» » Мамандығым – мақтанышым

Мамандығым – мақтанышым

Адам баласы дүние есігін шыр етіп ашқаннан бастап, бұғанасы қатпастан «мен кім бола- мын?» деген сұрақпен өмір сүреді. Өзін әртүрлі мамандық иесіне балап, қызығып, арманының алғашқы қаңқасын құра бастайды. Мен де өзге бүлдіршіндер секілді бала қиялыма ерік беріп, үнемі сабақ түсіндіріп тұрғанымды, мұғалімнің орындығында отырғанымды көп елестететінмін. Осы кезде сол арманымның бір сатысына жеткеніме қуаныштымын әрі өмірімнің соңына дейін өкінбек емеспін. Бүгінде бала шақтағы арманым болашақтағы наным болғалы отыр.
Байқағандарыңыздай, мен таңдаған мамандық – ұстаздық жол. Жай ғана ұстаз емес, соның ішінде сөз өнерінің асыл қазынасын одан әрі айшықтай түсетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды өмірілік жол ретінде таңдадым. Себебі, біріншіден «Неге арналсаң, соны жаса» деп хакім Абай атамыз айтпақшы, кеудемде соғып тұрған кішкентай лүпілдің таңдауына құлақ түргенде, өзімді қос жанары оттай жанған балапандармен ғана елестетіп, сол салаға арналып туғандай сезіндім. Екіншіден, сан ғасырлық мұраларымыздан белгілі қазақ тілі – рухты тіл. Талай аузы дуалы билер мен шешендер, хандар мен төрелер, отты тілімен талай дауды жеңіп отырғаны тарихымыздан белгілі. Осындай қасиетті тіліміздің тарихын, сонымен қатар әлемді таңғалдырған ауыз әдебиетімізді келешек ұрпаққа үйретпеу мен үшін нағыз қылмыспен тең.
Мен – мамандығыммен мақтанамын. Неге десеңіз, қызығы мен шыжығы мол осынау мәртебелі мамандықты кез келген тұлға таңдай алмайды. Бұл мамандықты тек шын жүрегімен жақсы көріп, мол жауапкершілікті сезіне білген адам ғана таңдайды деп есептеймін. Тіпті, басқа мамандықтармен салыстыруға келмейтін, сыры көп әрі киелі мамандықтардың бірі. Осы тұрғыда «сол киелі мамандық иесінің болмысы қандай болуы керек?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі, бұл мамандыққа деген сұраныс күннен-күнге артуда. Сұраныс артқан сайын болашақ ұстаздарға қойылар талап та күшеюде. Алайда, бір қынжылатын тұсымыз қазіргі таңда жастардың басым көпшілігі мұғалім мамандығына тек жақсы жалақысы үшін оқуға түсуде. Мұғалім болу арқылы ұлттың тағдырын шешетіндігін кей жастарымыз әлі де түсінбегендей. Университет қабырғасында білім алу барысында-ақ көпшілігінің жай диплом үшін жүргендігін тым жиі аңғарамын. Жай келіп-кету, сылдыр су әңгіме, сабақ айттым деген жай атақ, мұғалім үшін оқу. Иә, мұның бәрі менің күнделікті көріп жүрген болашақ мұғалімдердің сипаты. Осыдан кейін қалай болашақ педагогтерге жастарымыздың тағдырын тапсыра аламыз? Өзгеден бұрын өз нәпсісін тәрбиелей алмай жүрген келешек ұстаз кейінгі жастарымызға не үйретпек? Тыңдар құлақ болмаса айта-айта сіз де, біз де шаршаймыз ғой? Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Мен де келешек педагогпын. Көптің бірі болғым келмегендіктен болар, «ұстаз» деген атаққа лайықты әрі заман талабына сай болуым үшін қазірден ізденіс үстіндемін. Қараңғы жолда жеті қарақшыдай жанып, жол көрсететін тіл маманы болу үшін қан майданда соғысып жан тапсырмасам да, қасық қаным қалғанша жаумен тайталаспасам да, іліміммен қаруланып, білімімді биік шыңға жеткізу үшін аянбай тер төгемін. Тіпті, қазірден-ақ бастап кеттім десем болады. Мәселен, жазғы демалысымда аз қамтылған отбасылардың балапандарына тегін қосымша сабақ беремін әрі әрбір білім алушының қазақ тіліне деген махаббатын ашып, ұлтжандылығын ояту үшін сүбелі үлесімді қосып жүрмін. Биыл ҰБТ-ға бір білім алу-шыны тегін дайындап, мемлекеттік грантқа оқуға түсірдім. Мен үшін ақы маңызды емес, келешек жастардың сауатты болуы аса маңызды. Келешек ұрпаққа титтей болсын дамуына өз үлесімді қосуыма себепкер болып жатқан менің мамандығымның көпқырлылығы мені қашанда тәнті етеді. Бос уақытымда қазіргі таңда өзекті болып жүрген тіл мәселелерін зерттеумен айналысамын. Бұл әрекеттерімнің барлығы мамандығымды шынайы жақсы көруімнің нәтижесі. Оны жақсы көргенім сонша шаршаудың өзінен де ләззат аламын.
Қорытындылай келе, адам өзінің кім екендігін білгеннен соң бар ғұмырын ілім тоқуға арнағаны жөн. Білім алудың түп қазығы әрі кіндігі – еңбек. Адал нәпақа табудағы еңбек жолым осы ғылыммен, ұстаздық жолмен байланысты екендігі мені қашанда қуантады. Барлық ұстаздар жаққан әлемдік сәулеге өз үлесімді қосуыма мүмкіндік берген мамандығым – менің мақтанышым!
Нұрайым ЖАСҰЛАНОВА
09 маусым 2024 ж. 137 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 966

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930