» » ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫ КІМ ҚАДАҒАЛАЙДЫ?

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫ КІМ ҚАДАҒАЛАЙДЫ?

Қайырымдылық – бұл жүректің сөзі. Ол ақшамен емес, жақсы амалмен, ниетпен өлшенеді. Мұндайда бірі азын көп көрмей бөліссе, енді бірі барының берекесін тарқатады. Жалпы адам баласы болмысынан жақсылыққа құмар. Көмекке мұқтаж жанның жанарына үміт ұялатқан сәт мейірімнің мәңгі мекені секілді.
Бірақ жүректен шыққан әр жақсылықтың жолы да таза болуға тиіс. Себебі қайырымдылық – тек беру емес, сенімді түрде жеткізу, дұрыс бағыттау, аманатқа қиянат жасамау.
Сонда мына бір сұрақ туындайды: жақсылықтың жолын кім күзетіп жүр? Қайырымдылықты кім қадағалайды?
Елімізде соңғы жылдары қайырымдылық қорларының саны біршама артқан. Осы тұста мына бір сұрақ туындауы заңдылық. Қарапайым халықтың қалтасынан жиналған жылу діттеген жеріне жетіп жатыр ма? Жақсылықтың жолын кім күзетіп жүр? Қайырымдылықты кім қадағалайды? Жыртыққа жамау, сүрінгенге сүйеу, ал құлағанға қолдау білдіреміз деп жинаған ақшаның бәрі қайда кетті?
Иә, мейірім шексіз болғанымен, оның да заңмен өрілген шекарасы бар. Қайырымдылық ұйымдарының іс-әрекеті бір ғана игі ниетке емес, ел заңына, қоғам талабы мен адами жауапкершілікке сүйенеді. Олардың әр қадамын мемлекет бақылайды – Әділет министрлігі тіркеуін жүргізсе, Салық органдары қаржы ағынын қадағалайды.
Расында қазіргі қоғамда өзгенің қайғысын өз пайдасына айналдырған алаяқтар мен сауаптан сыбаға дәметіп, жомарт жандардың арқасында қалтасын қалыңдатып жатқандардың саны артуда. Жетім мен жесірдің көз жасын сүртіп, кембағалдардың қажеттілігіне қарайласу – қайырлы іс. Алайда қайырымдылықты қаржы көзіне айналдырып, ауруға шалдыққан адамдардың есебінен халықтан ақша тауып жүрген алаяқтар көп.
Сол үшін мейірімге мұқтаж жан үшін жиналған аманаттың есебі ел алдында жүргізілуі тиіс. Берілген садақа мен жиналған қаражаттың қайда, қалай жұмсалғаны туралы есеп – сенімнің іргетасы. Қайырымдылық қорлары қаржысын жасырмай, ел алдына ашық мәлімет ұсынғанда ғана халық сенеді.
Әсілі адал ниеті адаспайды. Жоғарыда қайырымдылық – жүрек ісі деген дүниені айта кеттік. Бірақ жүрекке сенім қондыру үшін амал да, жауапкершілік те қажет. Ақша мен ниеттің жолы біріккенде, оның нәтижесі мың жүрекке үміт сыйлайды. Ал бұл үміт – біздің болашағымыз, бірлігіміз, адамдығымыз.
Сондықтан қайырымдылықты кім қадағалайды десек, оны мемлекет те, қоғам да емес, ең алдымен ар-ождан қадағалайды дер едік. Себебі әрбір жақсылық – Алланың аманаты. Аманатқа қиянат жасалмаса, қайырымдылық – мәңгі жасайды.
А.АХМЕТ
18 тамыз 2025 ж. 151 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№84 (10452)

04 қараша 2025 ж.

№83 (10451)

01 қараша 2025 ж.

№82 (10450)

29 қазан 2025 ж.

Хабарландыру

Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.
ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 808
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 529

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930