ЖАҺАНДЫҚ ДЕРТ – ҚОҒАМ НАЗАРЫНДА
Аудандық емханада жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын АИТВ/ ЖИТС-қа қарсы жиын өтті. Мұндай жиын бұрынғы жылдары тек 1 желтоқсан күні ұйымдастырылатын болса, бұл жолы 10 қараша – 10 желтоқсан аралығында айлық өткізілді. Бұл – тек медициналық ұйымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның назарын өзіне аудартатын маңызды шаралардың бірі. Айлық аясында түрлі мекемелер, білім беру ұйымдары, медицина қызметкерлері және үкіметтік емес ұйым өкілдері белсенділік танытып, алдын алу бағытындағы көптеген жұмыстарды жүзеге асырды.
Жиынға аудандық емхананың дәрігерлері, мектеп медбикелері, қоғамдық денсаулық сақтау мамандары, аудандық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынның мақсаты – атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы кезеңге арналған міндеттерді айқындау.
Басқосуды ашқан аудандық емхананың психологі Әмина Кетебаева бір ай ішінде жүзеге асқан шараларға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, айлық барысында мектептерде ашық сабақ пен түсіндіру дәрістері өткізілген. Жастармен кездесу кезінде мамандар АИТВның жұғу жолдары, қорғану тәсілдері және стигма мен кемсітушіліктің зияны туралы жан-жақты түсіндірген.
Жиында сөз алған психо-әлеуметтік кеңес беру кабинетінің дәрігері Айткүл Балмаханова аудан көлеміндегі АИТВ жұқтырғандар саны мен ахуал жайлы баяндама жасады. Оның айтуынша, аудан бойынша тіркелген жағдайлар саны өткен жылдармен салыстырғанда күрт артпағанымен, жыл сайын аздап өсім бар. Бұл, бір жағынан, тұрғындардың тестілеуге жиі жүгінуімен байланысты.
– Аудан аумағында АИТВ инфекциясымен тіркеліп, диспансерлік есепте тұрған науқастар саны тұрақты бақылауда. Олардың көпшілігі антиретровирустық терапияны уақытылы алып келеді, бұл аурудың дамуын тежеп, өмір сапасын жақсартатын ең тиімді әдіс. Қазіргі таңда АИТВ-мен өмір сүретін адамдар қоғамнан шеттетілуге тиіс емес. Дұрыс ем қабылдаған адам вирус жүктемесін нөлге дейін түсіре алады. Бұл – вирус таралмайды деген сөз. Сондықтан диагностика, ем және қолдау – АИТВ-мен күрестегі негізгі үш бағыт, – деді Айткүл Балмаханова.
Жиында сөз сөйлеген мамандар қоғам көзқарасы АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға жасалған кемсіту мен түсінбеушіліктің ең үлкен кедергі екенін атап өтті. Кейде тіпті емделушінің жақындары мен таныстары тарапынан да теріс көзқарас болуы мүмкін. Бұл факторлар адамдардың тест тапсырудан қашуына, диагнозын жасыруына әсер етеді.
Аудандық емхананың психологі Әмина Кетебаева осы бағытта жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті. Оның ішінде мектептердегі тәрбие сағаттарының санын арттыру, жасөспірімдермен жеке әңгімелесу, ата-аналармен кездесу өткізу секілді ұсыныстар бар.
Айлық аясында белсенділік танытып, түрлі профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырған медицина қызметкерлері мен мектеп медбикелері марапатталды. Олар аудан тұрғындарына дұрыс ақпарат жеткізіп, аурудың алдын алуға бағытталған жұмыстарды үздіксіз атқарып келеді. Марапат иелерінің ішінде тәжірибелі медбикелер, жас мамандар, білім беру ұйымдарының дәрігерлері, қоғамдық денсаулық сақтау саласының қызметкерлері бар. Бұл – олардың еңбегін бағалаудың, әрі ынталандырудың бір жолы.
Аудандық емханада өткен қорытынды жиынның мәні бір қарағанда жергілікті деңгейде өткен шара сияқты көрінгенімен, оның астарында үлкен қоғамдық маңыз жатыр. АИТВ/ЖИТС – медициналық мәселе ғана емес, әлеуметтік, психологиялық, мәдени тақырып. Онымен күрес тек дәрігерлердің жұмысы емес, бүкіл қоғамның бірлескен ісі. Бүгінгі жиын көрсеткендей, ауданымызда профилактикалық шараларға мән беріліп, мамандар арасында өзара байланыс жолға қойылған. Бұл келешекке сеніммен қарауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
















