» » ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Маусым басталғалы мектеп оқушылары шат-шадыман көңілде. Бірі –  ауылдағы ата-әжесіне жол тартса, бірі – қаладағы туысына ата-анасымен  қыдыруға бел буған. Балалардың енді бір тобы – лагерьде тынығып, жазғы демалысын қызықты өткізуде. Бізді қызықтырған да осы болды. «Мың естігеннен – бір көрген артық» деген мақсатпен кент орталығындағы Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейіне қарай бұрылдық.  Ондағы лицей жанындағы «Улыбка» жазғы тынығу лагерінің бір күнімен танысып, балалармен бірге болдық.
Біз келгенде балалар кіреберістегі шағын алаңқайда таңғы жаттығу жасап жатыр екен. Музыкаға елтіген оқушылар сырттан қосылған бізді елер емес. Мәз-мейрам. Тәрбиешінің әр қимылын бағуда. Жаттығудан соң қаздың балапанындай тізіліп, таңертеңгілік асқа жайғасты. Жарты сағаттай томпиған қозыдай айран-қатық ішкен балақайлар аспазға алғысын айтып, үстелден тұрды. Түрлі-түсті бояумен салынған суреттер, ойын бөлмесінің ертегілер әлеміне сай безендіру жұмыстары – бала жүрегіне ерекше әсер сыйлап, жанын жадыратқандай. Мамыражай ортадан дос тауып алғандары көрінеді.  Балалар бір-бірімен жылы қарым-қатынаста. Осы кезде лагерь директоры Жанар Айтжанова: «Балалар, қазір тәртіппен автобус көлігіне отырып, «Қорқыт ата атындағы мемориалдық кешеніне» саяхатқа барамыз», – деді. Баламен қоса, біз де қуанып кеттік. Оқушылардың көбі – бастауыш сыныбынан. Ұлы абыздың басына келгенде тынығушылар мүлдем басқа күйге түсті. Бағанадан қасыма жақын келе жатқан кішкентай сары қыз: «Мұнда екі жыл бұрын анаммен келгенмін. Қазір кешен одан да әдемі болып кетіпті. Тәте, біз қандай бақыттымыз, осындай жерде туылған», – демесі бар ма?
Биыл ауданда 1-10 сынып аралығында 13322 оқушының 11543-ін жазғы демалыс және еңбекпен қамту жоспарланған. 4-8 сынып аралығында 548 оқушы өзге өңірлердегі лагерьге бармақ.
Мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагеріне 1428 оқушы барып жүр. Жалпыға міндетті оқу қорынан мектеп жанындағы лагерьге 13 млн. 604 мың теңге, сыртқы лагерьге 9 млн. 555 мың теңге қаржы бөлінуде. Сондай-ақ, 1655 оқушы еңбекпен, оның  1126-сы көркейту-көгалдандыру бригадаларына және 529-ы еңбек бригадаларына оқу тәжірибе есебінен тартылған. Мектеп жанынан құрылған аулалық клубтарда 2335 оқушы, 483 оқушы дебат үйірмесіне, оқушылар үйінің жанынан құрылған «Жас толқын» аулалық клубына 1100 оқушы қамтылуда. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен 120, ата-ана, кәсіпкерлердің демеушілігімен Жаңақорған ауданына 174 оқушы қамтылмақ.
– Балалардың жазғы демалысын және бос уақытын тиімді ұйымдастыру, әдістемелік көмек беру, күндізгі тынығу лагеріне тиісті санитарлық-эпидемиологиялық талаптармен таныстыру, жасөспірімдердің өмір қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында құзырлы орындармен семинар өтті. Онда өрт, су қауіпсіздік ережелері, құқық бұзушылықтың алдын алу, тағы басқа шаралар ата-аналармен, сала мамандарымен талқыланды. Кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сөз орайында демеушілік көрсеткен ата-аналарға, кәсіпкерлерге, шаруашылық, мекеме басшыларына білім бөлімі атынан риясыз алғысымызды білдіреміз, – дейді білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова.
   ТҮЙІН.
  Ала жаздай доп қуып, балалық шақтың базарлы күнін ойынмен, жақсы көңіл-күймен өткізген бала жаңа оқу жылына жан-жақты дайындықпен келері сөзсіз. «Ойыны қанған баланың миы толығатынын» үлкендер үнемі айтушы еді. Десе де оқушыларымыз кітап оқуды да ойдан шығармағаны абзал.                                                                                                    
                                                                                                          Сәрсенкүл АҚКІСІ,
                                                                                                          «Қармақшы таңы».     
23 маусым 2018 ж. 2 066 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031