» » ОҚУ – ТАБЫСТЫҢ БАСПАЛДАҒЫ

ОҚУ – ТАБЫСТЫҢ БАСПАЛДАҒЫ

Қай дәуірде болсын, адам баласының дамуы мен жетілуінің басты тетігі – білім мен оқу. Уақыт алға жылжыған сайын қоғамның, ғылымның, технологияның да талабы күшейіп келеді. Осындай өзгермелі заманда әрбір азаматтың табысы мен жетістігі тікелей оның білім деңгейіне байланысты. Сондықтан да «Оқу – табыстың баспалдағы» деген ой өмірлік қағидаға айналуы тиіс.
Білім – адамның өмір жолындағы ең сенімді серігі. Оқыған адам айналасында болып жатқан құбылыстарға бей-жай қарамайды, ізденеді, ой түйеді, шешім қабылдауға қабілетті болады. Ал білімсіз адам үшін өмір жолы қараңғы сүрлеуге ұқсайды. Халқымыз «Білімдінің сөзі – өткір, ісі – берік» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, білімнің рухани байлықтың кілті болумен қатар табыстың да көзіне айналғанына ешкім күмән келтірмейді.
Жалпы, оқу, білім дегеннің өзі мектептегі оқушылық кезеңді не жоғары оқу орындарындағы студенттік шақты ғана қамтымайды. Адам баласы бұл өмірде өмір бойы ізденуге, оқуға тиіс. Себебі технология қарыштап дамып келеді. Соның легіне ілесу, ақпаратты қабылдау жиілігі де қарқынды дамуы қажет. Өскелең жас ұрпаққа қанша көңіліміз толмаса да, олар алдыңғы аға буынға қарағанда көбірек біледі. Өйткені ақпарат күн сайын толассыз ағылуда. Жаңа түсініктер, жаңа сөздер, жаңа құрылғылар ойлап табылған жерде жаңа білім, жаңа мамандықтар көші алға озатынын да ескерусіз қалдыруға болмайды. Осы орайда, халқымыздың «Болған адам болдым демес, болдым десе, болғаны емес» деген мақалы еріксіз ойға оралады.
Қазіргі таңда оқу мүмкіндігі бұрынғыдан да мол. Кітапханалар, онлайн курстар, түрлі байқаулар мен ғылыми жобалар – бәрі де адамның өз-өзін дамытуына жол ашады. Мемлекет те жастарға үлкен қолдау көрсетіп отыр: тегін оқу гранттары, шетелде білім алу бағдарламалары, жастарға арналған ғылыми және шығармашылық байқаулар – білімге құштар жандар үшін үлкен мүмкіндік. Көптеген шет мемлекеттермен жасалған келісімдер нәтижесінде жоғары оқу орындарының студенттері мен магистрант, докторанттары да түрлі тәжірибелік оқуларға барып, таным көкжиегін кеңейтуде. Бұл, бір жағынан тіл үйренуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан «жақсыны көрмекке» деп, өзгенің «жақсысын» үйренуге жол ашады.
Оқу арқылы табысқа жеткен тұлғалар тарихта аз емес. Абай Құнанбайұлы «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» деп жастарды ілім-білімге шақырды. Сонау қиын-қыстау кезеңде ел асып, жер асып, білімге құмартқан әл-Фараби, қазақ балаларына арнап алғаш мектеп ашқан Ыбырай Алтынсарин, ғылыми білімнің іргетасын қалаған Шоқан Уәлиханов сияқты ғұламаларымыздың өмір жолы да білім мен еңбектің арқасында табысқа жетудің айқын үлгісін көрсетті. Олар бізге оқудың қадірін ұғындырып, ізденістің шексіз екенін дәлелдеп кетті.
Бүгінгі жас ұрпақ – ел ертеңі. Әрбір адамның міндеті – өз бойындағы қабілетті дамыту, ізденіп, үйреніп, біліммен қарулану. Себебі табысты болудың ең қысқа жолы – үздіксіз оқу. Қаншама жаңа кәсіптер мен мамандықтар пайда болып жатқан заманда тек оқуға, үйренуге дайын адам ғана заман талабына сай өмір сүре алады.
«Білімдіге дүние жарық, білімсізге дүние қараң» деген сөз бар. Бұл – өмір шындығы. Табысты адам өз еңбегі мен білімі арқылы өмірден өз орнын табады. Сондықтан да оқу – болашағымыздың, табысымыздың ең биік баспалдағы.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
16 желтоқсан 2025 ж. 59 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10464)

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 (10463)

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 (10462)

09 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 084
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 742

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031