» » Көк трактор (қаз қалпында)

Көк трактор (қаз қалпында)

– Төреханның тракторы керемет қой, мың торғай қамасаң бір торғай қалмайды, – деп қалжыңдаған Мұхаң кемсеңдеп күліп отыра кетті.
Оның қалжыңын қоштап, қосыла күлген Алмас пен Жаңабай да шөмеленің үстінен төмен қарай құлай кеткен. Алдыңғы терезесі мен қапталындағы есігі жоқ көліктің құр сүлдері қалса да сүттей ұйыған шаңырақты асырап, балаларының жоғын бүтіндеуге зор көмек. Әйтеуір, ананың отынын, мынаның шөбін межелі жерге жеткізіп, ақысына қалтқысыз қызмет көрсетіп жүр. Дауысы да зор.
– Төке, отынымды әкеп берші, – деген Алмастың бұйымтайын орындауға шыққан беті еді. Қалжыңбас достарының әзіл нүктесіне айналған ол қолын бір сілтеді де, пускашты тарта бастады. Дарылдақ трактордың астынан көк түтін заулай жөнелді. Жамбасын жерге басып отыра кеткен Алмас пен Жаңабай тұра қашты. Мұхаң тағы мырс етті. Құдай-ау, өлген адамды сөйлетіп жіберер сөзшең екеуді көк түтінмен қуған Төкеңнің ісіне қайран қалып тұрса керек.
– Қатырдың, құрдас, – деді де сыры кеткен телешкіге отыра кетті.
Ат құлағы көрінбес ақ боранда да осы темір тұлпары жолда қалдырмайтын. Сенімді серігіне айналғаны сонша, өткен жолы саудалап келген екеуді қуып жібергені көл табанында отырған көпшіліктің есінде. Көлді жағалай қоныстанған жайсаң елдің әрбірден соң «айналайын» баласы осы. Бір адамдай тентектігін де көтеріп жүрген сол ел ғой. Қайтсін енді?! Елгезектігімен алдына жан салмай, иінағаштай иіліп жүрген Төкең баладайынан тұтас елдің баласына айналған. Тек інілерін көтермелеп, сонау ару қалаға оқуға аттандырып, әке қолында қалып, оқусыз қалғаны болмаса, талай дипломдыларды он орап кетер қауқары бар. Темірден алыстай алмады. Құдай қосқан қосағының бағасына жетіп, қадірін ұғынса керек, жары Ақшабақ та әкесі келмейінше, балаларының қолына қасық ұстатпайтын. Үлкенді сыйлап өскен шаңырақтың асыраушы тракторына сырт көздің сұқтанып жүргенін қайдан ұқсын. Әрбір темірін өзі қолдан құрастырып шыққан көліктің соңынан іздеу келді ғой. Өмірінде біреудің ала жібін аттап көрмеген адал жанның соңына шам алып түскендер де тынбады дерсіз.
Алты қанат ақ боз үйдің түндігін желпілдеткен боранды күні түрі сұсты еңгезердей екі кісі сәлем бере сықырлатып есіктен ішке кірді. Үстіне қымбат, бағалы тон киіп, аяздан мұртына қырау жабысқаны отағасын сұрады. Бар екенін көріп, ішке киімін жүре шешіп енді. Алдыңғысы ұзын бойлы, жағынан пышақ жанып өткендей жүдеу жүзді екен. Екіншісі оның көмекшісі көрінді. Майлы қасықтай жылтылдап, асты-үстіне түсіп, пальтосын қолына іліп, жол көрсете Төрехан отырған төргі бөлмеге бірге кірді.
– Ассалаумағалейкум, қош келдіңіздер! Төрге шығыңыздар, – деді ауылдың ақжарқын адамы.
Әлгілер асықпай орналасып, дәмнан ауыз тие отырып, өздерінің атынан ат үркетін прокуратура қызметкерлері екенін алға тартты. Өмірде жан адамға зияны тимеген жан олардан қалай үріксін?! Құдайы қонақ екен деп алдарына қолда барын тосып жатыр. Иә, ол кездері қолда бары ауылдағы әр үйдің сарайында сақталып тұратын тоң май, сары май еді... Жұмыста айлық жоқ, өздері еккен ала жаздайғы еңбектің жемісін күзде үлестіріп береді. Талғажау етер дүние болса болғандай, басқасының қажеті шамалы. Әлден уақытта бұйырған дәмді үзіп алып, дастарқан басында отырған екі прокурордың бірі әңгіменің тиегін ағытты.
– Сіздің үстіңізден арыз түсті. Соның жұмысымен келіп отырмыз. Әйтпесе, сонау батыстағы көрші ауданнан құдайы қонақ боп неғып жүр деп отырған боларсыз. Мәселенің түп төркіні мына көк трактор ұрланғандар тізімінде, – деді қу жақ прокурор.
Төбесінен жай түскендей құлазып кеткен Төрехан көлікті өзі құрастырғанын, ел куә екенін қанша айтса да, тағылған айыптан арыла алмады. Полиция қызметкерлері емес, неліктен прокуратура айналысады деп қанша ойланса да, миына сыяр емес. Учаскелік полиция инспекторы олай сүйреді, бұлай сүйреді, ақыры қамап тынды. Ә дегеннен аңғармапты, әлгілер көлікті тегін алғысы келіп иектері қышыған екен. Қолына аз-маз қаражат ұстатып, отбасының асыраушы тұлпарын алды да кетті. Бірақ, Төрехан үшін отбасына қамқор болып, қасында болудан артық бақыт жоқ еді.
Ел құлағы елу емес пе?! Алақандай ауылға ұры екен деген әңгіме желдей есіп, тез тарады. Тіпті бәзбіреулер сәлемдесуге де арланатын болыпты. «Істеген қылмысын жабу үшін көк тракторды беріп құтылыпты» деп шуласты ел.
– О, Құдай, мұндай сынақты неге менің басыма бердің? – деп еңгезердей еркек басымен қораның бұрышында талай жылап та алатын.
Әкеден қалған төрт-бес малдың соңына түсіп, кәсіпке бағыт ала бастағалы бірнеше жыл болған. Техниканың тілін білетін маман енді атқа қонды. Басына тымақты бастыра киіп, саптама етікті үзеңгіге іліп, күпәйкесінің белін буып әке жолына түскен-ді. Бірақ, бір айналдырған бәле шыр айналдырып, қой бауырқұрттан қырылды, сиыр аусылдан кетті. Былайғы жұрт «Осының-ақ жүрген жеріне шөп шықпайды» дескен. Ал Төрехан мойымады. Жарының қасында жантайып жатып терең ойға кететін.
– Жаратқанның сынағы болар. Күн қайта шығу үшін батады. Сондықтан бұл сынақтың соңында марапаты да болары анық, – деді кетенің қызын жұбатып.
Арада зулап айлар өтті. Ауыл сыртындағы әулие мазарының жанынан бақшалық жер ашқан. Сол жылдары егін мол болып, Жер-Ана жылатпады. Көкөнісі төгіп берді. Базарға шығып, азын-аулақ пұл қылып, мал алды, тірлігі қайта жанданды. Бірақ ойынан сол көк трактор кетпейтін. Қиянат деген дүниенің санадан өшпейтіні бар, бірақ ол қос прокурордың қазіргі күні қалай екен?!
Аян СПАНДИЯР
23 маусым 2018 ж. 1 777 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 028

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031