» » САУАТСЫЗДЫҚ ПА, ЖАУАПСЫЗДЫҚ ПА?

САУАТСЫЗДЫҚ ПА, ЖАУАПСЫЗДЫҚ ПА?

Біраздан бері мені бір мәселе ойлантып жүр еді. Жанымдағы бір-екі адамға айтып көріп едім «Оған неге бас қатырасың?», «Сондай дөрекі қателік емес қой, басқа мәселең жоқ па?» деген секілді жауаптар алдым. Нақтырақ тоқталсам, мен көшеде немесе кез келген ғимаратта жүргенде сондағы жазуларға мұқият қараймын. Мамандығым мұғалім, қазіргі қызметім тілші болғандықтан қатені аңғарып қоятын болармын. Әріп қатені байқамай басылып кеткен, техникалық қателік деп есептеген күннің өзінде сызықша мен дефисті ажырата алмауды мен үлкен қате деп есептеймін. Оны ажырату үшін тіл маманы болудың қажеті жоқ. Бәрімізге мектеп қабырғасында берілетін базалық білімнің бір бөлшегі ғой.
Мәселенің екі ұшы бар ғой. Жақсы, жарнама жасайтын жер сызықша мен дефисті ажырата алмады делік. Десе де, оны тапсырыс берген адам өзінің тапсырысын мұқият тексеріп алмаушы ма еді? Менде осы жерде туындайтын сұрақ. Сауатсыздық па, әлде жауапсыздық па? Бұл екеуі де қазір кең етек алуда. Тереңінен саралап көрсек.
САУАТТЫ БОЛУ САНАДАН
ХХІ ғасыр жалпы жастар үшін ғана емес, күллі адамзат үшін жаңалығы мол әрі мүмкіншілігі көп кезеңнің нақ ордасы. Интеллектуалды бағдарламалар кеңінен өріс алып, мамандандырылған технологиялар көш бастап тұрғанымен сауаттылық статистикасы өрісін күннен-күнге кемітуде. ЮНЕСКО статистикалық институтының дереккөзіне сүйенер болсақ, әлемде 617 млн жасөспірім балалар сауатсыздықтың тікелей құрбандары болған. Бұл құрамдағы оқушы қауымы жалпы бастауыш оқу білімін меңгермеген топ өкілдері. Статистикалық деректер базасы бойынша бастауыш мектеп оқушыларының 387 млн-нан астамы (56%) және орта мектеп жасындағы (61%) 230 млн жасөспірім білім асуларының ең төменгі деңгейін де меңгере алмаған.
Осы орайда сауатсыздық деген не деуіңіз мүмкін? Жалпы өміріңіз өрісті болу үшін бірнеше саладан сауатты болуыңыз қажет. Тарихқа үңілсек, ертеде мұсылманша сауат ашқан деген тіркесті жиі кездестіреміз. Яғни ертеден-ақ баласы сауатты болу үшін ата-ана барын салатын болған. Ал сауатсыздық дегеніміз жазу және оқу, әріптік сауаттылықтан құр қалу. Жазу және оқу білетін, бірақ оны санасымен ұғына білмеудің өзі осы қатарды толықтырады. Өз кезегінде сауатсыздықтың басым болуы мемлекет ішіндегі әлеуметтік, экономикалық дағдарысқа әкеліп соқтырады. XX ғасырдың 20-30 жылдарынан басталған «сауатсыздықты жою» науқаны әлі де болса мардымды нәтижеге ие бола қоймады. Заман талабына сай білім беру жүйесі орныққанымен жас буын үшін кері әсер етіп жатқандығы да бірден-бір фактор. Білімді беруші ұстаз болғанымен, оны қабылдаушы оқушы. Яғни, сауатсыздық – тұлғаның санасымен тікелей жұмыс жасайды.
ТҮБІРІНЕ ҮҢІЛСЕК
Ауызша және жазбаша сауатсыздықтың ең негізгі себебіне кітап оқымау және телефонға телмірген уақытты жатқызамыз. Кітап оқуға уақыт таппаймыз, бірақ телефонға телміру үшін ұйқыны да қиямыз. Сауатсыздық – дамуға кедергі келтіретін үлкен жау. Бүгін де, кейін де, қазір де күрделі мәселеге айналған үлкен дау. Сауатсыздық жолында Абай әрлеп, Жамбыл қосыла қобызымен тербелткен тілдің аса маңыздылығын миға желімдей жапсыра қою керек. Сауаттылықты мемлекет, ал мемлекетті тіл сақтайды. Осыдан отыз төрт жыл бұрын еліміз өзінеөзі қожа мемлекетке айналды. Бәрін жаңадан бастау оңай болған жоқ. Абдырадық. Жанталастық. Экономиканы көтереміз дедік, шетелден инвестиция тарттық. Потскеңестік елдердің бәріне еркіндік келді, батыс елдерінің технологиялық игіліктерін тұтына бастадық. Ас та, төк заман туды. Қазір, шүкір, «не кием, не ішем» демейміз. Бірақ біз осы уақыт аралығында аса маңызды құндылық – кітап оқу мәдениетін жоғалтып алдық.
Бұрын қазақ даласында шопандарға дейін классиктерді оқитын, әр ауылда міндетті түрде мәдениет үйлері, кітапханалар болатын. Содан болар, ол кездегі ақпараттың бәрі сауатты, түсінікті, ықшам, құлаққа жағымды еді. Қазір де әр ауылда, ауданда, қалада кітапханалар бар. Алайда оларға келушілер тым аз.
Сонымен қатар қазіргі қазақ тіліндегі жарнама, телевидение, сайттар, мемлекеттік органдардың ресми ақпараттары мен құжаттарының сапасы сын көтермейді. Қазақ тілінің табиғатын түсінуден қалдық. Әркім өз білгенінше бұрмалап алады. Мағынасыз сөздердің тізбегі. Сауатты ұлттың ғана жарқын болашағы бар. Ойланатын уақытымызды өткізіп алмасақ игі.
ЖАУАПСЫЗДЫҚ СОҢЫ ҚАЙДА АПАРАДЫ?
Қазіргі күнде қате кеткен жерге барып дұрыс нұсқасын көрсету – бос әурешілік. Түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Себебі бәріне бәрібір.
Жағдайдың нашар екенін бәріміз білеміз. Бірақ айтамыз да қоямыз, күлеміз де қоямыз. Бұған көпшіліктің жаны ауырмайды. Етіміз үйреніп кеткен сыңайлы. Қадағаламаймыз. Халыққа таралатын ақпаратты сапалы сүзгіден өткізбейміз. Руханияттың керегі жоқ, қарынның уайымы жоқ. Одан басқа не керек?
Қазіргі адамдар нағыз өмірді сүруден қалды. Асығыс. Жанталас. Смартфонсыз өмір сүре алмайды. Салдары – шолақ ойлау. Белгілі бір ойды аяқсыз қалдырып, бірден келесі ойға көшу. Миымыздан фрагментарлық көріністер ғана зуылдап өтеді. Смартфон әлемінде бәрі бар. Біздің уақытымыз көзге көрінбес жылдамдықпен ұрланып жатыр. Санамыз, ойлау қабілетіміз тарылып жатыр. Тіпті кітап оқитындардың өздеріне классика керек емес. Кітап дүкендерінде классиктердің кітаптары жетістікке жетуді үйрететіндерден арзан тұрады. Себебі сұраныс жоқ. Инстажұлдыздардың үйрететін басты идеясы – қалайда баю. Миллиондап ақша табу. Көптің назары соларда.
Көпке топырақ та шаша алмаймыз. Сауатты жазу, сауатты сөйлеу турасында айтып, жазып жүргендер бар. Бірақ олар көп емес. Ал көпшілікке олар айтып жүрген дүние керек емес. Қалыптасқан жағдайға әрі қарай көз жұма қарауға болмайды. Себебі бір адамнан кеткен қатені бірнеше адам көреді. Оң-солын танымаған кішкене бала тіпті оны санасында дұрыс деп қабылдауы да мүмкін. Егер қатені қазір қолға алмасақ, кейіннен қателікке толы қоғамды көріп қынжылатын боламыз.
ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ БӘРІНЕН ҚҰНДЫ
Бүгінде әлеуметтік желілерді екінің бірі пайдаланады десек, артық айтқандық емес. Елді мекендерде интернет қолжетімді. Желі пайдаланушылары хат алмасады, ой-пікірлерімен бөліседі. Ақпараттық сайттардың қатары да күн өткен сайын көбейіп, арта түсуде. Мұның бәрі, әрине, жақсы. Бірақ тіліміздің тазалығын да ұмытпауымыз керек. Өйткені бұл – ең басты талап болуы тиіс.
Ғаламтор жүйесі өмірімізге енбей тұрған кезге дейін жарық көріп жатқан кітап, баспа өнімдері редактор, корректор мамандарының қырағы көзінен өтетін. Ол тіл тазалығының сақталуына айтарлықтай әсер ететін. Әрбір сөздің өз орнында тұруы, грамматикалық, стилистикалық талаптарға сай келуі маңызды екені айтпасақ та түсінікті. Әлеуметтік желілердегі жеке жазбаларға редакторлық, корректорлық сүзгіден өтпейтіні белгілі. Бұл тікелей әр адамның сөзге деген өз талғамына байланысты. Шынтуайтына келгенде, желіні пайдаланушылардың тілді пайдалану мәдениеті де сан қилы. Мұндайда тілге деген жауапсыздық та қылаң бермей тұрмайды. Қазақ тілінің, яғни ана тіліміздің мәртебесін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Қазақ тіл мәдениетінің үлкен бір саласы – сөйлеу және жазу мәдениеті, оны жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – дұрыс айту және қатесіз жазу. Технологияның өркендеген зaмaнындa әлеуметтік желілердің тіл мәдениетін дaмытудағы әсері қaзaқ тіл білімінде жaнжaқты зерттелуі тиіс. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні әлеуметтік желілер ғаламтор тұтынушыларының ажырамас сенімді серігіне айналып үлгерді. Сан түрлі тақырыпты қозғау үшін де, әртүрлі заттарға жарнама жасау үшін де, тіпті толғандырған мәселе жөнінде көпшіліктің ойын білу мақсатында көпшілік осы желілердің көмегіне жүгінеді. Еліміздегі ең белсенді әрі кең тараған «Вконтакте», Instagram, Facebook, Twitter, Threads, WhatsApp-ты пайдаланушылардың көбейгені – соның бір дәлелі. Ал осы желілерде грамматикалық қателіктер көзге жиі ұшырасады. Сақтанбасақ, тілге деген салғырттық, немқұрайлық осындайдан басталады. Желілерде пікір алмасқан азаматтар осыдан біраз жылдар бұрын бір-бірінің қате жазуларына ескерту жасап, түзету туралы ұсыныстарын білдіретін еді. Қазір мұндайды көп кездестіре бермейсіз. Сірә, қателіктерге көз жұма қарауға бой үйретіп алғандаймыз. Ал сонда тіліміздің тазалығын, мөлдірлігін келесі ұрпаққа қалай жеткізбекпіз?
ЖЕЛІДЕГІ ЖАЗБАЛАР
Бүгінде ғаламтор қолданушы жастардың қолданып жүрген сөздеріне назар аударсақ, «батан» (оқымысты), «тормозы ұстау», «зависать ету» (бөгеліп қалу), «базар жоқ» (таңғалғанда айтылатын сөз, келіскенді білдіру), «құлаққа лапша ілу», «құлақтан тебу» (өтірік айту), «маяк тастау», «скидовать ету» (қысқa қоңырау), «крышасы бар адам» (қолдау көрсететін адамы бар), «көзбен ату» (қадала қарау), «потеря болу» (қобалжу), «сушняк» (сусын), «қораға кіру» (тығырыққа тірелу), «лақтырып кетті», «отырғызып кетті», «қоянның суретін салып кетті» (алдап кетті) және тағы басқа. Осы сарындағы жаргон сөздерді әлеуметтік желілерден де жиі кездестіреміз. Сондай-ақ бұл қатарға «лайк басып тұр», «онлайн эфирге шық», «игнорға тығып таста», «блокқа түсіп қалмасын», «видеозвонок жаса», «қанша подписчигі бар?», «поделиться етші» деген сөздерді қосуымызға болады. Осындай тілбұзар сөздер саф алтындай таза тілімізге өзінің нұқсанын келтіреді. Тіпті бұлар қазіргі жастар арасында «тұрақты сөз тіркестеріне» айналып кетті десек, артық айтқандық емес.
Ауызекі сөйлеу тілінің элементтері саналатын жаргон, диалектизм, варваризмдер де әлеуметтік желіде жиі ұшырасады. Белгілі бір әлеуметтік немесе қызығушылығы ортақ топтардың басқаларға түсініксіз, құпия мағынада сөйлесуі сәнге айналған заманда жаргон сөздердің қолданыс аясы да кеңейіп келе жатқанын байқау қиын емес. Мысалы, мамбет (артта қалған адам), гламурно (сәнді) тәрізді сөздер, шоу-бизнес, жарнама, тауар және қызмет көрсету салаларында көптеп кездеседі. Мысалы: «Вооообще жок ко!», «Ол супермен ғой!», «Гламурно все таки, ия», «Мен саган звооондаган едим жоксин гой», «Конешно мен ренжимин саган», «Ойланшы осыган дурыстап» секілді сөздерде қандай мән-мағына бар? Біріншіден, сауатсыз, көрер көзге дөрекі, естір құлаққа түрпідей тиеді.
Иә, расымен әлеуметтік желіде осы тектес жазбалар самсап тұр. Желі пайдаланушыларының жазбаларын оқып отырып, қазақша сауатты жаза алмайтын адамдарға шара қолданар ма еді дейсіз. Бұл түптеп келгенде тілімізді мазақ ету ғой. Бәлкім, бұл олқылықты заң арқылы реттеген жөн шығар.
Қазір сөздердің қай жерде бірге, қай жерде бөлек жазылатынына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Әйтеуір айтайын деген ойын жеткізсе болды. Желісінде жазбаларды оқып отырып кейбір адамдардың сауатсыздығына қарап, іштей қынжыласың. Тіпті ұлт болашағына тікелей жауапты қыз-келіншектердің өзі «күюм», «киум» деп бір сөзден бірнеше қате жіберіп отырғанда, өзгеден не сұраймыз? Күндіз-түні әлеуметтік желіде отыратындар мұндай нәрсеге мән бермей ме, әлде мұның өзге себебі бар ма, әйтеуір, жазбаларына қарасаң көңілің құлазиды. Бұл тілге деген немқұрайлылық емей, немене?
ҒАЛАМТОР ТІЛІ
Зиялы қауым өкілдерін алаңдатып отырған тағы бір мәселе – әлеуметтік желіде қазақ тілінің төл әріптерінің сирек қолданылуы. Көпшілік адамдардың ұялы байланыс телефондарында, планшеттерінде қазақша қаріптер жоқ. Бірақ ғаламтордан ұялы телефондарға арналған арнайы бағдарламаны жазып алуға болады. Өкініштісі, көпшілігі оны жазып алуды қиынсынады. Ал компьютермен желіде отыратын адамдар көп жағдайда қазақ әріптерін орыс қаріптерінде бар таңбалармен алмастырып немесе латын қаріптеріндегі таңбалармен жазады. Мысалы, «салем», «калайсын?», «озин?», «не жаналык?», «нестеп жатсын?», «жаксы», «кайдасын?» деп жазу үйреншікті жағдайға айналғалы қашан?! Бұл салғырттық па, әлде сауатсыздық па?
Жаргондардан бөлек жастардың әрбір сөзінен орыс тілінің компоненттерін де байқауға болады. Мысалы, копировать ету – көшіру, сохранить ете сал – сақтап қой, удалить ет – өшір, комнатамдамын – бөлмемдемін. Орыс тіліне еліктеп, сөздерді қос тілде араластырып айтатындар да, жазатындар да көп арамызда. Өз туған тілінде жарытып сөйлемей, өзгенің тіліне жармасқандарға не дерсіз?
Әлеуметтік желіде сөйлеу тіліне жақын құрылымдар көп қолданылады, яғни сөздің тұлғасын өзгертіп кең жазу да етек алып барады. Біріншіден, жіктік жалғауды түсіріп жазу: отырм – отырмын, ұйктайм – ұйықтаймын, билмейм – білмеймін, егер сөз жалпыға түсінікті болса, дауысты дыбыстарды түсіріп жазу: кдрп – қыдырып, мсқ – мысық, сөзді жөнсіз қысқартып қолдану: раха – рахмет, см – сәлем, сб – сау бол, қс – қалайсың, инет – интернет және тағы басқа. Алғашында іні-сіңлілерімнен келген мына қысқартылған әріптердің мағынасын түсінбей дал болып, қайта сұрадым. Өзімді артта қалып кеткен адам сезінгеніммен, сонша қысқартудың қажеті қанша еді деген ойда қалдым.
Сонымен қатар, сөзді орфоэпиялық норма бойынша таңбалауда не істеватсын (не істеп жатырсың?), барат (барады), келет (келеді), бошы (болшы) деген сөздер қолданылса, кейбір жазбалардан тыныс белгілерді мүлдем таба алмайсың. Ал енді бірі сөйлемнің басын, адамның атын үлкен әріппен жазу деген ережені мүлдем ұмытқан. Міне, осындай жағдайлардан кейін тілдік нормалар қалай сақталсын?! Ғаламтордағы тіл сауатсыздығы күнделікті өмірде де белең ала бастады. Түрлі хаттамаларды, құжаттарды толтыру кезінде сауатсыз жазу дағдыға айналды.
Кейбір мамандардың айтуынша, ғаламтордағы қарым-қатынас тіліндегі біз атап өткен қателіктердің орын алуы заңдылық екен. Ғаламтор тілі – тез әрі ауызекі тілдесуге қолайлы тіл. Оның басты ерекшелігі де осында. Чаттағы орфографиялық және пунктуациялық қателер, ауызекі тіл элементтері, сөйлемдердің қысқаруы, сөздердің орын алмасуының барлығы ғаламтор коммуникацияға тән сипат.
Кім не десе де, сауатсыздық – қоғамдағы ең өзекті, ерекше назар аударар түйткілді мәселе. Ғаламтордағы тілбұзарлықтың алдын алу үшін не істеу керек? Кез келген әлеуметтік желіні пайдаланушы тұлға тіл мәселесіне бейжай қарамай, сауатты жазуға талпынса, ықылас танытса виртуалды әлемдегі сөз мәдениеті түзелері анық.
ТҮЙІН Қорыта айтқанда, жаңа заман жастарын әлеуметтік желісіз елестету қиын-ақ, десек те Ахмет Байтұрсынов айтқандай «тіл тазалығын сақтау – бейпіл, жаргон сөздерді пайдаланбау – біздің патриоттығымыз бен сауаттылығымызды арттырады». Бұл жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматты толғандыруы керек деп ойлаймын. Себебі сауатты сөйлеп, жаза білу – өзіңе де, өзгеге де құрмет.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
10 тамыз 2025 ж. 130 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (10431)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 272
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031