері Ә.Құлдүйсенов, Ш.Құндақбаев, Г.Дүзеновалар аудандық филиалдың 2025 жылғы атқарылған жұмыстарына оң пікірлерін білдірді. Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша төраға ретінде 2026 жылға атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстырдым. Жергілікті ақын Дастан Мырзабекұлымен «Анам жайлы аңыз» атты кітабы бойынша «Ананы құрметтеу парыз» атты кездесу, «Тіл – ұлттың тамыры: Жасанды интеллект – қазақ тілінде», «Ұлттық Құрылтай және тіл мәселесі», «Мультфильмдердің бала тәрбиесіне әсері қандай?», «Ұлттық ойын – ұлт игілігі», «Ұлт мәдениетінің тірегі – мемлекеттік тіл», «Ұлттық құндылық: Дәстүр мен жаңашылдық», «Отбасы – өнеге бастауы», «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» тақырыптарында дөңгелек үстел отырыстары, пікір алаңы, асық атудан спорттық жарыс, кездесулер мен «Ұлы тұлғалар – ұлт рухы» атты аудандық байқау өткізу және тағы басқа іс-шаралар жоспарланып отыр.
Облыстық тілдерді оқыту орталығының Қармақшы ауданы бойынша тіл оқытушысы Г.Дүзенова жоспарға Әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Қожа Ахмет Яссауи еңбектерін насихаттауға байланысты ұлы ойшылдардың еңбектері арқылы ұлттық тіл мен рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында аудандық байқау өткізуді ұсынды.
Алқа мүшелерінің ұсыныстарымен жылдық жоспар бекітілді.
Гүлжауһар РАЕВА,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық
филиалының төрағасы
















