» » АЙҒАЙЛАМАЙТЫН АНА

АЙҒАЙЛАМАЙТЫН АНА

Бала бойындағы табиғи қасиет пен адами құндылық отбасында, мектепте, қоршаған ортамен қарым-қатынасы негізінде қалыптасады емес пе?! Әрине, тәрбиенің негізі – ата-анада.
Ата-ананың кейбірі баланы ұрып өсіреді. Қолына түскенімен қойып қалады, қағып түсіреді. Иә, бала мейірім емес, таяқ жеп өсіп келеді. Бәзбіреулер «таяқпен де өстік, жаман болғанымыз жоқ» деп жатады. Дегенмен қазіргі заман басқа, қоғам басқа, ал баланың психологиясы тіптен бөлек.
Қазір қоғам өзгерді ме, әлде ата-ананың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі төмендеді ме, әйтеуір, соңғы кезде бала тәрбиесінде бейқамдық байқалады.
Жақында Хатидже Кюбра Тонгардың «Айғайламайтын аналар» атты кітабын қолға алдым. Бұл кітап ата-ана болудың қаншалықты маңызды рөл екенін көрсетеді. Расында айғайламайтын ана болу – тек балаға дауыс көтермеу емес, кез келген жайтты баланың санасы қабылдайтындай етіп сабырлы түрде жеткізу. Ол деңгейге жету оңай емес, себебі бәріміз де адамбыз, ашу-ызаға ерік береміз. Перзентіміз саналы да сабырлы болып өсуі үшін, «отбасы» және «ана» деген сөздер жүрегіне жылулық сыйлауы үшін әуелі өзімізді тәрбиелегеніміз жөн. Бұл кітап аналар үшін бала тәрбиесіндегі көмекші құрал ретінде қызмет етеді. Кітапта айғайламайтын ана болумен қатар, аналардың не себепті ашуланатынын, мәселені қалай шешуге болатынын көрсетеді.
Ана – ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі. Оның сөзі, көзқарасы, тіпті үнінің ырғағы да баланың жүрегіне өшпестей із қалдырады. Қарапайым күнделікті тірлікте ашуға бой алдырмай, балаға айғайламай, сабырмен сөйлесу әр анаға оңай тимесі анық. Дегенмен айғайламайтын ана – мықты ана. Ол баласын ұрыс арқылы емес, үлгі арқылы тәрбиелейді.
Айғай балаға не береді деген сұраққа келсек. Бұл – тәрбиенің құралы емес, керісінше қарым-қатынасты суытатын бөгет. Баланың жүрегі нәзік, ол әр сөзді, әр үнді ерекше қабылдайды. Айқай естіген сайын оның бойында қорқыныш ұялайды. Сенім азаяды. Ертең ол өз ойымен емес, «ұрыспас үшін не істеу керек?» деген үреймен өмір сүруі мүмкін. Мұндай бала ашық, еркін бола алмайды.
Айғайламайтын ана қандай болады? Ең алдымен, ана өз эмоциясын басқара алуы тиіс. Ол бала тәрбиесінде мейірім мен түсіністікті алдыңғы орынға қояды. Қатты сөздің орнына сабырмен мән-жайды түсіндіреді. Баласына сенеді, оны тыңдайды, пікірін сыйлайды. Жазалаудың орнына – жол көрсетеді. Ұрыстың орнына – үлгі ұсынады. Ананың мейірімі – бала үшін қауіпсіздік пен сенімнің кепілі.
Айғайсыз тәрбиені көпшілігі мүмкін еместей көреді. Бұл үшін алдымен ана өзін тәрбиелеуі тиіс. Сабыр, шыдам, өзін-өзі ұстау – ананың басты қасиеттері болуы керек. Бала балалықпен қателеседі, оны түсініп, дұрыс жолға салу – ананың парасатына байланысты. Балаға қатты сөйлемей-ақ айтқыңыз келген дүниені жеткізудің бірнеше жолдары бар. Кітапта бұл тақырыпты жан-жақты қозғайды. Әуелі анаға тынышталып барып сөйлеуге кеңес береді, яғни эмоциямен емес, ақылмен айту маңыздырақ. Сұрақ қою арқылы да мәселені оң бағытта шешуге болады.
Айқай – әлсіздіктің белгісі, ал сабыр – күштің көрінісі. Айғайламайтын ана – өз баласын жүрекпен тәрбиелейтін тұлға. Оның әр сөзі балаға өмірлік бағдар, әр әрекеті мейірім мен даналықтың белгісі. Сол себепті айғайламайтын аналар көбейсе қоғамда өзіне сенімді, жүрегі таза ұрпақ өсері сөзсіз. Себебі жақсы ана – ұрпақтың ғана емес, ұлттың бағын ашатын ұлы ұстаз.
А.АХМЕТ
31 шілде 2025 ж. 104 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№57 (10425)

01 тамыз 2025 ж.

№56 (10424)

29 шілде 2025 ж.

№55 (10423)

26 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 162
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031