ҚАУІПСІЗДІК БЕЙҚАМДЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ
Қыс мезгілі – бір жағынан табиғаттың әсем көріністерімен қуантса, екінші жағынан адам өміріне төнетін қауіп-қатерлерімен де ерекшеленеді. Әсіресе, өзенкөлдер мен су айдындарының беті қатқан кезде мұз үстіндегі қауіпсіздік мәселесі ерекше өзектілікке ие болады. Осыған байланысты Иіркөл ауылындағы №106 орта мектепте «Мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері» тақырыбында арнайы түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараны мектеп ұжымы мен оқушылардың қауіпсіздігін басты назарға алған алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімі Жалғасбек Ахметов ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты – оқушыларға мұз үстінде қауіпсіздік шараларын сақтау жолдарын үйрету, төтенше жағдайлар кезінде өзін-өзі құтқару дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ судағы оқыс оқиғалардың алдын алу.
Қыс айларында ауылдық жерлерде балалардың мұз қатқан өзен-көлдерде ойнауы, сырғанақ тебуі жиі кездеседі. Алайда мұздың қалыңдығы әрдайым біркелкі бола бермейтіні, кейбір тұстардың жұқа болуы адам өміріне үлкен қауіп төндіретіні жиі ескерілмей жатады. Осыны ескерген ұйымдастырушылар ісшара барысында мұздың қауіпті және қауіпсіз аймақтары туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар мұздың беріктігін анықтау тәсілдері, мұз үстінде жалғыз жүруге болмайтыны, белгісіз жерлерге бармау қажеттігі нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Сонымен қатар, мұз жарылған жағдайда қалай әрекет ету керектігі, үрейге бой алдырмай, дұрыс қимыл жасау жолдары кеңінен айтылды.
Судағы оқыс оқиғалардың негізгі себептері – қауіпсіздік ережелерін сақтамау, бейқамдық пен жауапсыздық екені нақты деректермен түсіндірілді. Осы арқылы оқушылардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыру көзделді. Іс-шара барысында оқушылар белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Бұл олардың тақырыпқа бейжай қарамайтынын, қауіпсіздік мәселесіне саналы түрде қарай бастағанын көрсетті. Мұндай түсіндірме жұмыстары жас ұрпақтың өмірі мен денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Мектеп ұжымы алдағы уақытта да қауіпсіздік бағытындағы профилактикалық шараларды жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Себебі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – бір күндік іс емес, үздіксіз жүргізілетін тәрбие жұмысының нәтижесі. Мұндай іс-шаралар балалардың өз өміріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастырып, төтенше жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді.
Р.АБДИКАЛИКОВА,
№106 мектептің кітапханашысы
















