МЕДИАЦИЯ – ТАТУЛЫҚ ПЕН ТЫНЫШТЫҚ КЕПІЛІ
Азаматтық қоғамның озық үлгісі медиациялық жол. Медиация – ымыра, бітім, татулық пен тыныштық кепілі. Қоғамның құқықтық мәдениеті дамыған сайын бұл институтта бірге дамып, жетіліп, түрленіп, ауқымы кеңіп келеді. Ол біздің елдегі тыныштық пен татулықтың бастауы.
Бітім азаматтық жетілу мен құқықтық мәдениеттің қалыптасу индикаторы, ол қарапайым халықтың даму деңгейін жоғарылатады, кешірім мен мәмілеге келудің тиімділігін айқындайды. Қазақстанның бүкіл аумағы қазіргі таңда медиацияның қажеттілігін, оның ауқымының кеңейгенін қалайды. Өйткені ол даудың ұлғаймай, шиеленіспей өзара түсіністікте, дипломатиямен шешілуіне кепіл. Медиацияның әлеуетін ұтымды пайдалану қоғамда орын алатын дау-дамайларды оңтайлы реттеу арқылы, ішкі бірлікті бекемдеп, ел іргесінің аман болуына үлес қосады.
Медиация терминінің мазмұны халқы үшін ежелден таныс ұғым, кейіннен қосылған жаңа термин, жаңа үрдіс емес. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген ұстаныммен талай билер ел мен елдің, ауыл мен ауылдың арасындағы шиеленіс, ұрыс-керіс, дау-дамайды шешкен. Халық та аузы дуалы, елге қадірлі, кесімі тура билердің сөзіне ұйып, айыбы ауыр болса да кінәлі тарапты кешіріп, аталы сөзге тоқтаған. Сол себепті қара қылды қақ жарып, әділдігін айтатын билердің сөзі ел бірлігін сақтап, дауласушы тараптарды бітімге келтірген. Олар «бітімгер», «мәмілегер», «татуластырушы» атауларымен аталған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағиданы берік ұстанған билердің мәртебесі әрқашан ел ішінде биік тұрған, олардың кесімді сөзі елдің бірлігін, жердің тұтастығын сақтауға ықпал еткен. Осы жолды ұстанған, бүгінгі сот саласы да азаматтық процестік кодексінде медиаторлардың, адвокаттардың қатысуымен татуластыру рәсімдерін қолдануды кеңейту – дауды бейбіт жолмен шешуді әділ төреліктің бір жолы есебінде қарастырады.
«Медиация туралы» заңда медиаторлар ғана емес, судьялар мен адвокаттардың да татуластыруды жүзеге асыру міндеті көрсетіледі. Тараптарды татуластыру үшін шаралар қолдану және дауды сот процесінің барлық сатыларында реттеуге жәрдемдесу азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерінің бірі саналады.
Е.МӘТЖАНОВ,
аудандық сот әкімшісінің басшысы