Сібір жарасы – қауіпті жұқпалы ауру

Сібір жарасы – адамдар мен жануарларда кездесетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Ол теріні, өкпені, ішекті зақымдап, ауыр жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін.
Аурудың негізгі көзі – үй және жабайы жануарлар: ірі қара, қой-ешкі, жылқы, түйе, бұғы. Қоздырғышы – Bacillus anthracis бактериясы, ол сыртқы ортада ерекше төзімді, спора түрінде топырақта ондаған жылдар бойы сақтала береді.
Адамға жұғу жолдары әртүрлі: мал сойғанда немесе күтім жасағанда, ауру малдың етін, сүтін пайдаланғанда, сондай-ақ терісін өңдеу кезінде. Кей жағдайда инфекция тыныс алу немесе тамақ арқылы да түседі.
Аурудың белгілері – дене қызуының көтерілуі, теріде жара, ісіну, қышу. Қауіпті түрлерінде іштің ауыруы, қанды іш өту, құсу, өкпе қабынуы, жүрек әлсіздігі байқалады. Дер кезінде емделмесе, науқастың өміріне үлкен қауіп төнеді.
Алдын алу шараларының негізгілері:
* Сібір жарасынан өлген малды көмген орындарды анықтап, залалсыздандыру;
* Жануарларға уақытылы вакцина егу;
* Күдікті немесе ауырған малды оқшаулау, ет, сүт, теріні зертханалық тексерусіз пайдаланбау;
* Мал сояр алдында міндетті түрде ветеринар маманның рұқсатын алу.
Тұрғындарға ескерту: ет пен сүт өнімдерін тек ветеринарлық бақылаудан өткен жерден сатып алыңыз. Үй жағдайында етті бөлу үшін жеке тақтай мен пышақ қолданып, оларды ыстық сумен жуыңыз. Қолғап пайдаланған жөн.
Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгініңіз. Ерте басталған ем – өмірді сақтайды.
Есте сақтаңыз: Сібір жарасы – аса қауіпті жұқпалы ауру!
Перизат Қобылашқызы
Қармақшы аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы
Қармақшы аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы